14 қар, 2017 сағат 06:45

Журналистика факультеттерін жабу мәселесіне қатысты бірер ой

Желіде қызу талқыланып жатқан журналистикаға қатысты орайы келген бірер ой:

1. БАҚ-тың бірнеше саласы бар екені белгілі. Бұл орайда "Әнші қаптап кетті" деген сөздің негізінен БАҚ-тың бір түріне – телеарнаға қатысты екенін ұмытпаған абзал. Мысалы газет-журналда яки интернет редакцияларда әнші/тамадалардың жұмыс істеп, напақа тапқанын көре бермейсіз. Онда әлі де журналистиканы оқығандар немесе соған бір табан жақын, қолында қаламы бар мамандық иелері қызмет етеді.

2. Телеарнадағы бағдарламаны әнші немесе актер жүргізсе, бұл олардың журналистиканы жаулап алғанын білдіре қоймас. Ол жүргізушінің артында редакторлар мен сценарий авторлары, яғни журналистер мен қалам иелері бар. Сондықтан интеллект, ой, пайым мен қалам барда журналистика өміршең бола бермек.

3. Журналистиканы жоғары деңгейде меңгеру үшін ең әуелі адамның жаны журналист болуы шарт. Одан кейін журналистиканың түрлеріне байланысты салалық терең білім, тәжірибе мен одан туатын біліктілік қажет. Бұл ретте қазақ тілінде оқулықтар мен зерттеулердің тапшы екені де белгілі. Мәселен, осы салаға келгенде медиа-менеджментке қатысты кітаптарды іздей бастадым, алайда қазақ тілінде мардымды дүние таптым дей алмаспын. Сондықтан шет тілдерде жарық көрген салаға қатысты озық әдебиеттерді аударған жөн. Сонымен қатар өндірістік тәжірибе де маңызды. Бұл ретте "Егемен Қазақстан" еліміздегі барлық журналистика факультеттерінің студенттерін тәжірибеден өткізуге әзір екенін айтқым келеді.

4. Қазір журналистиканың міндеті тек жалаң ақпаратты жеткізумен ғана шектелмейді. Ақпарат жеткізуде тіпті әлемнің ең жедел ақпарат агенттіктерінің өзі қазір балама БАҚ-пен - әлеуметтік желімен бәсекелесе алмайды. Қазір оқырманға/көрерменге мәселенің мәнін терең түсінуге септесетін сараптамалық талдау, құндылығын жоғалтпайтын танымдық материал көбірек керек. Сондықтан журналистикада шеберлік шыңдағысы келетіндердің шет тілдерін үйреніп, өзге (саясаттану, философия, әлеуметтану, өнертану, заң, менеджмент тб) салаларда магистратура оқып алғандары жөн деп ойлаймын. Белгілі бір саланы жетік білетін, шет тілін жетік меңгерген сарапшы-журналистер қайда болса да өз орнын табатыны анық.

5. Біреу өзінің дарынымен, біреу өзінің жүйелі дайындығымен журналист болатыны белгілі. Біреуге - кәсіп, біреуге - нәсіп дегендей. Ал сол дарындыны бағыттап, талапшылды тура жолға түсіру үшін журналистика мектептері қажет-ақ. Сондықтан КСРО-дағыдай журналистерді жалғыз ҚазҰУ дайындасын демес бұрын, КСРО мен бүгінгі Қазақстандағы БАҚ санын салыстырған абзал болар. Қателеспесем, ол кезде телеарна, радио, газеттерді бір қолдың саусақтарымен-ақ санауға болатын. Қазір оларды санап шығудың өзі қиын. 

6. Журналистика факультеттері тек БАҚ-та ғана емес, сол БАҚ-пен және халықпен жұмыс істейтін баспасөз қызметі мамандарын да әзірлейді. Орталық және аймақтық мемлекеттік органдардың бәрінде баспасөз қызметі бар және оның әрқайсысында кемі 5-6 маман жұмыс істейді. Қызметтің бұл түрі ірі компанияларға да тән. Ендеше журналистика факультеттері көптік етпейді.

7. Журналистика факультеті ең бастысы, еркін ойлы азаматтарды тәрбиелейді. Ол осынысымен де қымбат. Еліміздегі ең өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтарды насиxаттап жүрген азаматтар көбіне журналистер арасынан шығып жататыны да сондықтан болса керек.

Дархан Қыдырәлінің фейсбуктегі жазбасынан