05 мау, 2020 сағат 14:47

«Жеңіске 75 жыл» коллекциялық монетасы 8 маусымда сатылымға шығады

Ұлттық банк номиналы 500 теңгелік - күмістен, номиналы 100 теңгелік - МН 25 мельхиор қоспасынан және номиналы 100 теңгелік - нейзильбер қоспасынан жасалған «Жеңіске 75 жыл» коллекциялық монетасын 8 маусымнан бастап айналысқа шығарады. Бұл жөнінде қаржы ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.

Монетаны Қазақстан Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарынан сатып алуға болады. Филиалдар мекенжайы Ұлттық банктің сайтында жазылған. Номиналы 500 теңгелік күміс және номиналы 100 теңгелік МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған «Жеңіске 75 жыл» коллекциялық монетасы қаржы институтының интернет-дүкенінде де сатылады. 

Монетаның дизайнына Ұлттық банк Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілген «Жеңіс монетасын жаса» жалпы республикалық конкурс жеңімпаздарының идеяларын пайдаланды. 

«Жеңіске 75 жыл» монетасының графикалық композициясының негізінде соғыс әкелген алапатты сипаттайтын қабырғаның бөлінген жарығы аясында совет жауынгерінің стильдендірілген бейнесі бар. 

Алдыңғы жағында мәңгілік оттың бейнесі, оның жалынынан жер бетіндегі бейбітшілік үшін совет жауынгерлері өмірлерінің нышаны іспеттес көгершіндердің көкке самғаған бейнесі көрсетілген.

Композицияның оң бөлігінде – қалампыр гүлінің стильдендірілген бейнесі. Жоғары бөлігінде – мерейтойлық даталарды бөліп тұрған және жауынгердің бейнесін ұстап тұрған бес қырлы жұлдыз бейнеленген.

Монетаның реверсіндегі жазу кириллицада орындалған, бұл сол уақыттағы оқиғалармен тарихи байланысты баса көрсетеді. 

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. 

Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар барлық төлемдер бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шотына есепке жазылуға және аударылуға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Еске сала кетейік, коллекциялық монеталар айналысқа 27 наурызда шыққан болатын. Алайда елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты монетаны сату кейінге шегерілді.