06 қар, 2016 сағат 08:19

Ж.Омар: Діни экстремизммен күресте ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс атқаратын боламыз


Ел бойынша Үкіметік емес ұйымдар арасында саны және сапасы жағынан алдыңғы орында тұрған Шығыс Қазақстан облысы эксремизмнің алдын алуда да ҮЕҰ мүшелерімен бірлесе жұмыс жасамақ. Бұл жайлы ШҚО-да өткен ҮЕҰ форумы барысында облыс басшысының орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді. 

Аймақта өткен форум барысында облыстағы үкіметік емес ұйымдар 25 жылда атқарған жұмыстарының көрсеткіштерімен бөлісе отырып, алға қойған мақсаттарын да айтып өтті. 

– Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан ҮЕҰ саны, атқарған жұмыс сапасы бойынша алдыңғы орында тұр. Келер жылы ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. Осы орайда біз ҮЕҰ арқылы көрменің маңызы мен тиімділігі жайлы ақпаратты тұрғындарға жеткізуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, діни экстремизммен күресте, халық арасында бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуда да ҮЕҰ бірлесе жұмыс атқармақпыз, – деді Жақсылық Омар.

Сонымен қатар, ШҚО мәслихатының депутаты, облыстық Азаматтық Альянс төрағасы Олег Чернышовтың айтуынша, атқарушы билік пен үкіметтік емес сектор арасындағы байланыс түрлі салада нығайып келеді. 


– 1990 жылдан бері облыста ҮЕҰ жергілікті атқарушы билікпен тығыз жұмыс істеп, денсаулық, ТҮКШ сынды салаларда өзекті мәселелердің алдын алды. Бүгінде мемлекеттік мекеме мен үкіметтік емес сектор жұмыс қарқынын жаңа деңгейге көтеріп, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда жаңа жобаларды құруда, – деді Олег Чернышов. 

Форум соңында республикалық азаматтық кеңес форумында ШҚО атынан баратын делегаттардың тізімі жарияланды. Сондай-ақ, 25 жылда жұмыс көрсеткіші бойынша жоғары жетістікке жеткен ҮЕҰ басшылары марапатталды.