21 қаз, 2019 сағат 14:13

Жеңіс Қасымбек жол үстіндегі бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек полицияға жол үстіндегі бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Бүгін түнде мас күйде көліктің тізгініне отырған жүргізушінің кесірінен болған жол көлік оқиғасы үлкен қоғамдық пікір тудырды. Өткен аптада жол ережесін өрескел бұзған жүргізушінің кесірінен қоғамдық көлік аударылды, бұдан басқа, тас жолда болған екі жол апатынан 8 адам көз жұмды. Ең алдымен, бұл жерде адамдар мен олардың туған туыстарының тағдыры ауыр сынға тап болды» деп жазды Жеңіс Қасымбек Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ, ол полиция қызметіне жол үстіндегі бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырғанын айтты.

«Әуесқой автомобильшілер мен жаяу жүргіншілер, бәріңізден жолда жүру этикасына көңіл бөліп, жол жүру ережелерін сақтауларыңызды сұраймын. Өздеріңіздің және туыстарыңыздың өміріне абай болыңыздар!» деген кеңес берді облыс әкімі.