27 мау, 2017 сағат 12:13

Журналист Елбасынан алған сыйақысын қайырымдылық қорына аудармақ

Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова үздік журналистерге Президент сыйлығы мен гранттарын табыстады. Салтанатты жиында «Хабар» арнасының тілшісі Майра Әбдірахманова президент сыйлығынан алатын қаржысын қайырымдылық қорына аударатындығын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен үшін Президент сыйлығын алу үлкен бақыт. Біріншіден Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, әрі «Хабар» агенттігі мен «24 KZ» ұжымына, ҚР Президентінің баспасөз қызметіне және кандидаттарды іріктеп алған беделді комиссия мүшелеріне алғысымды білдіремін. Бұл – ұжымның жетістігі. Мен телевидениенің табалдырығын осыдан 30 жыл бұрын аттадым», - деді ол.

Осы ретте тәжірибелі журналист алған сыйлығын «Мейірімділік» қайырымдылық қорына аударатындығын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, бұл қорды әріптесім, журналист Аружан Саин басқарады. Елбасы өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығынан алған қаржысын осы қорға аударған болатын. Нәтижесінде 29 бала өлім аузынан құтқарылды. Оларға шұғыл түрде операция жасалды. Менің ойымша, балаларға әлі де көмек керек. Сондықтан біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алуымыз керек», - деп түйіндеді сөзін Майра Әбдірахманова.