20 мау, 2017 сағат 14:41

Жетісу жәрмеңкесі көкөніс пен жеміс-жидек саудасын қыздырды

Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатқан Астана қаласында өңірлік тауар өндірушілердің кезекті жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы Елорда тұрғындары мен қонақтарына Алматы мен Ақтөбе облыстарының шаруалары бау-бақ пен бақшалық өнімдерін жеткізді. Жетісу аймағының үш қаласы мен он алты аудан орталығынан келген шаруалар 1 млрд. теңгенің 2800 тонна өнімін ұсынды. Жәрмеңкеде 250 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер  көкөністер мен жеміс-жидек, бақша дақылдарын саудалады.

Картоп бағасы қызықтырды

Алматы облысының өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары болды. Астаналықтар,  келісі 180-нен 210 теңге аралығында пұлданған биылғы картоптарды көптеп сатып алды. Сондай-ақ, құлпынай, шие, балық және сүт өнімдері де жақсы өткен. Облыс әкімдігі өкілдерінің айтуынша, сауда көрігін қыздырушылардың арасында жаппай сатып алушылар да бар.

– ЭКСПО – 2017 көрмесі кезінде біз Астанаға 19 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бізге күн сайын 7 мың тонна өнім жеткізетін дистрибьюторлық компаниялар бар. Ал жылжымалы жәрмеңкелерде шаруалар 12 мың тонна өнім әкеледі. Мұндай шаралар облыс кәсіпкерлері үшін аса тиімді. Ыстық ауа райына қарамастан өндірушілер Елорда жәрмеңкесінен қалмауға тырысып бағуда.
Бізде рефрижератор фуралар бар, барлық өнімдер сонда сақталады. Маусым барысында біз жәрмеңкеге үш рет қатысып, көкөністер мен жеміс-жидектер, бақша дақылдарын саудалаймыз деген ниеттеміз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Сөредегі тауарлар тексерістен өткен

Осындай сауда жиындарында Астананың ауылшаруашылық басқармасы өкілдерінің қойылған өнімдердің бағасына мониторинг жүргізіп, санитарлық талапты қадағалайтындығын айта кеткен жөн. Баға саясатын бақылағаннан тыс мұнда ертемен ветеринар дәрігерлер келіп, жұмыс істейді екен. Олар арнайы зертханаларда сынама жүргізіп, қауіпті заттардың бар-жоғын анықтайды. Сонымен қатар жәрмеңкеде тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің, қалалық әкімдіктің өкілдері де кезекшілік атқарып, саудагер-диқандардың, шаруалардың құжаттарын тексереді. «Сауда сөрелеріне тауарлар толық тексерістен өткеннен кейін ғана қойылады», – дейді Астана қаласының ауыл- шаруашылық басқармасы азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ризагүл Мүсілімова.

Диқандар жәрдеміне дән риза

Алматы облысының жәрмеңкесі қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келгендіктен, өңір тауар өндірушілері Елорданың мұқтаж отбасыларына, жетім балаларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топ өкілдеріне қолдарынан келген көмектерін көрсетті. «Мейірімділік М» қоғамдық қоры бастап, шаруалар қолдаған қайырымдылық шарасында жәрдем алушылар ауылшаруашылық жәрмеңкесіне шақырылып, оларға жеміс-жидектер, көкөністер және кулинарлық өнімдер үлестірілді.

– «Біз қолдан келгенше қаржылай, материалдық тұрғыда көмектесіп қана қоймай, мұқтаж аналар мен жетім балаларға әлеуметтік қолдау танытамыз. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмысқа орналастырамыз. Астанадағы бастамамызға Алматы облысының әкімдігі оң ниет танытып, қол ұшын созды. Жеміс-жидек, көкөністермен қамтамасыз етті. Біздің балаларымыз жаңа піскен өнімдер мен тәттілерден дәм тататын болды. Біздің дағдарыс орталығында тоғыз бала тәрбиеленуде, – дейді «Мейірімділік М» қорының төрайымы Айгүл Сейілова.

Аталған қор өкілдері Жетісу өңірінен келген тауар өндірушілерге шын жүректен алғыстарын білдіруде. «Рамазан айында жасалған бұл ізгілікті істің сауабы молынан болғай. Жетім балалар, жалғыз басты қарттар, мұқтаж отбасылар ауылшаруашылығы өнімдерімен жәрдемдескен диқандарға дән риза», – дейді олар.

Асхат РАЙҚҰЛ