12 нау, 2018 сағат 15:30

Жазушылар Одағы Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды

Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XV құрылтайы өтті. Құрылтайда  Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа Төрағасы және орынбасарлары сайланды. 

Жазушылар одағының жаңа басшысы қызметіне көпшілік шешімімен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет лайық деп танылды.

Ал, Одақ төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Ақберен Елгезек тағайындалса, Мереке Құлкенов, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып та Одақ Төрағасы орынбасарлары болып сайланды.

Айта кетсек, Ақберен Елгезек 1980 жылы 24 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Семей облысы Шұбартау ауданы Мәдениет ауылында Е.Рахмадиев атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінің түлегі.

Ақберен Елгезек Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан «Серпер» жастар сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың және Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері. «Қазақ әдебиетін қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі, «Кентавр» ұлттық әдеби апталығының негізін қалаушы. Ult.kz интернет басылымын жарыққа шығарып, бас редакторы қызметін атқарған. 

«Көлеңкелер күбірі», «Ғаршы» (тwinbook форматында), «Шексіздік сыртындағы шам» атты жыр жинақтарының авторы. Иван Бунин, Дмитрий Мережковский, Варлам Шаламов, Владимир Высоцкий, Гийом Аполлинер шығармаларын аударған.

2001 – 2003 ж ж. – Алматы қалалық Iшкi саясат департаментiнiң бас маманы. 2003 – 2004 ж ж. – ҚР Ұлттық инженерлiк академиясы Президентiнiң кеңесшiсi. 2004 – 2008 ж ж. – Алматы қаласының Ақпараттық-талдау орталығының директоры. 2009 ж. – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi жастар ұйымдарымен жұмыс iстеу бөлiмiнiң бастығы. 2009 – 2010 жж. – ДҚҚ қарасты «Атажұрт» баспасының бас редакторы. 2010 – 2011 ж ж. – «Бөбек» ҰҒПСО-ның Адамды үйлесiмдi дамыту институтының директоры. 2011 ж. – «Бөбек» ҰҒПСО-ның Бас директоры мiндетiн атқарушы. 2012 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның вице-президенті. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты қоғамдық мониторинг бөлімінің бас маманы болып қызмет етіп, кейіннен ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2016-2017 жылдары Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің баспасөз хатшысы болып еңбек еткен. 

Мереке Құлкенов 1951 жылы 8 қарашада Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. ҚазМУ-ді 1978 жылы бітірген. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Пионер», «Қазақ әдебиеті», «Жалын» сияқты газет-журналдарда, Қазақ теледидарында қызмет істеген. Республикалық «Ана тілі» газетінің, «Таң Шолпан» журналының бас редакторы болды. Қазір «Өлке» баспасының бас директоры.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1998), Президент сыйлығының лауреаты (2002). «Достық» орденімен марапатталған.

«Жібек жел», «Таңғы самал», «Үрей», «Халел Досмұхамедовтің өмірі мен қызметі», «Қазақстан», т.б. прозалық және публицистикалық шығармалардың, «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» пьесаларының авторы. Шығармалары бірнеше тілге аударылған.

Бақыт Беделханұлы Әлдибеков 1975 жылы Алматы облысы Шонжы ауылында дүниеге келген. 1992-96 ж.ж. Абай атындағы ҰПУ де филология факультетін тәмамдаған. 1996-98 жж өнер мен өлеңді қатар алып жүрген дарын АлМУ-дың Абай атындағы философия кафедрасының аспирантурасын тәмамдаған. Сонымен қатар 1996-99 ж.ж. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр факультетінде «театр режиссері» мамандығы бойынша білім алған.

Әр жылдары театр, телевизия саласында еңбек еткен. Астанадағы «Елорда» баспасында редактор, Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрда «әдебиет бөлімінің меңгерушісі», «Қазақстан» ҰТРК да журналист-жүргізуші қызметтерін атқарған. Қазақстан Жазушылар Одағы «Әдебиетшілер үйінің» директоры қызметін атқарған.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. Халық қаһарманы туралы түсірілген деректі фильмде батыр Бауыржан бейнесін сәтті сомдап, Ауған соғысының шындығын бейнелеген туындылар жазғаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ Алматы облысы Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы атағының иегері.

Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Қарлығаш», «Қос ішек» атты ұжымдық жинақтарға енген. «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегi» атты жыр жинақтарының авторы. Ақынның «Махамбет» поэтикалық драмасы мен «Қанталапай» атты киносценарийі көрермен көзайымына айналған.

Жақып Бауыржан Өміржанұлы 1963 жылы 1 мамырда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы Аққора ауылында туған. 1985 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

1986 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызметте болды. 1986-1988 жылдары стажер-зерттеуші, 1988-1991 жылдары ассистент, 1991-1994 жылдары аға оқытушы, 1994-1995 жылдары доцент. 1995-2001 жылдары деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі, баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі, 2001-2009 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы. 2009 жылдың 20 қаңтарынан «Қазақ энциклопедиясының» Бас директоры - бас редакторы.

Б.Жақып - Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1991), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1994), Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі (2002), Қазақстан Журналистика Академиясының академигі (2006), Халықаралық Жазушылар мен Публицистер Ассоциациясының мүшесі (2006), Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2007).

Оның «Аудитория» (1984), «Баспалдақтар» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Парусь времени» (1987), «Аралым - арым, Балқашым - бағым» (1988), «Көзімнің нұры» (1990), «Айдындағы аспан» (1996), «Мұхтар Әуезов - публицист» (1997), «Ақ лақ» (1997), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007), «Қызыл қайың» (2008), т.б. кітаптары жарық көрді. Оның шығармалары орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды.

Бауыржан Жақып - Қазақстан Журналистер одағының С. Садуақасов атындағы сыйлығының иегері (1998) жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты (1984), «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999). 2004 жылы Бакуде өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындарының 11 «Хазар шеир ақшамдары» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған (2006). Түркияда Елазығ шаһарында өткен әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовқа арналған бүкіл түркі дүниесі ақындарының 15 «Хазар шеир ақшамдары» фестивалінің дипломанты (2007). Македонияның Скопье, Косованың Приштина қалаларында өткен бүкілтүркідүниесі ақындары фестивалінің лауреаты (2007), «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы (2009).