14 там, 2019 сағат 15:03

Жеңіліп көрмеген қазақ боксшысы титулдарын сәтті қорғады

Аустралияның Сидней қаласындағы ICC Exhibition Centre аренасында өтіп жатқан бокс кешінде қазақстандық талантты боксшы Айдос Ербосынұлы кезекті рет рингке шықты, деп хабарлайды Sports.kz сайты.

27 жастағы Айдос жергілікті Рокки Йеркичпен айқасты. Екінші орта салмақта он раунд өткен жекпе-жекте төрешілер 99-91, 98-92, 98-92 есебімен жеңісті Айдосқа берді. Сөйтіп, қазақстандық кәсіпқой WBO Global, WBA Inter-National және WBC Asia Continental титулдарын қорғап қалды.

Айдос осымен 12-рет жеңіске жетті (соның сегізі - нокаут). Ал 17 жеңісі (13 нокауты) бар 31 жастағы Йеркич екінші рет жеңілді.

Осы бокс кешінде тағы бір қазақстандық боксшы өнер көрсетті. Жартылай орта салмақта Нұрсұлтан Жаңабаев (8-0, 5 КО) та төрешілердің шешімімен аустралиялық Стива Гагоны (11-1, 4 КО) жеңіп, WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific титулдарын қорғады.