01 қар, 2016 сағат 12:36

Жетісудың таңғажайыптары

Алматы облысы әкімдігі өңірдегі туризмді дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл орайда нақты іс-шаралар қабылданып, көптеген маңызды жайттарға көңіл бөлінуде. Жетісудың табиғаты көркімен көз тартады. Өлкедегі Шарын шатқалы, Айайқұм, Көлсай және т.б. ғажайып сұлу жерлер туризмге сұранып тұрғаны сөзсіз. Облыстың бұл бағытта қолға алған жобалары өңірдің көрікті жерлерін әлемге таныта түседі деген ойдамыз. Осы ретте оқырмандар назарына Жетісу жерінің табиғаты жөнінде мақалалар ұсынып отырмыз. 

Мемлекетіміздің атын әлемге әйгілеп отырған салалардың бірі – туризм. Әсем табиғатқа тамсанып, бұзылмаған-бүлінбеген көркемдікті көзбен көру кімнің де болса арманы. Саф дүниені көріп, сергектік алғысы келетіндер де көп. Осы орайда көнеден көрікті мекен Көлсайдың көмегі жетіп артылады. Саны мен атауы өте көп өсімдіктер дүниесі мен жиі ұшырасатын жануарлар әлемінен айырылып қалмауымыз үшін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылған.

Өмірге келгелі құлағымды түргенім, көзімді ашып көргенім – атағы әлемге жайылған Көлсай көлі. Кереметтей атау бала күнімнен бері қызықтырып келеді. Өзім сол аймақтың перзенті болған соң үлкендердің тамсанып айтқан әсерлі әңгімелерін тыңдап, Көлсайға құштар болып қана отыратынмын. Уақыт өтті, есейдік, «Көлсайдың» сұлулығын көзбен көру бақыты бұйырды. Тау басына біткен таңғажайып көлдің келбеті тіптен бөлек, өзге көлдерге мүлдем ұқсамайды. Теңіз деңгейінен аса биікте орналасқан көгілдір түстегі көкжиекпен астасып жатыр.

Көлдің айналасын Тянь-Шаньнің сұңғақ бойлы, кербездікпен керілген шыршалары қоршаған. Таулы аймақ тәкаппарланып өздігінше сыр шертеді. Жасыл кілем тәрізді көз жауын алған кеңістікке жайылып, маңайын хош иіске бөлеген ауамен кеудені кере еркін тыныстағанға не жетсін. «Солтүстік Тянь-Шаньнің гауһар тасы» деген атпен танылған таңғажайып мекен кім-кімді болмасын таңдандырары анық. Тау суымен бірге ішкі жан дүниең де тазарады. Шатқалдар, ормандар, біртұтас тау гүлдері өскен шалғындармен қоршалған көл сұлулығы сиқырымен баурап алады. Тау ортасындағы салқын суға бір түссең лезде ес жиғызып, сергітіп тастайды. Әдемі мекенді алғаш көргендер аңсары ауып жататыны бар. Табиғат сыйлаған сұлулыққа таңданбасқа болмас.

Өзім туған өлкені таныстырар болсам, Көлсай көлі Алматы қаласынан 300 шақырым қашықтықтағы батырлар мен ақындардың мекені Райымбек ауданына қарасты аймақтан орын тепкен. Таңғажайып табиғаттың әсерін арттырған Жалаңаш, сонымен қатар Кіші Жалаңаш, Қарабұлақ, Саты ауылдары бар. Міне, осы ауылдардан соң 15 шақырым жерде керемет көлге кез боласыз.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Үкіметтің қаулысымен 2007 жылы құрылған. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының негізгі міндеті – орманды қорғау, өрттен сақтау, ондағы жан-жануарлар мен жәндіктердің тіршілігін зерттеу. Одан кейін ғана еліміздегі туризмнің дамуына үлес қосу негізгі міндеттердің біріне жатады. Бұл жерде барлығы 150 адам жұмыс істейді. Орманды қорғау, қалпына келтіру, молайту, табиғи-тарихи дүниелерін болашақ ұрпаққа сақтау секілді жұмыстарды атқаратын қызметкерлер осылар. Осындай аса жауап­ты істерді атқаратын қорықшылардың көл кереметін сақтаудағы еңбегі зор. Сәнді таби­ғаттың сымбатын сақтаумен қатар, бір кездері молынан кездесетін, қазір мүлде ­азайып бара жатқан жабайы жан-жануарларды қор­ғау, сақтау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл арада аң-құстың барлық түрі бар деуге болады. Мұнда жалпы хайуанаттар түрінің 226 түрі бар. Бұғы, марал, қабылан, тауешкілер көптеп кездеседі. Қар барысы мен Түркістан сілеусінін де табуға болады. Таудың басына дейін өрмелегендер аюмен кезігіп қалуы да әбден мүмкін. Сонымен қатар тек қана таза суда өмір сүретін ханбалық (форель) осы суда мекен етеді. Көпшілік қызығатын форель лай немесе жылы суда тіршілік ете алмайды. Көлсай көлінің суы әдетте – 5 градусқа дейін төмендейді. Ханбалықтың қылтанағы болмайды, өте таза балық. Біршама уақыт бұрын бұл маңда балық аулауға рұқсат берген болатын. Арнайы белгіленген орындарда, қармақпен ғана аулауға болады.

Осы арада көл аймағындағы табиғи мұралар мен мәдени танымдық ескерт­кіш­терді де айтып өтпеуге болмас. «Таңбалы тас аңғары», «Ащылы тоғайдағы көне суреттер», аңшылардың тау-теке атып жатқандары бейнеленген тастар, ағаштан қиылып салынған үй. Жалпы айтқанда, жұмақ мекеннің жауһа­рын арттыратын тарихи жәдігерлердің ізі бар.

Ұлттық саябақтың негізгі міндеті отандық туризмді дамыту болғандықтан саяхатшыларға ыңғайлы үш туристік бағыт бар. Сәні мен сымбаты артқан мекенде суретке түсіп, қайыққа мініп, қаумалаған қарағайдың ішімен жүріп, майсаның үстінде жатып демалғанға не жетсін. Демалуға келгендер өзімен бірге үйшатырын ала жүреді болмаса жергілікті орманшылардың үйін жалдап демалысын жалғастырады. Қалың қарағайдың қоршауындағы Көлсай көлін көргендердің шаршауға мүмкіндігі болмайды.

Табиғи саябақ әсемдікпен әсер берер үш көлден құралған. Жоғарғы Көлсай жер деңгейінен 3000 метрге жуық, орта Көлсай 2600 метр, ал төменгі Көлсай 2130 метр биіктікте орналасқан. Төменгі Көлсайдың су айдыны басқаларына қарағанда үлкен. Көлдердің табиғаты әсем, тау шатқалына көрік беріп тұрғандай. Төңірегін шырша, қарағай, қайың, т.б. тау ағаштары мен шалғындары көмкергендігі қайталанбас ғажайып! Бұл керемет көрініс сыйлаған көлдер Күнгей Алатауының Күрметі және Саты асуларынан бастау алатын кішігірім сулардан пайда болған. Әрқайсысын жаяу аралап, таза ауа, тамаша табиғатта тыныстаған қандай керемет. Екінші көлдің көлемі бірінші көлге қарағанда үлкендеу. Жоғары Көлсай мен орта Көлсайдың арасы жаяу жүрген адамға 1,5 сағаттық жол. Одан әрі жүрсеңіз үшінші көл бар. Оның көлемі басқалардан кішірек. Бұл екеуінің арасы 30-40 минуттық жол. Одан әрі бір сағаттай жүрсеңіз Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы асу. Дәл осы жерде шекара сызығы сызылған. Одан әрі Ыстықкөл көрініп жатыр.

Осы арада Көлсайдың көркін одан әрі арттырып, ғажайыпқа бөлеген тағы бір Қайыңды көлі бар. Бұның да сұлулығы Көлсайдан кем емес. Бұл керемет көрініс екі көлден құралған. Бірі шағын, екіншісінің көлемі үлкен. Көл ортасында қарағайлар өсіп тұрғандығы –табиғаттың тұнған сұлулығы. Мұнда таудың бір жақ беті түгел бүлдірген. Қарақат та бар. Сол маңның тұрғындары жемістің түр-түрінен ауыз тиіп, тәттілікке тамсанып жатады. Мұнда қыдыруға келетін адам саны Көлсайға қарағанда аз. Сондықтан емін-еркін ойнап, есте қалардай әсер алуға болады.

Қазақ жерінде мұндай табиғаты көркем жер көп. Соның барлығын көзіңмен көріп, ауасымен тыныстай білсең, өмірдің бар рақа­тын сезінгендей күй кешесің. Өз жеріңнің кереметін сезіне білген адамға бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Жұмақ мекенге деген жарнама жағы жоқтың қасы болса да шетелден ағылып жатқан қонақтар саны көп. Саны жыл санап артатын шетелдіктер бір көруге арман еткен де осы Көлсай көлі. Таза табиғатты, табиғилығы бұзылмаған інжу-маржанды көру қызық әрине. Шетелдіктерді түр-түрімен танылған өсімдіктер, көл ортасындағы қарағай, адам аяғы баспаған тастар құштар етсе керек. Бірақ осыған лайық болардай сервистік қызмет мәз емес көрінеді. Сондықтан тамаша табиғатта демалысты сәтті өткізу әзірше әркімнің өзіне байланысты болып тұр. Табиғат тамашалауға көрсетілер қызмет алдағы уақытта жақсарар деген үміт бар. Жергілікті тұрғындар үйлерін қонақүйлерге айналдырып, жабдықтауда. Әйтсе де, Көлсай көлдерін туризм орталығы ретінде дамытудың үлкен жобасы керек-ақ. Бұл жоба аясында жол жасалып, жергілікті тұрғындар туристерге қызмет көрсетуге оқытылып, жаңа заманға сай туристік кешен бой көтеріп, ойын-сауық орталығы ашылуы әзірге арман ғана, қыста шаңғы орталығы салынса, бұл өңір қыста да туризм орталығы болар еді. Бұл жерлерге болашақта тарихи тағылымдық сапарлар да ұйымдастыруға болады деп ойлаймыз.

Сыршыл әуен құпиясы

Aigaukum

Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Айналасындағы көктемгі көкпеңбек әлемнің етегін ала жатқан айдаһар жон құмның әрбір талын тербеген желдің уілі кейде өмірдің өткінші екенін біліп, жастық шақтың көзді ашып-жұмғанша өте шыққанына күңіренген қартқа, ботасынан тірідей айырылып, көзінен жасы төгілген боздаған аруанаға, айналаны көз түрткісіз түнекке түсіріп, орай да борай соққан қарлы боранға, борасынды күні қойлы ауылдың маңына келіп, тұмсығын толған айға соза ұлыған ит-құсқа, көз ұшында көкті тіле зымыраған аэроұтқыр ұшақтың түсініксіз де қорқынышты гүріліне, бауыр етін жылытар бала көрмей күрсінген Ананың көңіліне ұқсап кетері анық. Қалай болғанда да, жазық далаға тұнған тыныштықты дүр сілкіндірер тылсым дыбыс тыңдаушысын бейжай қалдырмайды. Оны естіген өзекті жанның көкейіне үрей кіріп, түсініксіз әлемнің тілін тапқысы келеді.

Бұл – Іле өзенін жағалай, ұзындығы 3 шақырымға дейін созылып жатқан Айғайқұмның әлемге тарап кеткен даңқы мен дақпырты. Шындығында, Басқалқан және Аяққалқан тауларының ортасына орналасқан құмды төбенің сыры қандай? Себебі биіктігі 150 метрлік құмды төбе жауын-шашынсыз жаз айларында күңіренген дыбыс шығарып, естушінің есін алады. Әсіресе, құм төбеден сырғып түскен жанның тосын үнге елтитіні соншалық, гүрілдей көтерілген дауыс төмен ағылған құм түйіршіктерінен шығатынын ажырата алмайды. Айналасы күңіренген үнге толғандықтан өзге нәрсені айырудан қалады. Сөйтіп, әнге салған құмды төбенің кереметіне тамсанып, құрғақ құмның қарапайым қасиетін құдіретке балайды. Яғни жүздеген, бәлкім, мыңдаған жылдар бойы жел әсерімен жиылып, төбеге айналған құм бір қарағанда тылсым құпияға толы қасиетті мекен секілді әсер қалдырады. Естігені мен көргенін қасиетке балайтын көпшілік мұндай әнші құмдардың жер бетінде көптеп кездесетінін ескере бермейді. Атап айтқанда, Қытайдың, Моңғолияның, Мысырдың, Африка мен Араб түбегінің шөл даласында тосын үн шығаратын құм шағылдар кездессе, өзендер мен көлдердің, теңіздер мен мұхиттардың жағалауында орналасқан құмды төбелер гүрілге толы дыбыс шығарады. Сондықтан әнші құмдарды жағалау және шөлді деп екі топқа бөледі. Біз сөз еткелі отырған Айғайқұм жағалауда орналасқан әнші құмға жатады. Алайда көкіректі: «Күшті желдің ұшырып әкелуімен жиналған қарапайым құмды төбе неге басқа жаққа ұшып кетпейді?» деген сұрақ мазалайды.

Шыны керек, Айғайқұмның неліктен тосын үн шығаратынын әлемнің бетке ұстар ғалымдары анықтап, түрлі тәжірибелер жасап тастаған-ды. Тіпті сырғыған құмның үні рояльдің 500 герцтан 2500 герцқа дейінгі аралықты қамтитын жуан дыбысы ширек секундқа ғана созылатынын анықтаған. Тағы бір ерекшелігі құмнан шыққан гүріл 10 шақырымға дейін естіледі. Яғни құмның құпияға толы сырлы әуені шалғайға талып жетеді. Жер бетіндегі әнші құмдарды зерттеген ғалымдардың бәрі де шығатын тосын үн құрғақ кезде, әсіресе, жауынсыз жазда анық естілетінін дәлелдеген. Себебі құрғақ құм түйіршіктерінің өзара үйкелуінен шығатын дыбыс­тың тазалығы, қанықтығы зерттеушілерді тәнті еткен.

Дегенмен, Алтынемел ұлттық табиғи паркінің аумағында жатқан Айғайқұмның қашан пайда болғанын айту қиын. Бірақ миллиондаған құм түйіршіктерінің 150 метрлік биіктіктегі төбеге жиналуына ғасырлар керектігін көрген адам оңай ұғынады. Басқалқан және Аяққалқан тауларының ортасындағы қылтаға үйілген құмды төбені жел екі жақтан үйіре соғып, қайтара көтеріп тастайтындай. Себебі егер жел бір бағыттан ғана соғатын болса Айғайқұм не батысқа, не шығысқа қарай жылжитыны анық. Ол жайында болжам көп. Соның бірі құмды төбе Іле өзенінен шыққан қайраң құмнан өскенін айтады. Егер жел соғуын тоқтатпаса, Іленің құмы таусылмаса Айғайқұмның биіктігі Аяққалқан тауынан да асып кететінін кейінгі ұрпақ көреді. Бұның бәрі долбар ғана.

Бәлду-бәлду бәрі өтірік деуге келмес. Аңыздың түбі ақиқат екендігін ескерсек, ел ішінде жүрген ертегідей әңгімелер тыңдаушыны елеңдетеді. Шынында, Айғайқұм турасында алуан түрлі аңыз, сантүрлі оқиға айтылады. Тосыннан шығатын үнді жын-шайтанның дауысы екен деушілер де, осы өңірде өмір сүріп, ел мен жердің амандығы үшін мерт болған батырлардың рухы дауыстап тұр дейтіндер де табылады. Тіпті Шыңғыс ханның байлығы мен бейіті көмілген деген сыбыс та сусылдайды. Бірақ осындай аңызға бергісіз әңгімелердің ішінде естушіні таңғалдыратын тағы бір әңгіме бар. Жергілікті халықтың аузында жүрген бұл әңгіме былай өрбиді.

Кеңес Одағының тұсында Айғайқұмның құмын құрылысқа пайдаланбақ болған біреулер үлкен жүк көлігімен Басқалқан мен Аяққалқан тауының атырабына аттанады. Екі аралықты оңай бағындырған әумесерлер құмды көліктің бортына жылдам толтырып, кері қайтады. Алайда 15 шақырым жүрген соң құмның түгелдей сусып төгіліп қалғанын көреді. Тіпті бір түйіршігі де қалмаған. Сосын қаппен тасымақ болғандар бұл әрекеттерінің де бос әурешілік екенін білген. Уақыт өте келе бұл оқиға ұмытылады, ел ішінде анда-санда айтылып, сараң құлақта сақталады. Яғни Айғайқұмның құмы сол жерден өзге жаққа бармайтынын жергілікті халықтан өзге ешкім білмейді. Құдды магниттеліп қойғандай ешкім әкете алмайтын құмның өз жерінен айырылмайтын адал қасиеті кім кімді де таңғалдырады. Көпшілік құмның әуеніне көңіл аударғаны соншалық оның осындай да қасиеті бар екендігін ескермейді немесе білмейді. Шыны керек, тосын әуенді зерттеп, дыбыстың үндестігін анықтап жүрген ғалымдардың өзі бұған көңіл бөлмеген. Ал мұндай ерекшелікті туып-өскен жеріне деген сағынышы ерекше құмның адалдығы деп білген жөн. Керек десеңіз, жас ұрпақтың тәрбие­сіне пайдаланып, көрнекі құрал ретінде танысты­рудың еш әбестігі жоқ. Идеология саласында еңбек­тенген мамандар үшін Айғайқұмның айтар ойы, берер ғибраты бар.

Қазір елімізде туризм саласын дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданып, жаңаша сипатта жұмыс істеуде. Яғни табиғаты көркем, адамдарының дүниетанымы ерек, халқының тыныс-тіршілігі үлгі-өнегеге толы Қазақстанның әрбір өңірі көрем деген адам үшін таптырмас мекен, ғибратты өлке саналады. Сондықтан қолымызда тұрған алтынымыздың қадірін жақсы біліп, оның насихатын, нарықтың тілімен айтқанда жарнамасын жақсылап жасауымыз керек. Бұл заман талабы. Шындығында, туризм бір мемлекетті асырап, бюджеттік қорын толтыратын сала. Көршілес Қырғыз елі Ыстықкөлмен күн көріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан Айғайқұмның сырлы да мұңлы үнімен қатар, алысқа ұзамайтын адалдығы мен аңызға бергісіз қасиеті барлығын жеткізуіміз керек-ақ. Сол арқылы қазақ даласының бір түйіршік құмының өзі туған жерден бас тартпайтынын, алысқа кетпейтінін өлең-жырға қосып жырлауымыз керек. Ақындардың құлағына алтын сырға, Айғайқұмды өлеңге қосқандар бар шығар, бірақ әдемі суреттеп, керемет жырлапты дегенді естімедік.

Елімізде табиғат кешенін, археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарларды сақтау мақсатында ұлттық табиғи парктер мен қорықтар жұмыс істейді. Алматы облысында бес парк, екі қорық бар. Солардың бірі, 1996 жылы құрылған «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Айғайқұм өз қамқорлығына алған қорықтың аумағында Бесшатыр, Қатутау секілді көрушісін еліктірер әсем жерлер бар. Оның бірі археологиялық кешен саналса, екінші құдіреттің күшімен, жел мен күннің әсерімен сұлу да сұсты кейіпке енген табиғат тамашасы. 520 гектар аумақты алып жатқан «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ең ерекше жәдігері – Айғайқұм.

Табиғатының көркемдігімен, орналасу ретімен, тосын дыбыс шығарып, сыршыл әуенге салуымен ерекшеленетін Айғайқұмға жылына мыңдаған демалушы келіп, құмды төбенің қасиетін жақыннан танып кетеді. Олардың басым бөлігі шетелдіктер. Өз отандастарымыз жаз кезінде, еңбек демалысына шыққанда көптеп келеді. Расында, отандық туризмді дамытсақ, ішкі байланысты нығайтсақ, көрікті жер мен сұлу мекендерді көруге асыққан отандастардың саны арта түсері анық. Шыны керек, құмды төбенің басына шығам деген адамның алқынбай жетуі қиын. Тіп-тік, қыр жолдың тайғанақтығын тағы қосыңыз, бәрібір, Айғайқұмның биігіне алқынып жетесіз. Осыны жақсы білген көпшілік: «Кімде-кім таудың басына қиналмастан жететін болса, сол адамның асқақ арманы орындалады, ал жете алмаған адам күнәһар болады» деген соқыр сенімді ойдан шығарған. Расында, кімнің күнәһар, кімнің тақуа екендігін бір Алла біледі, сондықтан ондай жел сөзге көңіл аударудың қажеті шамалы. Алғаш рет, аңсап жеткен адам Айғайқұмның етегінде өзінің күнәлі екендігін естігенде нендей күйде болатынын ойлаңызшы. Сондықтан ондай-ондай ауыр сөзді айтқанша, құмның тартылыс күшінің сырын таныстыру бәріміз үшін қай жағынан алғанда да пайдалы болмақ. Себебі алыстан ат арытып жеткен жолаушы өзара үйкелістен бойына адалдықты сіңірген құм түйіршігінен ой түйіп, үлгі алса, көңілін үміт тербеп жүрген жанды қуанту да бір насихат. Жылына түсетін табысын есептемегеннің өзінде осындай көркем жерді, көрікті табиғатты көрген жан жүрген жерінде айта жүрері белгілі. Сол арқылы әуені көкіректі тербеген Айғай­құмның даңқы алысқа жетіп, мұхит асары анық.

Тағы бір қисынды ойға тоқталсақ, Шыңғыс хан мен сенімді серіктері жерленген-мыс деген сөзді осы өңірдің жұртшылығы жиі айтады. Егер ондай болса осы уақытқа дейін неге ашылмады? Қаһарлы ханның сүйегін іздеушілер неге көңіл аудармады? Қалай болғанда да шешуі қиын жұмбақ көп. Елдер мен мемлекеттерді, таулар мен шыңдарды, қалалар мен қоныстарды, өзендер мен көлдерді өз заманында бағындырған Шыңғыс ханды қанішер, дүлей күштің иесі деп көрсету кеңестік идеологияның басты мақсаты болғанын ескерсек, ханның бойында қырық кісінің ақылы барлығын жоққа шығара алмаймыз. Өзінің қабірін жасырып, тығып кеткен ұлы қолбасшының әрекетін ақылдылықтың бір түрі деп есептесек, оған соны ұқтырған тылсым күштің барлығын да ескеруге тиіспіз. Яғни қабірін тонайтындардың шығатынын Темірші жақсы ұғынған. Сол себепті, ел естіп, көз көрмеген мекенге бейітін салдырып, оның үстінен жылқы үйірін айдап өткен, мәйітті қойғандарды түгелдей жебеге жалындырған дегенге саятын аңыздың ақыры қандай бо­ларын бір Жаратқан біледі. Бірақ біздікі де болжам. Оның рас-өтірігін анықтау уақыт еншісіндегі нәрсе.

Қалай болғанда да, Айғайқұмның әуені не айтатынын біз анықтай алмаспыз. Оның сырына үңілсек, ғасырлар мен замандарға бөлінген уақыттың жылдам өтетінін, адамның ғұмыры қысқа екендігін, жақсылық пен жамандықтың тартысы толастамайтынын, әділдік пен әділетсіздік өзара қырқысатынын, сапарға шыққан жолаушының ізін қар басып, жел ұшыратынын, тасқа қашалған суреттің сыны кетіп, сұры қашатынын, бұл дүниедегінің бәрі де өтетінін, тірінің семіп, өлгеннің қурайтынын, рухтың ұшып, жансыздың қалатынын, түптің түбінде мылқаудың да тілі шығып, сарқылмас өзеннің де таусылатынын күрсініске толы әуенге салып шырқайтынын байқағандай боламыз. Анығын тап басып айту қиын, себебі, бұл да болжам.
Айналасына ақсұр түсті нұр таратып, көкжиекте қарауытқан таулардың ортасында әуезді әуен шырқаған Айғайқұмның сыршыл уілі осылай дейді тың­даған жанға. Барып, көру, тыңдап, айту баршаның арманы.

Құралбек СӘБИТОВ,
Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

"Ана тілі" газеті