14 мам, 2020 сағат 13:12

Жошы ханның кесенесі Сарыарқада тұрғанын көпшілік біле бермейді - Дархан Қыдырәлі

Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Ұлық Ұлыс – Ұлы дала тарихы» халықаралық онлайн конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық түркі академиясы бұл жұмыстарға 2015 жылдан, яғни Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткеннен кейін кірісіп кеткен. Атап айтқанда, 2016 жылы Кентай аймағына халықаралық экспедиция жүргіздік. 2017 жылы «Кентайдан Ұлытауға» деген халықаралық экспедиция болды. 2018 жылы біршама кітап шығарып, жиындар өткіздік. 2019 жылы Парижде үлкен халықаралық конференция өткіздік. Нұр-Сұлтан, Тараз, Бішкекте үлкен жиындар болып, жиырмаға тарта кітап шығарылды. Атап айтсақ, соның ішінде Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тарауих» 5 томдық кітабынан бастап құжаттар жинағы бар. Ең соңғы жарық көрген кітап - Берке хан туралы монография», - дейді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Ол ұлыстың тарихына қатысты бірнеше мәселенің басын қозғады.

«Конференция өтпес бұрын ұлыстың тарихына қатысты бірнеше фильм қарап шықтым. Бұл объективті пікір деп айта алмаймыз, бірақ осыған байланысты бірнеше мәселені айтып өткім келеді. Бірінші, ұлыстың аталуы «Алтын орда» деп қалыптасқан. «Орда» деген сөздің өзі белгілі бір тілде жағымсыз кейіпте қолданылғаны белгілі. Сондықтан бұл «Алтын орда» кейін пайда болған атау екенін білеміз. 750 жылдық аясында «Ұлы ұлыс» деген атау екінші орын алуы керек деп ойлаймын. Оның құрылуын көбіне Шыңғыс хан, Жошымен, Батумен байланыстырамыз, бірақ ол Талас құрылтайынан басталған. 1269 жылы Талас құрылтайы қайда өткеніне байланысты дау-дамай да көп, әркім әртүрлі пікір айтады. Археологтардың пікірлері бар, біз де белгілі бір қорытынды жасап отырмыз, ол туралы мәлімдейтін боламыз. Талас құрылтайы туралы кітаптар жоққа тән. Ұлыстың атасы Жошы ханның дүниеге келуі де, дүниеден өтуі де - жұмбақ. Оған байланысты көзі тірі кездің өзінде алыпқашпа әңгімелер болғаны анық. Жошы ханға байланысты кеңестік кезеңде археологиялық қазба жұмыстары басталғанымен, тоқтап қалған. Бұл антропологиялық жұмыстармен астасуы керек. Жалпы оның кесенесі бүкіл Шыңғыс хан және оның әулетіне қатысты жер бетіндегі жалғыз ескерткіш екенін айта кеткен жөн. Жошы ханның кесенесі Сарыарқада тұрғанын көпшілік біле бермейтінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып кетті. Ұлы ұлыстың 750 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстар көп деп ойлаймыз. Бұл рухани, мәдени тұрғыда адамзат тарихында қандай із қалдырғаны туралы да әлі жазылады. Ұлы ұлыстың тарихын оның құрамында болған қазіргі мемлекеттер күш біріктіргенде ғана біз жүйелі жұмыстарға қол жеткізе аламыз», - дейді ол. 

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен ҚР БҒМ Мемлекет тарихи институтымен бірлесіп өткізген халықаралық онлайн-конференцияның мақсаты - Алтын Орда дәуірінің Еуразия мемлекеттерінің тарихындағы рөлі мен оның ауқымды және кешенді зерттелуі, археология, тарихи экономика, тарихи география, нумизматика және басқа да гуманитарлық ғылымдардың, сондай-ақ, деректану мен эпиграфиялық зерттеулерді ынталандыру.