27 қар, 2017 сағат 16:37

"Жетісудың жеті кереметі" өлкетану-экспедициясы өңірлерді аралады

Алматы облысы туризм басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» аясында «Жетісудың жеті кереметі» атты өлкетану-экспедициясы жолға шықты. Үш күндік экспедиция Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қалаларындағы тарихи маңызы бар табиғи ескерткіштер мен мұражайларды қамтыды.

Саяхатқа шыққан І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті білімгерлерінің қуанышында шек жоқ. Елбасының мақаласы шыққаннан кейін еліміздегі қасиетті жерлерді тамашалауға мүмкіндік алған үздік студенттер көп. Жастар автобустың терезесінен телміре қарап, Асанқайғы мадақтап кеткен алып мекеннің  сымбатына тамсанып отыр. Жеті кереметке тезірек жетуді аңсайды.

Ақыры ұзақ жолдан соң Айғайқұмға табан тіредік. Бір-бірімен иық тіресіп жатқан, үйілген төбелердің үніне құлақ түрген сәтте шаршағанымыз сап басылды. Әншіқұмның дауысы алыстан құмыға естіледі. Самал желдің әсерінен туған бөгде әуенді сезген балалар аң-таң. Атағы әлемді шарлаған Айғайқұм туралы ел аузында жүрген әпсананы сол жерде жолыққан қария баяндап берді. Қарттың айтуынша, жоталардағы жаңғырық кері пиғылды, іші қара ниетке толы адамның құм астында қалып, жаны қиналғаннан шыққан өксігі көрінеді. Ал кейде ел-жұрт дуаланған арудың айқайына телиді. Екі нұсқаның да өз жоралғысы бар. Құмды таудың басына шығу оңай шаруа емес. Ән салып тұратын мұндай әуезді құмтөбе дүниежүзінің алты елінде  бар. Десе де, Айғайқұмды тамашалауға туристер ағылып келіп жатыр. Солармен бірге біз де арманымызды айтып тарқастық.

Айғайқұмды артқа тастап, Шылбыр шатқалының төменгі сағасында жатқан ғажайып Бесшатыр қорымына келдік. Аты айтып тұрғандай, Бесшатыр бес қорғаннан құрылған. Бұл – көпшіліктің берген анықтамасы. Негізінде, бұл атау кейінгі кезде қорымның ортасындағы қорғандардың біріне қарап айтылыпты. Шындығына келгенде, Шылбыр шатқалындағы қорғандар одан әлдеқайда көп. Жәдігерлердің айырмашылығын ажырату мүмкін емес. Археологтардың еңбегін айрықша айтып кеткен де жөн. Үлкен іздестен табылған рухани қазба байлықтар қазақтың қайдан шыққандығын, қалай өмір сүргендігін айғақтап тұрғандай. Ал біз бабамыз сақтардан қалған сарқыт деп түйдік. 

Алтынемел асуынан алған әсерімізді айтып болғанша, алдымыздан шырайлы Шарын шатқалы қарсы алды. Шіркін, кемиек аңғарлар кешегі баһадүр бабаларымыздың болмысы тектес биіктіктен қорықпайды. Шатқалдардың ажымдары адамды бірден өзіне баурап алады. Сирек кездесетін өсімдіктердің мекенін 2004 жылдан бастап мемлекет қорғауға алған. Көруге келген әрбір адам арнайы рұқсатсыз кіре алмайды. Күллі әлем Үлкен Колорадо каньонының «кіші бауыры» санайтын Шарын шатқалын американдықтардың өздері айналшықтап жүр. Тіпті, кейбірінің кеткісі жоқ. Тау жыныстарынан құралған ескерткіштер құдды қолмен жасалғандай құмыраға, адамға ұқсас. Неше ғасыр бойы жауын-шашын жуып, қызғылт түске боялған ойдым-ойдым шатқалдар әртүрлі кейіпте. Үнсіз жатқан алып жартастар таңғажайыптығымен таңдандырады. Ірілі-ұсақты жартастарды пішініне байланысты маңайындағы халық «жалмауыз кемпір шатқалы», «қамалдар аңғары» деп те атайды екен. Тағы бір айта кететіні, Шарын шатқалы Қазақстан табиғатының інжу-маржаны болып саналады. Бұл – оған елдің берген бағасы.

Келесі күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің табалдырығынан аттаған сәтте, сонау V ғасырда жүргендей күй кештік. Сақ пен ғұннан сақталған бұйымдар білімгерлердің археологияға деген құштарлығын оятты. Іші көне дүниелердің кеніші іспетті. Әлем халқы аузын ашып қарайтын «Алтын адамды» қолмен ұстап, көзбен көрдік. Айта кетейік, мұражайда «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Алтын адамның құпиясы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі – археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесі бар. Біз үшін ең кереметі ежелгі сақ қалаларының мәдениеті болды. 

Сапар барысында V ғасырдан аттап, XIX ғасырда салынған Жаркент мешітінің алдына келдік. Сәулетші Хон Пиктің шеберлігінен туған дүние. Қытайлық құпияны қазақ даласына әкелген хас шебердің басы осы мешіттің кесірінен шабылыпты. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бүгінде ұлттық музейдің есебінде. Сыры кетсе де, сыны кетпеген мемориалды мешіт 52 бағана тізбегімен айналдыра қоршалған. Арқалығы ағашқа түсірген әсем оймышпен нақышталып жасалыпты. Бағаналарды құрастыруда бірде-бір  шеге, бірде-бір тұтқа қағылмаған. Интерьерін қоспағанда осының өзі мешіттің ерекшелігінен хабар береді. Сонымен қатар, алдына отырғызылған қара ағаш мешіттің жасын санап тұрғандай. Бұтақтары жер сүзіп жатыр. Әртүрлі түске боялған сыртқы көрінісі алыстан менмұндалап тұратындай. Білімгерлер енді мұнда жиі келіп тұратынын жарысып айтып жатты. Біз де қайта айналып келерімізге еш күмән келтірмедік. 

Жақұтты Жаркент қаласында көнекөз мешітпен қатар жеті ғасырдың куәсі Әулиеағаш бар. Қалаға келіп тұрып, оған соқпай кету орны толмас олқылық. Тамыры тереңде жатқан алып ағашқа жеті адамның құшағы әрең жетеді. Басынан талай нәубетті өткізсе де, өз тұғырын сақтап қалған. Айналасындағы өзі тұрпаттас қара ағаштар қалқан болып тұрғандай. Айтпақшы, Әулиеағаш жайлы айтылатын аңыз-әңгімелер өте-мөте көп. Бір таңғалатыны, ағаштың жанында бір тамырдан таралған  жеті бірдей жас ағаш өсіп тұр. Халық оны «Жеті ағайынды» деп атайды. Сол ағайындылардың діңінен тамшылап тұрған шипалы судан барлығымыз дәм таттық.       

Соңғы аялдамаға да таяп қалдық. Экспедиция Іле жағасында салынған көне шаһарға барып тоқтады. Арнайы салынған шағын қалашық қонақжай қазақ руханиятының қаймағы іспетті. Қақпасы үнемі ашық жатады. Жаугершілік заманда соғысуға тиімді болу үшін бой көтерген қаланың көшірмесі бұл. Ішіне байырғы қазақ елінің салт-дәстүріне негіз болған дүниелер жиналған. Қазір сол маңда «Қазақ Елі» атты тарихи кино түсіріліп жатыр. Білімгерлер сарайда сақталған қару-жарақтармен танысып, соғыстың айла-тәсілдеріне қанықты.

Үш тәулікке созылған сапардың салтанаты осымен тамам. Білімгерлер рухани құндылықтарды қадір тұтуды, оған құрметпен қарауды ұғынды. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасының жастарға берер пайдасы көл-көсір. Рухани керуен – соның бір айғағы. Ал, Жетісу – рухани өлке. Неге десеңіз, даңқты бабалардың табаны тиген топырақтың құнарлығы мен құндылығы ақынның жырына арқау болып, мәдениеттің мәйегіне айналды.

Мұхтар КҮМІСБЕК