11 мам, 2020 сағат 09:51

Жемқорлық туралы хабар берген адамның ақпараты шынайы болуы керек - агенттік

Қазақстанда парақорлық жағдайын хабарлауға байланысты көзқарас қандай?

Парақорлықты хабарлауға шақыру – бәлеқорлықты туындатпай ма? Бұл сұраққа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің Расул Медетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Сондықтан әрине белгілі бір жерде парақорлық фактісі тіркелетін болса ол жайлы хабарлау – біздің міндетіміз, азамат ретінде парызымыз. Бірақ бұл ретте бір мәселеге назар аудартқым келеді. Өзім де өңірлерде жұмыс істедім. Азаматтардың кейбірі анау жерде мынадай, мынау жерде анадай парақорлық болып жатыр деп негізсіз әрі дәлелденбеген ақпарат беріп жатады. «Қымбат көлігі бар, демек пара алады» екен деген осындай алыпқашпа сөздер шындыққа жанаспауы да мүмкін. Сондықтан келіп түскен ақпарат міндетті түрде шын болуы керек», - деді Расул Медетов агенттіктің Facebook парақшасындағы сұхбатта сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері белгілі бір адамның дәлелсіз сөзіне бола сол адамды ұстай алмайды.

«Себебі кез келген адамның Конституциямен бекітілген құқығы бар. Заңды түрде бәрі дәлелденуі керек», - деді ол.