11 сәу, 2017 сағат 08:53

Жерге қонған ғарышкерлер қазақ даласының әсемдігіне тамсанды

Жартыжылдық экспедициядан кейін жерге қонған ғарышкерлер қазақ даласының әсемдігіне таңдай қақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуежайында облыс әкімі Ерлан Қошанов ғарышкерлер Сергей Рыжиков пен Андрей Борисенконы және NASA астронавы Роберт Шейн Кимброуды күтіп алды. Сол жерде баспасөз мәслихаты өткізіліп, ғарышкерлер орбитада өткен 173 күн сапары туралы әңгімелеп берді.

42 жастағы ресейлік ғарышкер Сергей Рыжиковтың айтуынша, жерге қону кезінде экипаж қазақ даласының әсемдігіне тамсаныпты.

«Мен стансада жүріп, жер мен айдың көрінісін бірнеше рет фотоға түсірдім. Қазақстанның даласы сондай әсем - қуанышқа бөлеп, көз тойдырады», - деді Сергей Рыжиков.

Кеме командирі Рыжиков ұшқыш болып қызмет еткен, 2006 жылы ғарышкерлер жасағына алынған. Подполковник әскери атағы бар. Бұл - Рыжиковтың алғашқы ғарыш сапары.

«Союз МС-02» борттық инженері - 52 жастағы ғарышкер Андрей Борисенко. Ол бұрын ғарыш кемелерін өндіретін "Энергия" зымыран-ғарыш корпорациясында және Ұшуларды басқару орталығында жұмыс істеген.

Кеменің екінші бортинженері - 49 жастағы америкалық астронавт Роберт Шейн Кимброу. Ол - АҚШ әскерінде ұшқыш болған және АҚШ әскерінің полковнигі атағын алған. «Союз МС-02» кемесімен ұшуға дейін америкалық астронавт 2008 жылы "Индевор" шаттлымен 15 күнге ғарышқа ұшқан және екі рет ашық ғарышқа шыққан.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 сәуірінде Астана уақытымен 17:21-де «Роскосмос» аппаратымен ғарышкерлер Андрей Борисенко, Сергей Рыжиков және NASA астронавты Роберт Шейн Кимброу Жезқазғаннан оңтүстік шығысқа қарай 147 шақырым жерге қонды.