08 қаз, 2018 сағат 13:29

Жолдаудың қазан айында жариялануының өзіндік мәні бар - Санат Көшкінбаев

Жолдаудың қазан айында жариялануының өзіндік маңызы бар. Себебі, қараша айында келесі жылдың бюджеті қаттала бастайтындықтан, Үкімет те нақты қай салаға қандай қаражат жұмсау керектігін білетін болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы туралы мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы Санат Көшкінбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы әлбетте, форматы мен мазмұны жағынан бұрынғылардан ерекше. Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленді. Яғни, ең алдымен құжатта адам мен оның мүддесіне төр берілген. Демек, Жолдау бәрінен бұрын қарапайым азаматтардың мүддесін көздейді. Атап айтқанда, құжатта басты талап ретінде айлықтың өсуіне, халықтың табысына маңыз берілді. Біз ең төменгі жалақының бір жарым есеге артатынын нақты біліп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл Жолдауда қарапайым азаматтардың жағдайын жақсарту жайы қарастырылған», - деді сарапшы.

Санат Көшкінбаевтың айтуына қарағанда, Жолдаудағы мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін қанша қаражат (1,5 триллион теңге) жұмсалатыны нақты айқындалған.

«Бір айта кетерлігі, неліктен Жолдауда нақты қазан айында осы мәселе көтеріліп отыр. Себебі, өздеріңіз білетіндей, қараша айында келесі жылдың бюджеті қаттала бастайды. Яғни, бюджетті сала-салаға бөлген кезде Парламент те, Үкімет те қанша қаражатты қай бағытқа жұмсайтынын анық білетін болады. Міне, сондықтан Жолдаудың уақыты да тегіннен тегін таңдалып отырған жоқ», - дейді ол.

Сарапшы, сонымен қатар, биылғы Жолдау «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасымен етене байланысып, қаржылық есеп жіті есептеліп отырғанын тілге тиек етті.

«Үкіметке нақты қандай тапсырмалардың берілгені тайға таңба басқандай бекітілді. Бұрын Жолдауды Мемлекет басшысы Парламент қабырғасында жолдаса, биыл Ақордада өтті. Ол жерде ел билігіндегі барлық азаматтар болды. Демек, мемлекеттік аппараттардың барлығының алдына нақты міндеттер қойылды. Ең бастысы - талап бар. Азаматтардың жағдайын жақсарту тапсырмасы қалай орындалады? Меніңше, Жолдауда көрсетілген міндеттер нақты орындалса, 2019 жылы нәтиже бірден көрінеді», - деді Санат Көшкінбаев.