#
#
Дүйсенбі 24/04/2017

Жүрсін Ерман Иманғали Тасмағамбетовке дат айтты

  • 02.01.2017
  • 8
  • 28622

Танымал айтыс жүргізушісі, белгілі ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман Иманғали Тасмағамбетовке өзін мазалаған мәселелерге байланысты базына айтты. Айтыс жанашыры Үкімет басшысының орынбасарына бағытталған арыз-шағымын әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады. 

***

Ызалы жүрек, долы қол
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе жайы сол -
Жек көрсеңдер өзің біл.

Абай

Мен бұл сөздерді ашу-ыза үстінде жазып отырмын. Артық кетсем, Алла Тағаланың өзі кешірер.

Ақиқатын айтар болсам, бұл жазба - Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтың "дәргейіне жетер ме екен" деген дәмемен жазылуда. Өзі оқымаса да, шылауында жүрген әріптесіміз Жүнісбек Сұлтанмұратовтың көзіне шалынарына күмән жоқ.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма Төрағасы ретінде даусымды шығарып, тұяқ серіппеске әддім жоқ.

И.Тасмағанбетов Алматының әкімі болып тұрған кезінде бір рет айтысқа келген ақындарды қабылдап, Д. Қонаевтың ас ішкен бөлмесінде айтыскерлерге шай беріп құрмет көрсеткен. Одан басқа, айтысты Парижге апарамыз дегенде арнайы ұшақты 3-4 күнге жалдап әперген мәрттігін де ұмытқан жоқпыз. Барлығын Алаш баласына аңыздай жырлап айтумен келеміз.

Сол қамқоршымыз былтыр үкіметке орынбасар болып келгенде енді айтыстың айы оңынан туар деп бөркімізді аспанға атып қуандық. Сол бөркіміз әлі жерге түскен жоқ, ал қуанышымыз желге ұшып кетті. 

Біріншіден, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген атамұра өнеріміздің xалықаралық сертификаты Астанаға келгенде соның тапсырылу салтанатынан ресми Одағымыз тысқары қалды. Одағымыз жоқ сияқты, қолайсыз екен.

Екіншіден, іле-шала тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 мың адамға сөлкебай таратылып жатқанда, бір де бір айтыскерге ресми құрмет көрсетілмеді. Жылдағы жағдай тағы қайталанды. Одақ жыл сайын қанша ұсыныс жасап жатса да, тәуелсіздікті жырлаумен таңдайы тозып келе жатқан бір айтыскер ақынға не орден, не медаль не құрметті атақ бұйырмайды. Жылда осы. Не Президенттің, не мемлекеттің стипендиясы тимейді. Тым болмаса, мәдениет министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" деген төсбелгісіне тең көрмейтіндей бұл сорлы айтыскерлер кімнен кем еді? Алаш баласының азаттықты аңсаған арманын асқақ жырға арқау етіп, руxымызды көтерген, елді руxани тәуелсіздікке тәрбиелеген, ел тәуелсіздігінің салтанатын талмай жырлап келе жатқан атамұра өнердің мұрагерлерін той үстінде арқадан қаға салса қайтеді? Сонша кешпейтіндей не айтылып еді?

Үшіншіден, ызамызды шарасынан шығарған соңғы оқиға. Айтысқа қол созған біреудің атын атап қалсақ, соған кесірім тие ме деп қорқатын болдық.

3-4 желтоқсанда өткен "Алтын домбыра" айтысын көрсетуге еш арна ықылас танытпаған соң, Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.О.Қырықбаев Еуразия телеарнасының басшысына жалынғандай болып түсіртіп алып еді. 31 желтоқсан мен 1,2 қаңтарда көрсетеміз деп жарнамаланған сол айтыстың орнына қайдағы бір әлекей-шүлекей шатпақ көрсетіліп жатқанына үш күн болды Бұл не мазақ? ЮНЕСКО-ның қарамағына алынып xалықаралық заңнамалармен қорғалатын айтысымыз осы ма? Тіпті, дәл осы айтыста Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіздікке сіңірген еңбегін асқақтата жырлағаннан бөтен сөз жоқ еді ғой! Әлде бұл бағытымыздың да біреулерге жақпайтын болғаны ма? Айтысты қанатының астына алған "Нұр Отаннан" да ықпалды күштер бар ма? Онда айтысты өз қаржыларына өткізіп, жергілікті телеарна арқылы көрсетіп, Елбасының саясатын табандылықпен жүргізіп келе жатқан Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев, Бақтықожа Ізмұxамбетов, Нұрлан Ноғаев және Бауыржан Байбек сияқты азаматтарға Халық Қаһарманы атағын беру керек қой.

Осы арыз-мұңымызды И.Н. Тасмағанбетовке айтпағанда кімге айтамыз?!

Қазақты естір бір құлақ қалды ма?! 

Кейде екі қолымды төбеме қойып, 150 айтыскерді соңыма ертіп, басқа, бөтен бір елге жер ауып кеткім келеді.

Жүрсін Ерман

Ұлт порталы

8 пікір

  • ШакірДүйсенбі, 02.01.2017

    Төбелегілердің ой арманы басқа жақта сияқты. Айтыскер, қазақы жазушылар,термешілер, қазақ салт-дəстүрін,мəдениет дəріптеушілер тыс қала береді. Əкім, министрлерге не деп береді, тексерсе былығы тау басындай?

  • АйДүйсенбі, 02.01.2017

    Сізді жəне командаңызды халық жақсы таниды жəне жақсы көреді. Сіздердің бағаңызды халық береді. Ер аға аман болыңыз!

  • Қыр баласыСейсенбі, 03.01.2017

    Дұрыс айтасыз. Кім көрінген алып жатыр ғой.

  • ҚазақСейсенбі, 03.01.2017

    Халық Қаһарманы деген атақты ,,,,кез келген адамға беріле бермейтін атақ,,,Ал Тасмағанбетовке тіл тигізетіндеі Журсін аға Тасмағамбетовтың жасаған еңбегін жасаған жоқ әлі халыққа,,,тек айтыстың бас-касында жургені болмасаBанғали сияқты халыққа қызмет жасаған жок,,артта қалып койган қалаларды котерды,,халыктын алеуметтік жағдайын жасады Әкім болып журген жерлерынде,,,Қорғаныс Министрі болып турганда Жер дауында Халыққа Әскерді қарсы коймаймын деп Укіметке Тура айтты,,,Ал Журсін аға мысалға не істеді ЖЕР дауында,,,Имағали Тасмағамбетов нағыз басшы болуға лайықты қайраткер,,,ол кісінің атына кір келтіруге қарсымын,,,

  • Нурсултан Сейсенбі, 03.01.2017

    Өте дұрыс жазылған екен деп есептеймін. Өйткені теледидар көрмейтін қазақ жоқтың қасы, сол теледидар арқылы егер айтысты көрсетіп жатса халық көреді, содан кейін ойланады. Бала кезімде әжем айтыс көргенде бірге еріп көріп отыратын едік..

  • ҚайыржанCәрсенбі, 04.01.2017

    Оңды-солды мақтау, жалған жарамсақтану оларды да мезі еткен шығар. Бір-екі азулы айтыскерді айтса айтты деп, соңына ит қосып қуасыңдар.

  • ҚазақCәрсенбі, 04.01.2017

    Айтысты сәләфилік ағым иелері елдің салт-дәстүрін қаралаушы қару қылып алды. Соны теледидардан көрсетпегені абзал болып қалды-ау!!! Себебі сәләфиттер енді қазақтың қазақтығын сақтауға үлес қосып жүрген айтыс өнерін, сол сорлы қазақтың өзіне қарсы арабқұл, мәңгүрт жасау саясатына жымысқы пайдвлвнып жатыр!!! Өкінішті!!!

  • СерікбайCәрсенбі, 04.01.2017

    Айтыскерлер несіне ренжиді? Әр жерде айтқан, тәуелсіз баспасөзде күнде жазылып жүрген "қазақ проблемасын" шала-шарпы айтқанын міндетси ме? Бұрын алды 40-тан машина мінсе, қазір де құр қалып жатқан жоқ. Әр айтыста 200 000-нан 5 млн.-ға шейін ақшалай жүлде алып қайтып жүр. Айтыста ешбір әділдік те жоқ. Тәуелсіз сарапшы, ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері қазылар тобында жоқ. Халық пікірі ескерілмейді. Үкіметке көз сатып, медаль, орден, атақ сұрау не сұмдық. Таңертеңнен кешке дейін көз майын тауысып жүрген әдебиетші ғалымдарымыз мемлекеттен бір жапырақ алғыс хат алмай-ақ, азғана жалақысын талғажау етіп, ештеңе дәметпей-ақ жүр ғой. Рас, ақын - халықтың адамы. Бірақ қараша халықтан артық емес қой. Қанағат керек. Өздеріңе де обал жоқ. Нұр Отанның жырын айтып, енді олардан бірдеңе дәметіп жүргендерің ақын аттарыңа лайық па?! Алла сабыр берсін! Аларсыңдар...

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар