16 қаң, 2017 сағат 07:52

Жазушы, аудармашы Кеңес Юсуп дүниеден озды

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Белгілі жазушы, аудармашы Кеңес Юсуп 76 жасықа қараған шағында дүниеден өтті.

Кеңес Юсуп 1941 жылы 30 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Таврия ауданындағы Баймұр ауылында дүниеге келген. Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін 1958 жылы бітіргеннен кейін, Семейдегі өзеншілер училищесін тамамдап, Жоғарғы Ертіс кеме шаруашылығында еңбек етеді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушісі, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болып істейді. Мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Республикасының Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы болған.

«Жалын» баспасынан «Ақиқат сапар» (1977), «Қарашадағы көктем» (1981), «Охапка полевых цветов» (1983) повестері мен әңгімелерінің жинақтары, «Желқайық» кітабы («Елорда», 2000) шықты. Сонымен қатар оның терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасының аясында жарық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін алды. Сондай-ақ «Қазақстан» және «Атамұра» баспаларынан «Анықтама сөздігі» (1992), «Екі тілде іс жүргізу» (1994) кітаптары жарық көрді.

Г.Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын (1983), жас болгар жазушыларының повестері мен әңгімелерінің жинағын («Гүлжазира», 1987) аударып бастырды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2000).

Ұлт порталы ұжымы марқұмның  ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтады.