09 қаз, 2018 сағат 10:44

Төреғалидің тәртібі: Алматы әуежайы шекарашының айтқанын жоққа шығарды

Алматы халықаралық әуежайы шекарашының айтқан мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2010 әскери бөлімінің қызметшісі «Время» басылымына қыркүйектің 14-і күні «Эйр-Астана» Алматы-Гонконг рейсінде болған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірген.

Ол VIP-агент билетсіз ер адамның отбасын шығарып салуына рұқсат беру туралы өтініш айтқанын мәлімдеген еді.  

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ішкі тексеру нәтижесінде әуе қауіпсіздігі қызметінің, қарау бөлімінің қызметкерлері, VIP қызмет агенттері ер адамды билетсіз өткізу туралы өтініш айтпаған. Бұған VIP-терминал дәлізіндегі камералар дәлел бола алады. Бейнематериалдар қызметтік тексеру кезінде толық зерттелді», - деді баспасөз қызметінен.

Әуежай өкілдері  жауапкершіліктен қашпайтындарын айтты.

«Қарау бөлімінің қызметкерлері өздерінің бақылау пунктінде отыру талонын көрсетуін талап етпей, өткізіп жіберген. Бұл үшін қарау бөлімінің инспекторлары Рақымгереев Ринат пен Қырғызбаев Абылай, Закирова Шолпан әрқайсысы  20 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды», - деді әуежайдан.

Әуежай таратқан ақпаратқа сәйкес, жолаушыларды тіркеу мен багаж тексеру,  boarding-контроль, бортқа отырғызу - әуе компанияларының қызметкерлерінің міндеті.

Ал ұшаққа отырғызу алдындағы паспорт тексеру, ұшаққа отырғызу алдындағы тексеруді ҚР ҰҚК шекара қызметі орындайды.

Жолаушыларды жеке тексеру, қол жүгі мен жүкті тексеру Алматы әуежайы қызметкерлерінің міндеті болып табылады екен.