29 қар, 2017 сағат 10:54

Жер дауынан кейін әзірленген заң жобасын мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс депутаттары бүгін жер дауынан кейін әзірленген кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратSputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

"Өткен жылы жер саласында туындаған мәселелерді қарау жөнінде құрылған Жер комиссияның жұмысының қорытындысы бойынша және осы саланы жүйелендіруге қатысты министрліктің дайындаған ұсыныстары негізінде заң жобасы дайындалды", — деп баяндады мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов. 

Заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру; ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу; шекара аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту; тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерді қамтиды. 

Мырзахметов атап өткендей, заң жобасы жұртшылықпен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кеңінен талқыланды. Сонымен бірге, нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында орналастырылған. 

Заң жобасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға берудің жаңа, әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. 

"Тізбені ауданның жер қатынастары жөніндегі бөлімдері қалыптастырып, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген соң, аудандық әкімдіктер бекітеді. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамының 50%-ы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерінен тұратын болады. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізілді. Сонымен бірге, конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін хабарландыру тек аудандық қана емес басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Сонымен қатар, конкурс жариялағалы отырған аудан хабарландыруды өзінің ресми сайтына қоса облыстың басқа аудандары мен ауыл әкімдіктеріне жіберуге міндеттеліп отыр", — деді вице-премьер. 

Жерлерді тиімді пайдалану үшін талаптар күшейтілмек. Осы мақсатта заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Жалдау уақытының алғашқы 5 жылында – жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістікте – 3 жыл сайын, тәлімді жерлерде – 5 жыл сайын жүргізілетін болады. Жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағаны анықталған жағдайда  келісімшартты өкілетті орган бір жақты бұзуға құқылы. 

"Ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде "бір қолға" берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары (қалалары) шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бұл ретте, облыстың бірнеше аудандарынан немесе бірнеше облыстардан алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы алаңы "бір қолға"  берілетін республика бойынша белгіленген шекті (ең жоғарғы) мөлшерден аспауы шарт. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері маслихаттар мен атқарушы органдардың бірлескен ұсынысының негізінде үкіметпен бекітіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы  жерлерінің шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесін әзірлейді. Әдістеме әрбір аймақтың жергілікті жағдайы мен ерекшеліктерін, оның жер ресурстарын, климаттық жағдайын, тұрғындарының құрамын, ауыл шаруашылығы саласының жүргізілу бағытын, топырақтың сапасын және т.б. факторларды ескеретін болады", — деді Мырзахметов.

Заң жобасына сәйкес, шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстанның шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және Қазақстанның құрамында шетелдіктер бар заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Мемлекеттік шекараның аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беру құқығында берілетін болады. Ал, мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді. Бұл аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың мұқтаждығы, яғни, жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. 

"Заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің жаңа жолдарын белгілей отырып, оларды тиімді пайдаланылуға бағытталған.  Қаралып отырған жаңа нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялы болуына ықпал етеді, сондай-ақ жерлерді беру жүйелерін ақпараттандыруға және қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуін көздейді", — деп қорытты сөзін вице-премьер.

Осыған орай, өз пікірін ортаға салған Мәжіліс Төрағасы:

- Бұл Кодекстің ең негізгі ерекшелігі – ол осы жер қойнауы саласындағы барлық сұрақтар бір құжаттың ішінде жинақталған. Соның нәтижесінде, жер қойнауын пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де тиімді жағдай жасалатын болады, - деді.

Еске сала кетсек, былтыр елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді қазақстандықтарға сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық танытып, бірнеше өңірде шеру де өтті. Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша маңызды ұсыныстар әзірленіп, заң жобасы әзірленді.

Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан президенті қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты.