17 шіл, 2018 сағат 13:58

"Жұлдыз" журналында ребрендинг

Ғасырға жуық тарихы бар еліміздің бас әдеби басылымдарының бірі - "Жұлдыз" журналында ребрендинг болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚЖО басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезекке сілтеме жасап. Бұл ақпаратты белгілі ақын фэйсбуктағы парақшасында бөлісті.


«Жұлдыз» журналының атауы латын қарпіне көшті. 2018 жылғы №6 санынан бастап журналдың атауы латын қарпімен басылып, жаңа логотиппен және жаңа дизайнмен шығып жатыр. Бұл ребрендинг тек логотип пен дизайнға ғана қатысты емес, мазмұндық, тақырыптық тұрғыдан да жаңарады деген сөз. 

Қазақстан Жазушылар одағына қарасты 90 жылдық тарихы бар журналдың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Жұлдыз» журналы қазақ публицистикасының бастауында тұрған «Шолпан», «Таң» журналдарының ізбасары. Әр жылдары «Жаңа әдебиет», «Жыл құсы», «Әдебиет майданы», «Майдан», «Әдебиет және искусство» деген атаулармен шығып тұрған.

Журналдың алғашқы редакторы қазақтың біртуар ақыны Сәкен Сейфуллин болған. Сапалы әрі мазмұнды басылым деңгейіне көтерілуіне қазақ әдебиетінің классиктері Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Мағауин және т.б. қаламгерлер көп еңбек сіңірген.

Бір ғасырға жуық уақыттан бері әдебиетіміздің шежірешісіне айналған «Жұлдыз» енді міне, жаңаша дизайнға, жаңаша мазмұнға көшіп рухани жаңара түсті. БАҚ-ның ішінде алғашқыларының бірі болып латын қарпіне көшуді бастағанының өзі қоғамның даму үдерісін үнемі бақылауда ұстап, жас буынға өнеге көрсете алатын журнал екендігінің көрінісі.

Ай сайын мазмұнды мақалалар мен шұрайлы көркем туындыларды оқып отырғыларыңыз келсе, баршаңызды «Juldyz» журналына жазылуға шақырамыз!" – дейді Ақберен Елгезек өз жазбасында.

Ұлт порталы келбеті мен мазмұны жаңарған қабырғалы басылым ұжымының алдағы жұмыстарына сәттілік һәм шығармашылық шабыт тілейді!