27 сәу, 2017 сағат 10:03

Жергілікті билік шет тілін білуге міндеттелуі мүмкін

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға тартылған инвесторлардың аймақтарда бірқатар кедергілерге тап болатынына алаңдап отыр. Соның бірі - жергілікті биліктің тіл білмеуі,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі кезде біз ұлттық инвестициялық стратегияны әзірлеп жатырмыз. Ол да - Президенттің тапсырмасы. Осы жұмысқа xалықаралық сарапшылар тартылып отыр. Сондай-ақ, біз өзіміздің аймақтағы әріптестерімізге осы мәселенің маңыздылығын түсіндірдік. Себебі дәл сол аймақтарда көптеген мәселелер туындайды. Енді, біз, Үкіметте отырғандар, инвестициялық саясатты өзгертудің қажеттілігін жақсы түсінеміз. Сол себепті осы саладағы жұмыстың аймақтарда тұралап қалғанын қаламаймыз. Сондықтан облыс әкімдерінің инвестициялар жөніндегі орынбасарларымен қосымша кеңестер өткіздік. Біз кейбір басшылардың осы салада жұмыс істеуге әлі де дайын емес екенін байқадық. Тілді тиісті деңгейде білмейтіндері де көп нәрсені аңғартады. Иә, олардың басқа да жұмыстары да жетіп артылады. Оны да білеміз. Осыған байланысты біз Президент Әкімшілігіне тиісті xатты әзірлеп жатырмыз. Инвестицияларды тарту жұмысын ретке келтіру керек", - деді Сағынтаев бүгін Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстыруға арналған шарада. Аталған шарада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басшылығы шет мемлекеттердің елшілеріне инвестицияларды тарту, шетел инвесторларына ыңғайлы жағдай жасау саласындағы жұмыстар жайында баяндап берді.

Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде шетел инвестицияларын тартудың бұрынғы жүйесі толығымен өзгертілді. Осы салада арнайы "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы құрылды. Ал компанияның директорлар кеңесі Үкімет басшысы дәрежесіне дейін көтерілді. "Кеңестің төрағасы мен боламын. Біз директорлар кеңесінің мәртебесін әдейі көтердік. Соның өзі инвестициялық саясаттың басымдығын, Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек", - деп атап көрсетті Сағынтаев.