16 там, 2019 сағат 12:17

Жазушылар одағының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 250 млн теңге қаржы бөлінеді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қашан да мәдениет пен руханияттың дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгін де шығармалары көптің жүрегінен орын тапқан ақын-жазушылардың басын қосып, жиын өткізді. Қазақстан жазушылар үйінде өткен жиынға елдің бетке ұстар қаймақтары жиналған. Олар шығармашылық ұжымға арнайы келген шахар басшысына біраз ұсынысын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл қасиетті қара шаңырақ саналатын одаққа 85 жыл толғалы отыр. Торқалы той алдында қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылды. Алматы ғана емес, жалпы қазақ тарихында алар орны ерекше Жазушылар одағы ғимараты ескіргендіктен, күрделі жөндеуден өтетін болды. Ұлтымыздың дамуына үлес қосқан алыптардың ізі қалған қасиетті орданы жөндеу үшін биыл жергілікті бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлінеді. Келесі аптада Мәдениет басқармасы конкурс жариялайды. Кейін компания таңдалған соң, реставрациялық жұмыстар басталады.

«Әдебиет – ардың ісі» дегендей, қазіргі «Қазақ әдебиеті» газетінің қиын материалдық жағдайы ескеріліп, мерейтойлық жылда көмек көрсетіледі», – деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сондай-ақ, биыл қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығы. Жиналғандарды мерекемен құттықтаған қала басшысы қос кітаптың жарыққа шығуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Алматы – біздің талай ұлылардың ізі қалған, халық жүрегінен орын алған құтты мекен. Сондай-ақ, жастардың сүйікті қаласы екені анық. 

Осыған орай, қала әкімі жас қаламгерлердің шығармашылық құлшынысын арттыру мақсатында қыркүйек айынан бастап, 30 ақын-жазушыға арналған грант бөлу де жоспары барын айтты. Әзірге оның нақты сомасы мен кімнің оған қол жеткізе алатыны белгісіз. Қала әкімі лайықты жас ақын-жазушыларды анықтауды аға буынға тапсырды.