29 мам, 2020 сағат 10:11

Жекеменшікке берілген Іле Алатауы табиғи ұлттық паркі қалай дамиды?

Алматыда Іле Алатауы табиғи ұлттық паркінің біраз территориясы ұзақ мерзімге жекеменшікке пайдалануға берілді. Осы орайда, парктің даму болашағы қалай болатыны туралы пресс-тур барысында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері журналистерге паркті дамытудың шеберлік жоспарын таныстырды.

Ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамыту Қазақстанда туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілмек. 

«АҚШ, Андорра, Австралия сияқты біраз елдің тәжірибесін қарап шықтық. Бұл шеберлік жоспар халықаралық тәжірибеге негізделген. Іле Алатауы паркін дамытуға америкалық модельді негізге алдық. Америкада ұлттық парктер ғасырлар бойы дамып келеді», - деді министрліктен.

Бүгінде Қазақстанда Ұлттық парктерде туристік соқпақтар, кемпингтер, санитарлық кабиналар, басқа да қажетті инфрақұрылымдар жеткіліксіз.

Шеберлік жоспарды жүзеге асыруда осы олқылықтардың орнын толтыру көзделген.

Бұл жұмыстардың атқарылуын Ұлттық парк басшылығы бақылайтын болады.Салынатын туристік нысандар Ұлттық парк жанындағы Үйлестіру кеңесінде талқыланып отырады. 

«Бірінші кезеңде Аюсай шатқалында заманауи Визит орталығы салынады. Бұл жерде келушілер парк жайлы қажетті ақпарат алып, демалыс түрін таңдайтын болады. Әлеуметтік бағыттағы нысандар, тамашалау алаңдары, көпірлер жасалады», - деді министрлік өкілдері. 

Инвесторға жалпы көлемі 35 га болатын Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Камен, Талғар, Көкбастау, Түрген орман шаруашылығы территориясы пайдалануға берілген. Тендерлік комиссияның шешімімен №1 лот жеңімпазы болып «КУЛТАУ и К» ЖШС танылды.

Бұл аумақтарда кезең-кезеңімен 10 заманауи Визит орталығы салынып, 155 шақырым жаяу жолдар жөнделеді. 

Алматылықтар үшін Іле Алатауы ұлттық паркі территориясы әрдайым ашық әрі тегін болады.