06 қыр, 2019 сағат 17:09

ЖСДП өз басшысын партияның қатарынан шығарып тастады

"Ақиқат" жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы жаңа басшыны сайлап алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Саяси ұйымның мүшелері өз көшбасшысы Ермұрат Бәпиді партияның қатарынан шығарып тастады. Оның орнына Асхат Рақымжанов сайланды. Бұған дейін жаңа басшы партияның астаналық филиалын басқарған.   

Партияның Алматы қалалық филиалының жетекшісі Тазабек Самбетбайдың айтуынша, бұрынғы басшы өзіне жүктелген міндеттерді толығымен орындай алмады.   

"Ол басшы ретінде біліксіз болды және саясаткер ретінде қалыптаспады. Бізде қазақстандық заңнама бойынша сотталған адамдардың сан алуан топтарымен келіссөз жүргізгені туралы дәлелдер бар. Бұдан бөлек, саяси ұйымды басқару әдістеріне қатысты сын-ескертпелер болған", - дейді Сәмбетбай.  

Айта кетейік, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясын 2006 жылы 7 тамызда құрылған болатын. Сол кезде партия төрағасы қызметіне Жармахан Тұяқбай сайланған. 2009 жылы аталған саяси ұйым мен "Азат" демократиялық партиясы бірігіп, "Азат" жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясын құрды. Жармахан Тұяқбай мен Болат Әбілов жаңа ұйымның тең төрағалары болды. Ал бас хатшы қызметін Әміржан Қосанов атқарды. 

2012 жылы партия парламент мәжілісінің сайлауына қатысты. Бірақ сайлаушылардың 1,59% дауысын жинап, мәжіліске өте алмады. Төрт жылдан кейін тағы да осы сайлауға қатысып, 1,18% дауыспен өтпей қалған.

2019 жылы 6 сәуірде саяси ұйым "Ақиқат" жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы болып қайта құрылды. Төрағасы болып журналист Ермұрат Бәпи тағайындалған болатын.