08 сәу, 2021 сағат 12:56

Жемқорлықпен күрес: Ақмола облысында емдеу мекемесінің басшысы ұсталды

Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа күдікті ретінде «Авиценна» емдеу-алдын алу мекемесінің басшысы Жанар Молдантаева ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты судьясының 2021 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен күдікті Жанар Молдантаеваға қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. 

«Сотқа дейінгі тергеу органдары Ж.Молдантаеваға Қылмыстық кодекстің 189 бабы 4 бөлігінің 2 тармағында (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік келтіріп отыр», - деп атап өтті ведомстводан.

Қаулы Ақмола облыстық сотының апелляциялық алқасына шағымданды.

Айта кетейік, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Ильясов Сулен өзіне сеніп берілген өзгенің мүлкін иемдену немесе шығындағаны үшін күдікке алынған болатын. Күдіктіге қатысты 1 сәуірде екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Сот қаулысына апелляциялық алқаға шағым жасалды. 

Ведомстводан атап өткендей, апелляциялық істерді қарау бүгінгі күнге тағайындалды. Күдіктілердің екеуі де бір баптан өтіп, бір күні қамауға алынды. Бірақ бұл екі мәселе байланысты ма, жоқ па, әлі анықталған жоқ.

"Ұлт ақпарат".