06 мам, 2020 сағат 10:41

Жұмыссыз қазақстандықтар құны 400 долларлық курсты тегін оқи алады

Халықты жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздарға төтенше жағдай кезінде қашықтықтан білім мен дағды алу мүмкіндігі жасалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай режимінің енгізілгеніне байланысты Coursera жаппай онлайн білім беру платформасымен келісімге келіп, Халықты жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша онлайн-режимде курстардан өту мүмкіндігіне қол жеткізді. Ақылы негізде бір курс бойынша оқыту шамамен 400 АҚШ доллары тұрады. Алайда қол жеткізілген келісім аясында жұмыссыз қазақстандықтарға бұл мүмкіндік тегін беріледі», - делінген аталған министрлік таратқан ақпаратта. 

Ведомство мәліметінше, жоба аясында азаматтар 298 курс бойынша білім ала алады. IT, гуманитарлық ғылымдар, экономика, физика, медицина, кәсіпкерлік, маркетинг сынды бағыттар бойынша оқуға болады. Курстардың ұзақтығы 6-дан 10 аптаға дейін созылады. Курстар тапсырмалардан, апталық жаттығулардан және кейде қорытынды жобадан немесе емтиханнан тұрады.

«Пандемияға байланысты бүкіл әлемде цифрлық технологиялар, оның ішінде онлайн-білім де кеңінен таралуда. Қазақстандықтар да оларды белсенді пайдалануда. Өйткені төтенше жағда й режимі офлайн өзара іс-қимылды шектейді. Сонымен қатар, бұл ыңғайлы да. Себебі кез-келген уақытта және үйден шықпай-ақ білім алуға болады. Бірақ, біз үшін отандастарымыздың төтенше жағдай аяқталғаннан кейін бәсекелі жалақысы бар перспективалы жұмыс тапқаны маңызды. Бұл жерде үміткердің дағдылары мен білімі маңызды рөл атқарады. Сондықтан келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде 2020 жылдың соңына дейін 50 мың жұмыссыз қазақстандықты тегін оқытуға келістік», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Жобаға қатысу үшін ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелу жеткілікті. Coursera.org сайтына тіркелу кезінде enbek.kz-те көрсетілген электрондық поштаның мекен-жайын немесе жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді пайдалану өте маңызды.