05 жел, 2019 сағат 08:58

Жол апатынан екі аяғынан айрылған Парафиева протезбен жүре бастады

Жол апатынан екі аяғынан айырылған алматылық әйел Екатерина Парафиева протезбен жүре бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

Ол өзінің протез киіп, балдақ ұстап, тік тұрған суретін жариялаған.

«Мен армандаған сурет осы. Ақырын-ақырын жаңадан тұра бастадым. Әзірге қадамдарым сенімді емес, балдақпен тұрамын. Қаз-қаз басып үйреніп жатқан бала сияқтымын. Тепе-теңдікті сақтап тұру мен үшін қиын. Өз денемді өзіме бағындыруға тырысып жатырмын. Аяғымнан тік тұру үшін қай бұлшықетті қозғасам, құламау үшін не істесем деген ой кетпейді. Мен осының барлығын игеріп кететініме сене алмай тұрмын. Мен әлі финишке жетпедім. Әлі марафон жүгіріп келемін», - деді Екатерина Парафиева.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын.

Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Соның салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды. Жарты жылға созылған сот процесінде автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаевтың 2 жылға бас бостандығы шектелді. Сонымен қатар, Жаңабаев жәбірленушіге 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Алматылық келіншек осыдан 5 ай бұрын Германияның Мангейм қаласына қоныс аударған болатын.