21 қаң, 2019 сағат 20:41

Жемқорлық дауы: ҚР БҒМ Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жауап берді

ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттен қаржыландырылатын ғылыми жобаларды іріктейтін Ұлттық ғылыми кеңес құрамына бірнеше меморганды қосуды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, ғылыми жобаларды қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық ғылыми кеңеске ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, прокуратура органдарының, Есеп комитетінің өкілдерін енгізу ұсынылды.

«Министрлік ғылым саласын гранттық қаржыландыру жүйесіне нормативтік және заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігімен келіседі. Аталған жұмыстың жаңа бағыттарын өткен жылы ғылыми қауымдастық кеңінен талқылап, қолдау білдірген еді. Министрлік ҚР Президенті Әкімшілігі, Есеп комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен келіп түскен ұсынымдарды жинақтады. Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілерге сәйкес өзгерістер мен толықтырулар әзірленіп жатыр», - делінген ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі жіберген хабарламада.

Сонымен бірге, Ғылым комитеті қаржыландырылатын жобалар бойынша Ұлттық ғылыми кеңес ғалымдары күмәнді шешімдер қабылдайтындығы туралы пікірмен келіспейді.

«Ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурсына қатысушылар тарапынан мүдделер қайшылығын болдырмау мақсатында, әділдік пен тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін Ғылым комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Рахымжан Нұрсейітов Ұлттық ғылыми кеңес құрамына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерін және қажет болса, ҚР прокуратура органдары мен Есеп комитетін қосуды ұсынды. Ғылым комитеті шешімдеріне не министрлік, не Ғылым комитеті әсер ете алмайтын ҰҒК ғалымдарының қаржыландырылатын жобалар бойынша күмәнді шешім қабылдады деп санамайды», - делінген хабарламада.

Ғылым комитеті барлық ғалымдарға өз жобасы бойынша ғылыми жұмыс нәтижелерін тұрақты түрде қоғамға хабарлап отыруды ұсынды.

Айта кетейік, өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев Ұлттық ғылыми кеңесті жемқорлыққа жол берді деп сынаған болатын. Оның айтуынша, Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамын жасақтауда заң өрескел бұзылған.