11 қар, 2016 сағат 12:24

Желтоқсан – 1986: саяси қарсылықтың мәні мен сабақтары

Ерекше саяси құбылыс

Кеңестік Қазақстанда 80-жылдары сырт көзге ұлттар арасында түсіністік қатынас қалыпты, достық пен сыйластық үйреншікті жағдайға айналған,  халықтың партияға сенімі берік, мазасыздануға негіз жоқ сияқты еді. Ұлттардың бірлігі, аралас некелер, олардың бір-бірімен сіңіскені соншалықты, тіпті, бөліну, метрополияға қарсылық туралы ойлаудың өзі мүмкін емес сияқты болды. Міне, осы ұлттар достығының лабораториясында күтпеген жарылыс болды. Бұл қарсылық сырттай Қазақстанды басқаруға орталықтың елдің экономикасын, мәдениетін, менталитетін білмейтін адамды жіберуіне байланыс­ты болды. Бірақ, бұл оның негізгі себебі емес, сылтау ғана еді. Сол заманғы саяси жағдай  үшін бұл күтпеген, тек Кеңес Одағындағы емес, әлемді дүр сілкіндірген, барлық демократиялық күштердің назарын аударған Уақиға болды.  «Желтоқсан уақиғасы», «Алматы уақиғасы» атанып бұл қарсылық тарихқа, ғылыми еңбектерге де енді. «Дегенмен бұл қандай Уақиға еді?» – деген сауал туады. Философияда табиғат пен қоғам ірілі-уақты физикалық, химиялық, биологиялық, геологиялық, экологиялық, әлеуметтік, саяси тағы басқа да уақиғалардан тұрады. Болмыстың өзі бір-бірімен ықпалдасып жатырған уақиғалар. Олар бір-бірімен іштей байланыста: болашақ бүгінгі күннен бастау алса, бүгін өткеннің жалғасы, қорытындысы. Бірақ, тарихи процесс түзу сызық емес. Бүгінгі күн кешегінің жалғасы ғана емес, сарапшысы, болашақты айқындаушы. 

Уақиға көп мәнді ұғым, әсіресе, тарихи уақиғаның орны бөлек. Ол күнделікті  ағымдағы уақиғаның бірі емес. Уақиға тарих барысындағы белгілі бір уақытты, белестерді анықтаушы шекара. Тарихи процесті уақиғаға дейін, уақиғадан кейін деп ажыратады. Сондай-ақ, Қазақстан тарихын да Желтоқсан-1986ж.Уақиғасына дейін, Желтоқсаннан кейін деп кезеңге бөлуге тұрарлық. Орыс ителлигенциясының өкіл­дері 1941 жылғы неміс фашистерінің кеңес үкіметіне қарсы соғысы бізге орыс халқының өкілі екенімізді сезіндірді, ұлтымыздың тағдыры туралы терең ойлануға итермеледі деп айтып, жазып жатады. Ал, желтоқсан Уақиғасы мидай ұлттар араласып, бір-біріне сіңі­сіп, ассимиляцияға ұшыраған, оны идео­логияның күшімен интеграция, халықтар достығы деп қабылдаған ортада әлеуметтік әртектілігіне қарамастан қа­зақ жастарының басын қосты, қазақ ұлтының ұл-қыздарының ұлт тағдыры төңі­регінде мұңын, жауапкершілігін сезінетіндерін білдірді. Қоғамдағы жағ­дайға байланысты саяси қарсылықтар әр­түрлі көрініс алады. Ол саяси режимге  бай­ланысты, биліктің рұқсатымен саяси күші бар қарсылықтар, мысалы, Семей полигонын жабу және биліктің санкциясын, рұқ­сатын алмаған қарсылықтар, олар кейде революцияға әкеледі. Мысалы, 2004 жыл­ғы Украинадағы сайлау қорытындысын бұрмалауға байланысты сары қызыл («оранжевая революция») саяси жағдайды өзгертіп, саяси бағыттың  жаңаруына әкелді. Мазмұны жағынан қарсылықтар саяси, әлеуметтік және мәдени болып бөлінеді, амалы жағы­нан қарсылықтар қарулы және бейбіт қарсылықтар болып бөлінсе, түрі жағынан әр алуан: көтеріліс, бүлік, көшедегі саяси қар­сылық акциялары, митинг, ереуілдер, аштық жариялау. Олар қоғамнан қолдау табуы да, таппауы да, кейде оның төңірегінде  қоғамдық пікір екіге жарылуы да мүмкін. 

Сөз жоқ, жастарды қазақ ұлтының талай мәселелері ойландырған. Неге мен ана тілімде білім ала алмаймын? Неге қазақ мектептері аз? Неге қазақ тілі өмірдің көптеген салаларында қолданыстан ығыс­­тырылған? – деген сияқты сауалдар іш­тей тоталитарлық билікке қарсы көңіл күй туғызып күнделікті тұрмыспен қатар жүре берген. Сондықтан, Желтоқсан  уақи­ғасының шым-шытырық көрініс­те­рінде тоталитаризмге саяси стихиялық көтерілістің де, ашу-ыза, наразылық, тол­қу, билікті абыржытқан, асып-сас­тырған биліктің де, әлемде сол заманда да, бүгін де кең тараған  көшедегі саяси қарсылық акция­ларының  да, орталық биліктің үстемдігіне радикалдық саяси келіс­пеушілік те көрініс алды. Қайта құру, жаңару, сөз бостандығы, жиналыстарға еркіндікті демократиялық құндылық деп есептеген негізінен студенттік жастар билікке наразылық білдірді. Желтоқсан уақиғасы, сондықтан, бейбіт сипаттағы көтеріліс.

Көтеріліс, бүлік, әртүрлі шиеленіс пен қақтығыстардың салдарын салыстыру үшін батыстық ғалымдар қантөгістің коэффи­циентін (коэффициент кровопролитности) енгізді. Осы өлшеммен келгенде Желтоқсан қарсылығы негізінен бейбіт наразылық болды. Көшедегі  саяси акцияға шығуға жөн сілтеген, ықпал жасаған интеллигенция өкілдері болған болар. Бұл ұйымдасқан көтеріліс деуге негіз жоқ, саяси көте­ріліске шыққандар бағдарламалар, петиция ұсынылмады. Бұл саяси келіс­пеушілік, биліктің шешіміне жауап, бірақ, саяси құрылымды ауыстыру мақ­саты, тіпті, болған жоқ, радикалды өзгертуді көздейтін саяси әрекеттерге бармады. Оған қатысушылар негізінен студент жастар, көтерілістің саяси температурасы, қарқыны, өте жоғары болды. Идеологиялық және психологиялық жағынан Кеңес елінде әртүрлі қарама-қарсы пікірлер де туғызды. Биліктің  көтеріліс әдейі ұйымдастырылған, ол Қонаев тұсында жоғары мансапқа ие болып, енді, жылы орнынан кететіндердің әрекеті деген саяси болжамдары нақты дәлелденбеді. Наразылық көрсетіп көшеге шыққан азаматтардың хұқын сыйлау, барынша төзімділік таныту, тіпті, дөрекі қылықтар байқалып, тіл тиіп жатса да шыдамдылық көрсету, билікті асыра пайдаланбау ХХғ. 80-жылдарында да, бүгін де бізде қалыптаспаған мәдениет. Көтеріліс күшпен басылды.

Желтоқсан көтерілісі кеңестік отар­шылдық саясатқа қарсы алғашқы көтеріліс еді. Бұдан 30 жыл бұрын ол үлкен тарихи сілкініс болды. Оны сол заманда ой елегінен өткізу оңай емес-ті. Албырт жастардың отаршылдық саясатқа, тоталитарлық жүйеге қарсы шығуының, сол кездегі жариялылық, демократиялық идеяға сенген студенттер мен қара күш иесі армияның арасындағы күрестің астарында қазақтың ұлттық идеясы жатты. Бұл көтеріліс – Кеңес Одағын құрдымға кетіруге бастау болған және құрамындағы бодан халықтардың  азаттық козғалыстарына дем берген тарихи кұбылыс.

Саяси-тарихи және идеологиялық алғы-шарттар

Әйгілі Желтоқсан көтерілісіне кенеттен пайда болған стихиялы козғалыс ретінде емес, қоғамның  даму барысында өмірге келген табиғи, заңды құбылыс ретінде қарауымыз  керек. ХХ ғасырдың 50-жылдары мен 60-жылдардың басында кеңес ұлт саясаты қайшылыққа толы еді, ең бастысы орталыққа қарсылық күшейді. Бұл «жылымық» И. Сталиннің жеке басына табынушылықты сынау, «ұлтшылдар» деп айып тағылғандарды ақтау заманы еді. Осы кезде одақтас республикалардың құқын кеңейту, өз мәселелерін өздері шешуге мүм­кіндік беру де, әсіресе, экономика, білім, мәдениет салаларында қолға алынған. Сонымен бірге, Орталық халықтардың еркіндікке ұмтылуынан қорықты, дербестікке құлшы­ныс үрей туғызды. Ресми саясатпен келіс­пейтін, қарсы пікір айтатындарды диссидент деп айта бастады. Өзгеше ойлайтындарды, басқа ойды ұстанушыларды инакомыслящие деп те атады.

Орталыққа қарсылық алуан түрлі болды: листовкалар тарату, жасырын ұйымдар құру, бүлік шығару, орыстарға қарсы еліне оралған шешендердің көте­рілістері, шешендерге қарсы орыс шови­низмі.  Кеңес ұлт саясатына қарсылық туралы енді-енді айтылып, жазылып жүр. 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында үстемдік саясатқа қарсылық білдірген 8124 адам сотталған, партиядан, комсомолдан шығарылғандарды есептемегенде. Н. Хрущевті либерал, демократ деген жалған екені белгілі болды. Аттарын жасырып, қолдары қойылмаған орталыққа жазылған аноним хаттардың 27,2 пайызы ұлт саясатына наразылық білдірген. Украина мен Белоруссиядан хаттар Одақтан бөліну мәселесін ашық қойған. 20 украиндықтың сотталғаны туралы ақпарат қазір жарияланып жатыр.

Қазақстанда да әр түрлі ұйымдар өмірге келді. 1963 жылы қараша айында Мәскеу қаласында қазақ студент жас­тарының «Жас тұлпар» ұйымы құрылды. Жастар «Қазақ қашан еңселі ел болып, өрдегі өркениетті жұрттың қатарына қосылады? Адамзат көш-керуеніне қайт­­сек еңсесін көтеріп ере алады» деген ой қазақ жастарын мазалады [1]. Жас тұл­парлықтар Алаш идеяларының мұрагері, жалғастырушы ретінде социа­листік заңнамалық шеңберінде мәдени-ағартушылық жұмыс жасады. Кеңес Одағындағы ұлттық мәселелерді ортаға салды. Ұлт, тіл, мәдениет мәселелері жө­нінде қазақ жастарының көзін ашты.

Н. Хрущевтің Қазақстанға көзқарасы түзу болмады, елді бөлшектеу саясатын айламен де, күшпен де жүргізуге тырысты. Қазақстанның жер аумағының кеңдігін, жер асты байлығының молды­ғын, өндіріс салаларының көптігін сылтау етіп, Қазақстанды бөлшектеу саясаты қолға алынды, ал, оның қай жерін кімге беруді тек орталық шешеді деп үйренген Мәскеу шенеуніктері Қазақ Республикасының тұтастығына қауіп төн­дірді. Қазақстанның бірқатар аудандарын, әсіресе, нағыз жерұйық деп аталған Бостандық ауданын Өзбек ССР-на беруге, Ақмола, Көкшетау, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары (оның ішінде Целиноград, қазіргі Астана қаласы да бар) Ресейге берілуіне Ж. Ташеновтың қарсылығы, осы жолдағы қайсарлығы, елді жігерлендірді, ой салды. Ж. Таше­новтың артында не елдің ішінде, не сыртта оны қолдайтын ұйым болған жоқ,  ол ешқандай материал таратпады. Ол тек білімділігімен, парасаттылығымен, ұлтжандылығымен орталықтың бетін қайтарды. Ж. Ташенов феномені қазақ әдебиетшілерін қанаттандырды, шабыт берді. Өмірге Ж. Нәжімеденов пен Ш. Калдаяқовтың кейін гимнге айнал­ған «Менің Қазақстаным» әні, Ж. Мол­дағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы, И. Есенберлин мен Ә. Кекілбаевтың романдары, басқа да шығармалар ұлттық патриотизм идеясын ел санасына сіңірді. Ж. Ташенов феномені, ұлттық идеяның әдебиетте, ұлт санасына терең ұялауы Желтоқсан көтерілісіне рухани дайындық болды.

Қазақстандағы ұлттық патриотизмнің өсуі, соңғы кезде белгілі болғандай, 60-70 жылдардан бастап астыртын, құпия түрде орыс ұлтшылдығының бас көтеруіне де түрткі болды. Совет үкіметінің саясатына наразылық орыстардың да Коммунистік пар­тияға қарсы шығуына негіз болды. Партияны «орысшыл» емес деп кінәләді. Орыс ұлтшылдығымен күресу Мәскеуге де оңай болмады. «Орысшылдар» капитализмді мадақтаған жоқ, орыс патриотизмін алға тартып, орыс ұлтының мәртебесін көтеру, орыстың «қасиетті рухын» сақтау үшін күресті. Ал, орыс идеясы орыстарға ұнады. Елдегі жағдайдың қиындауы мемлекет басшылығында еврейлердің де көпшілігімен түсіндірілді. Кейде партия мен үкімет аппаратындағы еврейлер туралы статистика қолдан-колға тарады. Орталық комитеттің қызметкерлері де ресми емес жағдайда орыс идеясын қолдайтындарын жасырмаған. Мем­лекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төр­ағасы В. Чебриковтың 28. 03. 1981 жылғы Орталық комитетке жазған есебінде былай делінген: «В последнее время в Москве и ряде других городов страны появилась новая тенденция в настроениях некоторой части научной и творческой интеллигенции, именующей себя русистами». Бұл идеяны шетелдік орыс эмигранттары мен саяси орталықтар қолдап, халықтар арасында іріткі салуға тырысты. Совет Одағындағы АҚШ, Батыс Германия, Италия елшілері де белсенділік танытып, русистермен байланыс жасап, мәліметтер жинай бастады. Олар русистерді Совет үкіметіне, басқа кеңес халықтарына қарсы қоюдың жолдарын іздеді. Диссиденттермен салыстырғанда, руссистермен байланыс жасау оңай еді және олар сан жағынан көп болды. Орыс мәдениетін, ескерткіштерін қорғап, орыс ұлтын аман сақтап қалу мәселесі совет үкіметін құлатпай іске аспайды деген ойға тірелді.

В. Чебриковтың айтуынша, тіпті, 60-жылдары русистер Огурцов, Вагин, тағы басқалар күшпен совет үкіметін құлатуға дайындалған. Ал, русистер Осипов пен Иванов жасырын журнал шығарып тұрған. Иванов «Логика кошмара» и «Рыцарь неясного образа» атты романдардың авторы. Бұл шығармаларда кеңес үкіметін орыс ұлтына қарсы мемлекет ретінде, ал мемлекет басшылары қара бастарының қамы үшін талай қылмыстарға, төңкерістерге, дөрекілікке барған адамдар ретінде суреттелген. Бұл тарихи шындық болғанмен Кеңес үкіметі басқа ұлттарды одан да артық қудалағанын олар көрмеді де, назарына ілмеді де. Иванов пен Осиповке орыс зиялыларының есігі ашық болған. Әсіресе Илья Глазунов оларды қолдап отырған. Русистердің ой-пікірі сайып келгенде орыс шовинизмімен ұласып жатты. Олар орыс ұлтын қорғай алмайтын Кеңес үкіметі қоғамды басқаруға қабілетсіз деп бағалады. Сөз жоқ, орыс шовинизмі ұлттық республикаларда қарсылық туғызды, ұлттық патриотизмнің өсуіне әкелді. Осылай, бір жағынан, Ж. Ташенов сияқты ұлт қайраткерлерінің орталықпен күресі, екінші жағынан, орыс шовинизмі Кеңес Одағының іштей ыдырауына әкелді [2]. 80-жылдардағы қазақ жастары 60-жылдардағы қазақ жастары емес еді. Осы екі арадағы саяси, мәдени өзгерістер, олардың сана-сезіміне үлкен ықпал етті. 

Саяси психологиялық талдау

Отарланған елдерде саяси психологиялық тұрғыдан өте күрделі ахуал қалыптасады. Оны «екі жақты сана» деп атайды. Отарлаушылар тәуелді елдерде жартылай құдай, өз айтқандарын істетеді, өз тілін, дінін таңады. Отарланған, бағынышты ұлттың өкілдері айтқандарын екі етпейді, тілін, мәдениетін, көзқарасын, тәртібін қабылдап, өз мүмкіндіктерін дәлелдеп күн көреді. Осылай отарланған ұлт отарлаушының маскасын киеді. Отарлаушы элита астамшылықты ресми саясатқа айналдырып, оған киелі мағына береді, сол арқылы үстемдігін дәріптейді, әсіресе, тәуелді халықтың тілін құрту арқылы елін құртуға кіріседі. Өзін кемсіту, менсінбеу, төмен санаумен бетпе-бет келіп, кемсітудің азабын тартқан отарланған ұлтта қарсылық туады, кейбіреулерінің жүйкесі тозады, өз құндылықтарынан айырылып қалмауды ойлайды. Бұл психология желтоқсандықтарға және көшеге шықпаса да олармен тілектес, ниеттес қазақ патриоттарына тән. Бұл ұлттық саяси психологияның бір жағы. Екінші қыры – ол ұлттық конформизм, отарлаушы ұлттың қысымына көнгіш, икемді, тілін, дәстүрін қабылдағыш, бірте-бірте оның сойылын соғып, өз ұлттық мүд­­десінен алыстағандар. Ұлттық конформизм, партияның сойыл соққандар  қа­зақтар арасында басым көпшілік болды.

Орыс билігі қазақтар арасынан олардың сөзін сөйлейтін, тапсырмасын бұлжытпай орындайтын, отаршыл саясатты жақтайтын интеллигенция өкілдерін тәрбиеледі. Бір­қатар біз сияқты қоғамтанушылар да орта­лыққа қарсылықты жиналыстарда ашық сынады. Коллаборационалистік психология желтоқсан көтерілісі тұсында әртүрлі көрініс алды. Үстем халықтың бюрократиясы алдында жағымпаздық танытып, отарлау саясатын көтерілісшілдерді айыптайтын хаттар жазып, жарылқаушы, орыс ұлты тек озық мәдениет пен тұрмыстың ғана үлгісі деп жариялады. Өз халқын кемсіту, өз мәдениетін, өз тілін қорсынуға дейін барғандар болды. Халықтардың өзара сыйластығын аралас некелер санымен өлшеу де орын алды. Өзара қырқысып, руға, жүзге бөлініп жүрген қазақ элитасы бір-бірін сынап-мінеп, бәсекелес ру, жүз өкілдеріне қыр көрсетіп, әсіресе, Д.Қонаевты сынау етек алды. Бұл алауыздық орталыққа жақты, ол интернационализм, таптық бауырластық деп бағаланды. 

Ұлттық патриотизм мен ұлттық конформизм («тек жүрсең, тоқ жүресің») психологиялық ұстанымдар арасында екі ойда болып, не әрі, не бері емес, солқылдақ білдіруші қазақтар да аз болмады. Ал отарлаушы орыс, славян тектілер қазақ еліне бейімделмеді. Оларда да екі жақты сана қалыптасты. Олардың бұрын да өздерін белгілі бір дистанцияда ұстап, менсінбей, мүсіркеп қарап, қазақтардың тілі, мәдениеті, дәстүрінен оқшауланып, Қазақстанға табыс, пайда көзі­мен қарағандары  белгілі.  Осылай, Қазақстанда авторитарлық шовинистік астамшыл тұлға қалыптасты. Бұл еліміздегі үстем ұлт өкілдерінің психо­логиясының бір жағы. Желтоқсан   көте­рілісі тұсында олар, әрине, оған негізінен қарсы болды, қо­рықты, сақтанды, біреулері әртүрлі қауе­сеттер таратып, екін­шілері оған сенді. Оның себептері де баршылық. Қазақстандағы орыстар, жалпы славяндар кеңес заманында экономикалық, мәдени, әлеуметтік жағынан жайлы өмір сүрді. Негізінен қалада, қолайлы пәтерлерде, инженерлік-техникалық сала­да жұмыс жасады.  Мемлекеттің тілі, мәдениеті, мемлекеттік идеология, құнды­лықтар негізінен орыс халқының ұлттық мүддесімен үйлесіп жатты. Наурыз мерекесіне тыйым салынып, православ славяндардың күнтізбесімен жаңа жылдар тойланды, кеңес адамының мінез-құлқымен өлшенді («русский характер»), жыл мезгілдері де орыс хал­қының дәстүріне бейімделді («русская зима»). Кеңестік мерекелер  орыс тілінде  аталып өтілді. Өздерін жоғары бағалап, отарланған ұлтқа астамшылықпен қа­рау­ға бейімделгендер енді өздері менсін­беген, тіпті, қудалаған қазақтардың бас көтеруін, Мәскеу шешімімен келіспеуін орыс халқына қарсылық, оны сыйламау, қырсық, қыңырлық деп қабылдады, мәңгірді. Сондықтан, көтерілісті күшпен басу­ды, өктемдік саясатты қолдады. Үстем ұлттың бұл тұста психологиялық тұрғыдан екінші жағы да көрінді: асып сасу, абыржу, зорлық, өктемдікті қолдау, бағынышты халықты ырыққа көндіру және халықты соған сендіру. Ал, бастарына қиындық туғанда қазақтар ығысып үйлерінен орын берген, дастархандағы нандарымен бөліскен диаспора өкілдерінің көбі қазақ халқына көңілдерінің дұрыстығын айтып, көтерілісті ашық сынамады, өкініштерін білдіргендері көп болды.

М. Шаханов басқарған беделді комис­сияның қорытындысы: «…Қазақ жаста­рының бой көтеруінде ешқандай ұлт­шылдық жоқ, бұл олардың азаматтық және саяси көзқарасын емін-еркін біл­діру хұқы» – деген тұжырым кейін жасалды. Көтеріліске орталықтың астамшылық, менмендік саясатымен оны қолдаған билік­тегі қазақ және орыс элитасы қарсы болып еді. Бұл наразылық Кеңес Одағында ұлт мәселесі шешілді деген партия тұжырымын жоққа шығарды.  

Желтоқсан сабақтары

Желтоқсан көтерілісінің  басты себебі­нің бірі мемлекеттің ұлт саясатының екіжүзділігінде еді. Мемлекет деңгейіндегі ресми, сөз жүзіндегі стратегиялық саясат халықтар достығын ұлттық мүдде мен жалпыодақтық мүддені үйлестіру, ұлттық мәдениеттер мен тілдерді дамыту негізінде  Кеңес Одағын нығайту болса, іс жүзінде күнделікті саясат ол мүддемен үйлесе бермейтін. Орыстандыру, ассимиляция үдерісі қарқындап, орыс тілі, мәдениеті үстем бола берді, көзбояушылық пен цинизм қарқын алды, ұлттық құндылықтардың күні өтіп барады деушілер көбейді. Ұлттық мүддеге құрметпен қарайтындардан сескеніп, билік оларға әртүрлі жағымсыз саяси айдар тақты, тіпті, айыптады, соттады.

Желтоқсан көтерілісінің себептерін тал­даған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ Пленумында жалпы іс пен сөздің алшақтығы, саяси сенімнің төмендігі, саяси тәкәппарлық, менмендік, құр мадақ биліктің беделін түсіргендігін мойындады. Г. Колбин: «Адамның еститіні бір басқа да, өмірде көретіні бір басқа болса, оған іс жақсы жүріп жатыр деп айтылғанмен, іс жүзінде ол көптеген кемшіліктерді  байқамайтын болса, міне, сонда ол айтылып жүргендерге күмәнмен қарай бастайтын болады» [3].

Белгілі экономист Егор Гайдар кезінде авторитарлық режимдердің өмірі қысқа, олардың орта жасы 1990 жылдардың өлшемі бойынша 9,3 жыл дейді. Оның болжауынша, постколониалистік елдерде экономикалық даму үшін авторитарлық билік тиімді. Себебі, біріншіден, постколониалистік елдерде ел басқарудың байырғы демократиялық дәстүрі ұмытылған, ал отарлаушы жүйе тұсында билік күшке ғана негізделген. Екіншіден, осыдан келіп экономикалық және саяси өзгерістерді қатар, қосарлап жүргізу тұйыққа тірейді, саяси тұрақсыздыққа апарады. Сыртқы фактордың да ықпалын ескеру жөн [4]. Бірақ, саяси билікті шектеудің шегі барлығы белгілі. Авторитарлық жүйе оппозицияны басып, өздерінің саяси конкуренттерін ығыстырып, бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауда ұстап, өз билігін мәңгілік деп есептейді. Олар мәжбүрлеуші күштер күш­тік құрылымын, билік партиясы, БАҚ, олардың билікті олардың қолында тұрақты ұстап тұруға болады деп есептейді. Елімізде кеңес заманынан жалғасып келе жатырған халықтың қандай да болмасын белсенділігіне жағымсыз  саяси баға беру дағдысы жалғасуда. Билік қолдан келгенше қуғын-сүргінге дайын тұрады. Кез келген демократиялық саяси амал-әрекетке, егер оған жоғарыдан санкция алынбаса, біздің билік тыйым салады. Сондықтан, демократиялық институттардың бірден қалыптаса алмайтыны белгілі. Үс­темдік жасап келген күштік құрылымдар, мемлекет аппаратының қызметкерлер, билік партиясының жаңа демократиялық билікке бейімделе алуы өте қиын.

Сынағанның жөні осы екен деп, ауызды қу шөппен сүртіп, қазақтың жағ­дайын тым сүмірейтудің де реті келмес. Ұлт үшін, тіл үшін біраз шаруалар істелініп  жатыр, әсіресе, қазақ мектеп­терінің санының өсуі қуантады. Дегенмен, қазақ қарнының ашқанынан гөрі, мемлекетқұраушы ұлт ретінде қады­ры­ның қашқанына ренжиді. Егер, қазақ мемлекетіндегі өткір ұлт мәселесін айтатын болсақ, қазақ мемлекеттілігі жөнін­де проблема туындайды. Отандық және халықаралық қүқықтық тұрғыдан Қа­зақ­стан Республикасын ұлттық мемлекет деуге, қазақтарды мемлекетқұраушы ұлт деуге негіз бар. 1966 жылғы қабыл­данған азаматтық саяси құқықтар жөнін­дегі Халықаралық пакттың 1-бабы бар­лық халықтардың өзін-өзі билеуге құқы бар деп ұлттық мемлекетті әлемдік құрылымның іргелі категориясы ретінде қарастырады. Францияда ұлт саясаты француздардың, Германияда немістердің, Ресейде – орыстардың мүдделерінен шығатыны белгілі. Біріншіден, азаматтық қоғамда бұқаралық ақпарат құралдар саласында мемлекеттік тіл міндетті түрде басым­дыққа ие. Екіншіден, азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді меңгеруді міндет­тейді, білмейтіндерді азаматтыққа қабыл­дамайды. Үшіншіден, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдайды, іс-қағаз тек мемлекеттік тілде жүреді. Төртіншіден, сот жүйесі, құқық қорғау органдары ашық та, астарлап та байырғы ұлттың тілін, дәстүрін қорғайды. Бесіншіден, экономикалық салада жердің, жер байлығының иесі мемлекеттің тірегі болатын байырғы ұлтқа тиеді. Қазақ ұлтының француздар, немістер, орыстар, басқа да дамыған ұлттармен салыстырғанда олқылығы, кемшілігі көзге ұрып тұр. Бүгін мем­лекет басқаруды демократияландыру мәселесі өткір қойылып отыр. Сырттай мемлекет барлығын басқарады, өз ырқына  икемдейді, барлығын қадағалайды дегенмен, желтоқсан уақиғасы күнделікті тұр­мыстық деңгейде жасырын, көзге көрін­бейтін қарсылық, әсіресе, жастар арасында барлығын, наразылық аяқ астынан бір сыл­тауға байланысты авторитарлық қоғамда бұрқ ете түсетінін дәлелдеді. Әсіресе, ға­сырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатырған ұлттық сананы тұншықтыру мүмкін емес.  

Амангелді Айталы, профессор

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әміржан Әлпейісов. «Жас тұлпар» дүбірі. Алматы.2013ж. 
2. А. Козлов. Крамола; инакомыслие в СССР во времена Н. Хрущёва и Л. Брежнева. (По материалам Верховного суда и Прокуратуры СССР). «Общественные науки и современность», 2002 ж., № 3,4, номерлер.
3. «Социалистік Қазақстан», 15 март, 1987 жыл. 
4. Е. Гайдар. «Авторитарные режимы: причины их нестабильности». «Общественные науки и современность», 2006, №5.

"Ақиқат" журналы