12 жел, 2019 сағат 12:08

Жазу жүйесі мен грамматикалық түрленімнің сөздік қорға әсері жөнінде

Ағылшын тілі бай ма, қазақ тілі бай ма? Көптеген дереккөздер басқа тілдермен салыстырғанда ең сөздік қоры бай тіл ағылшын тілі деп көрсетеді. Бірақ бұл ағылшын тілінің соншалықты құнарлы тіл екенін білдірмесе керек.

Мысалы, «https://www.soyle.kz/article/view» дереккөзі қазақ тіліндегі түйенің 53 атауын көрсетеді:

ойсылқара

шалқұйрық

айыр түйе

нар түйе

бота

көшек

нарбота

тайлақ

сүттайлақ

бүлдіршгін

құнанша

дөненше

тығыршын

соқтан

буыршын

атан

атанша

інгенше 

мая

аруана

тұмса

нар

нарша

үлек

бура

алаша

жампоз

 

біртума

түс айыр

ләкір

әле нар

қоспақ

балқоспақ

арақоспақ

мырзақоспақ

нар қоспақ қырысты қоспақжарбай

жөң

жөңбай

 

күрт

кердері

кезнар

қылағай 

қылқи

қалбағай

оқбақ

бекбатша

қолбатша

жөнек

шау түйе

желмая

ала көпен

Ал ағылшын тілінде түйенің небары 2-ақ аты бар:

camel – түйе

dromedary – бір өркешті түйе, нар

baby camel – бота (сөзбе-сөз «түйенің бөпесі»)

Қарап отырсаңыз, ағылшын тілінде ең қарапайым «бота» деген сөз жоқ, «түйенің бөпесі» дейді. «Түйенің бөпесі» дегенді атау деп қалай айтамыз? Егер өзімізге ат берілмесе әке-шешеміздің бөпесі, адамның баласы болып жүре бермейміз бе? Сол себепті «baby camel»-ды есепке алмай, 2 сөз деп отырмыз. Ағылшындарға тіпті «бота» деген сөзді қазақ тілінен алу жөнінде ұсыныс жасауға болатын тәрізді. Себебі, олар өздерінде жоқ сөздің барлығын өзгеден ала беруге дағдыланған. Расында, олардың табиғи дыбыстық жүйесіне мүлдем нұқсан келтірмейтін, қолданысқа қолайлы, қысқа да нұсқа, құлаққа да жағымды сөзді неге қазақтан алмасқа?

Дәл осындай көріністі, жылқы, сиыр, қой, ат-тұрман атауларынан да көруге болады. Когнитивтік лингвистикадан білуімізше, әр халықтың өз өмір-салты мен дүниетанымы өз сөздікқорынан көрініс табады. Ағылшындардың да, мәселен, бір ғана қайық пен кемеге байланысты терминдерінің саны 200-ден асып жығылады.

Мына «https://www.enchantedlearning.com/wordlist/boat.shtml» ғаламтор көзі 217 термин көрсетіп тұр. Себебі түсінікті. Түйетініміз, әр ұлттың өз шаруашылығы мен дүниетанымына қарай бір заттың (концептің) төңірегенде шоғырланған мол сөздік қоры болады да, ал басқа бір заттың төңірегенде лексикасы жоқтың қасы болып келеді. Кейбір өз өмір-салтында кездесе бермейтін заттарға тіпті атау берілмейді. Кейде зат не құбылыс таныс болса да, арагідік қолданыста болса да оған атау берілмеген болып шығады. Мәселен, ағылшындарда, орыстарда, қазақтарда (адамзат баласының барлығында деп айтайық) «дежавью» құбылысы бар, бірақ оған ат берілмеген. Сол себепті, көп тілдер осы бұрынғы өткен бір сәттің қайталанып жатқаны тәрізді құбылысты білдіретін «déjà vu» сөзін француз тілінен алған. Қазақ тілінде бұл ұғымды беруге «жаңғыршақ» деген (яғни қайта жаңғырған шақ деген мағынада) термин белгілеуге болатын тәрізді.   

Десек те, когнитивтік дүниетаным сөздікқор қалыптастырушы бірден-бір фактор емес. Тілдегі сөз санының неге бір тілде көбірек, неге бір тілде азырақ болып келуінің, сондай-ақ тілдердің құранды қабаттарының да алуан түрлі жасалуының және бір басты себептерінің бірі – тілдің өз табиғи жаратылысы болып саналатын грамматикалық түрленімінің жасалу жолы мен жазуының жүйесі.

Сонымен, ағылшын сөзі бүгінгі таңда қанша болды? Шекспирдің қаламы әлемді аузына қарататын туындыларын жазып жатқан тұста ағылшын тілі небары 6 миллион ғана кісі сөйлейтін аса бір маңызы бола қоймаған тіл болған екен. Сол тіл өзінде жоқ сөздің барлығын өзгелерден алып, жоқты бар етіп қою үшін «есігін» айқара ашып қойған еді. Сол үрдіс әлі күнге дейін толассыз жалғасын тауып, мыңдаған «бөтен» сөзге сөздіктерінен орын беріліп, «ағылшын сөзі» деген есепті көтеруге қатысып жатады.  

2010 жылы Гарвард университеті және Гугль ағылшын тілінде 1,022,000 сөз бар деп және бірнеше мыңдаған сөз жылма-жыл қосылып отырады деп көрсетеді [1]. «Ағылшын тілінде неше сөз бар?» деген сұраққа «https://www.lexico.com/en/explore/how-many-words» дереккөзі «нақты жауап жоқ» дейді. Негізгі себеп нені сөз деп санап, нені сөз деп санамау, нені ағылшын сөзі деп танып, нені есепке алмау тәрізді сұрақтар төңірегенде туындап жатады.

Қазақ тілінде қанша сөз бар? Шындығына келгенде, қазақ тілінде, сондай-ақ кез-келген аглютинативті тілдерде сөздер саны флективті тілдердегі сөздер санына қарағанда әлдеқайда көп болуы тиіс. Не себепті? Себебі, бала, баланың, баланы, балада, баладан, баламен, баласыз, балалы, балалар, т.б., яғни атау тұлғалы бала сөзіне жалғануы мүмкін жалғаулықтардың барлығы флективті тілдерде предлогтармен берілсе, предлогтардың әрқайсысы бір-бір сөз болып саналады. Ал жалғалмалы тілдерде мысалға келтірілген баладан, баламен, балалы т.б. толып жатқан грамматикалық түрленімнің әрқайсысы әртүрлі сұрақтарға жауап беретін жеке-дара, сөздіктен дербес-дербес орын тебуге әбден лайықты сөздер болып саналады. Бұл келтірілген мысал әрмен қарай баланыкі, баланыкіне, баланыкінде, т.б.с.с. есепсіз түрленіп кете беруі тиіс. Ал егер сөзді осы тұрғыдан санайтын болсақ, сөздің санына есеп жетпеуі мүмкін. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінде (2011ж.), әрине, сөз реті бұлай тіркелмеген, бала дегеннен соң бала-бажыр, балабақша болып жалғасып кетеді. Ал мұндай әрбір атау тұлғалы сөзді жалғануы мүмкін барлық жалғау-жұрнақтарымен қоса дербес сөз етіп тіркеп санайтын болсақ, тілдің сөздік қоры 15 емес, 150 томдыққа да сыймай қалуы мүмкін. Десек те, «15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі енген» деген дерек бар екенін айта кетелік [2].

Сөздікқорды жасандылықпен көбейту қажет пе? Сөздікқорды көбейту мәселесі тек қана қажеттілік тұрғысынан туу керек. Яғни, өзіңде жоқты өзгелерде бар болса, алу. Бірқатар ғалымдарымыз тілдің сөздікқорын көбейтудің жолдарын іздейді. Шындығына келгенде, ол қажет емес, себебі тілдің сапасы оның сөз санымен есептелмейді. Тілдің шұрайымен, құнарлығымен есептеледі десек ақылға қонымды. Біз бәрібір бүгінгі сөз санауымызбен қанша тырыссақ та ағылшын тілінің сөзінің санына жете алмаймыз. Оның ең басты себептерінің бірін былай көрсетейік:

Аглютинативті тіл (қазақ тілі) ≠ флективті тіл (ағылшын тілі)

Қазақ тілінде: Өтінішіміз қанағаттандырылмағандықтан – 2 сөз

AA (Американ ағылш.): For the reason our request was not satisfied – 8 сөз

БА (Британ ағылш.): For the reason our request has not been satisfied – 9 сөз

Егер бір ғана «қанағаттандырылмағандықтан» деген сөзді тарқатып жазсақ, бұл да сондай 8 сөз болады, қараңыз, 8 грамматикалық түрленім:

қанағат

қанағаттан

қанағаттандыр

қанағаттандырыл

қанағаттандырылма

қанағаттандырылмаған

қанағаттандырылмағандық

қанағаттандырылмағандықтан

Демек, біздің 1 сөзіміз, ағылшынның 8/9 сөзі болса, сөз санауға келгенде осындағы «қанағат»-тан басталып, «қанағаттандырылмағандықтан» аралығындағы әрбір сөз санаққа алыну керек болады. Ағылшын тілінің сөз санына жетіп, асып түсу үшін біз сөзімізді осылай ғана барлық жалғау-жұрнақтарымен қоса дербес жеке-жеке лексема ретінде санауымыз керек болады. Сонда жоғарыдағы мысалымыз одан әрмен қарай мәселен, балалы, балалының, балалыны, балалыда, балалыдан, балалысыз, балалымен, балалылар, балалылардың, балалыларды, балалыларда, балалылардан, балалыларсыз, балалылармен ... осылай кете беруі тиіс.

Демек, грамматикалық түрленімі аглютинация тәсілімен жасалатын тілдерде, шындығына келгенде, сөз саны грамматикалық түрленімі флексация тәсілімен жасалатын тілдердегіден әлдеқайда көп екеніне көз жеткіземіз. Біздің сөздіктерімізде сөз санының аздау көрініп жүрген себебі, біз сөздерімізді бар болғаны «басқаша» санаймыз, таратып айтсақ, 8/9 (одан да көп) сөз болатын үлкен топтамалардың түбірін ғана есепке аламыз. Мүмкін «әділетті» жолмен санағанда қазақ тілінің сөздік қорында қанша сөз бар екенін болашақта есептеп шығаруға да болатын болар.

Сөздерді біріктіріп  жазу сөз санын көтеру жолы ма? Өз тілінде сөздік қорының мол болғанын кім қаламасын, сөздерді біріктіру де, кіріктіру де тәсілдерімен сөздік қорды ұлғайту жолдарын ұсынатын ғалымдарымыз бар. Мәселен, профессор Н.Уәли: «...мазмұны жағынан да, формасы жағынан да тиянақталған, аудиобосаралықсыз айтылатын аталымдар графикалық жақтан да тиянақ тауып, бірге тұлғалануға тиіс. Мысалы: атқора, сиырқора, атарба, өгізарба, қолшана, итшана, тасжол, теміржол, жүкмәшине т.б.» [3; 102] деп, бір денотатты білдіретін сөздерді біріктіру арқылы сөздік құрамын ұлғайтуға болатынын айтады. Ауылшаруашылық, егіншаруашылық, сушаруашылық деген тәрізді тіркестер бір екпінге байланып дыбыстық жағынан жымдасады. Мысалы, сушаруашылық басқармасы дегендегі екі лексема мазмұн жағынан бірігіп, белгілі бір объектінің қай салаға қатыстылығын көрсетеді [3; 104] дейді профессор Н. Уәли.  

Қ.Күдеринова да «Тіл үнемділігі үшін тілдің өзі универбтеу құбылысына ұмтылады. Cондықтан қазақ емлесі жазудың алғашқы кезеңдерінде бөлек жазылуын нормалаған орфограммалар енді бірге жазуын күшейтіп отыр. ...Сөздерді біріктіру, бірге жазу – тәсіл болса, біріккен сөз сол тәсілдің нәтижесі ретінде сөз санын арттырады» дейтін пікірде [4].

Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөнінде Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобының отырыстарында көп талас-талқы тудырған тақырыптардың бірі осы «бірге ме, бөлек пе?» сұрағы болды. «Ұр да жық» қалай жазылады? Ұсынылған нұсқалар: ұрда-жық, ұр да жық, ұрдажықтық. Ағылшын тілінің тәжірибесінде мұндай мәселелер дефис арқылы шешіледі: far-too-chatty, never-to-be-forgottenтәрізді, сонда бұл тәжірибе бойынша жазып көрсек:

Қасына барып, ұр да жық! (1)

Өзі бір ұр-да-жық адам екен.  (2)

Ұр-да-жықтықтың қажеті қанша?! (3)

Бұл (2)(3) дабіріктіру тәсілі және біріккен сөздердің аражігін көрсетіп тұратын жақсы тәсіл, сондай-ақ осы нұсқасында да сөз атау тұлғасында тұрған жаңа бір сөз ретінде сөздіктерден орын ала алады. Сөзі шұбалаңқы тілдерде сөздерді дефиссіз қосқаннан гөрі дефиспен қосу қолайлырақ келген болар еді. Бірақ біздің жазу-сызу тәжірибемізде бір тілдік бірлікте бір ғана дефис болу керек деген тәрізді (еш жерде жазылмаса да) қалыптасып қалған ұстаным бар екен.

«Сөздерді біріктіріп жазу сөз санын көтеру жолы ма?» деген сұрағымызға жауап берсек, жауап – «ия». Десек те, мәселе сөздік қорды молайту тұрғысынан емес, қолданысқа қолайлылық тұрғысынан ғана қарастырылып, соңғы тоқтамдарына табан тіреуіміз керек деген ойдамыз. 

Сөйлеу тілінің графикалық тұрпаты сөздікке ене ме? Сөздікқорды ұлғайтудың және бір тәсілін профессор С.Бейзақов кіріккен сөздерді ауызекі сөйлеу нұсқасындағы күйінше жазба тілдің нормасына айналдыру арқылы ұсынады. Профессор ағамыз туыс тілдердің көпшілігінде біріккен сөздер фонетикалық ұстаныммен жазылады дегенді негізге алады: «Белгілі бір жүйені, реттілікті сақтап, кіріктіріп жазуға келетін сөздер тілімізде жеткілікті, мәселен, алып/ап, едім/ем, едің/ең, едік/ек, келіп/геп, қалып/қап, уақыт/уақ, қылып/қып варианттарының соңғы нұсқасының сөз тұлғасының ықшамдалу барысында кіріккен сөздің қосымшасына айналғанын ескерусіз қалдырып келдік. Мысалы, келівап, шақырывап, көрівап, күтівем, естівем, барывең, көмек берівек, ескертівек, айтқымгеп, көргіңгеп, кіргімізгеп, күтівек, ұрыссынгеп, білгімгеп, тұрағап, отырағап, көресап, келесап, кіресап, жәрдемғып, танывапты, байлавапты, кірівапты, әңгімеғып, ендігеп секілді кіріккен сөздердің аражігін ашып, сөз тіркесі түрінде жазғанымыз тиімді емес» дейді [5].

Осы тақырыпқа сәйкес латыннегізді әліпбиге көшуге байланысты 2018ж. 6 желтоқсанда мақұлданған емле ережелеріміздің ішінде арнайы параграф қарастырылған болатын: §12. Сөздердің және күрделі сөздер мен сөз тіркестері сыңарларының түбір тұлғасы сақталып жазылады: …bara almaımyn (baralmaımyn емес), barsa ıgi edi (barsıgedi емес), baryp pa eken (baryppeken емес), kele jatyr (kelatyrемес), kúnkóris, kúnbaǵys, shekara, qyrkúıek, kókónis.

Тілдің әдеби нормасы жазба тілінің негізінде қалыптасады. Бірақ біз айтып отырған жазба тілі ауызекі сөйлеу тілінің қағазға түскен жазбаша формасы емес. Мәселен, көркем әдебиет оқиға барысын дәлме-дәл жеткізу мақсатында кейіпкердің аузынан шыққан сөзді сол қалпында қағазға түсіре алады. Мұнда баланың былдыры да, сақау кісінің сөзді қалай айтқаны да, тіпті сөздің ырғағы да бейнеленіп (Қоооооойш!, ағ.т. Oh, nooooooo! т.б.) графикаланып жатады. Бірақ солай жазылғанның әрқайсысының сөздікке тіркелуі, сөздік қорына есепке алынуы міндетті емес. Мысалы, С.Елубайдың «Ақ боз үй» романынан мысалдар алсақ:

...орыс боп кеткен [85 б.]

Тұра жүгіруін әкесі келатқандай [127 б.]

Жарайд, Бүке![171б.]

Бұ қайсы, әй [183б.]

...жаулығың желпілдеп баратсың [208 б.]

Ау бұ не бұл?! [226 б.]

Қой, өйдеме! [233 б.]

Бәсе, соборжой кім [233 б.]

Уа, қайран бабам! Жатсың ба? [246 б.]

Тәштидің баласы құсап аузың қисайып кетіп жүрер [248 б.]

Мұндағы ерекшеленген сөздер егер өздерінің әдеби нормаларында «бұл», «бара жатырсың», «олай деме», т.б. болып айтылса олар әңгіме барысында әсерін жоғалтып алатын еді, сол коммуникациядағы шынайы әсерді сақтау үшін жазбаша нұсқасының да хатқа осылай түсуі қажет болып тұр.

Кез келген көркем шығармадан осындай ауызекі сөзқолданыстың графикалық нұсқасын таба беруге болады. Ә.Асқардың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді!» романының 3-бетінде:

—   ... қандай өнiм берiп қарық қып жатыр?

— Не болушы ед... Қой бағамыз, сиыр сауамыз де­гендей...

— Әнеки, өзiң айтып отырсың... құдая тәуба, өнiм де­генiң бiзде жетедi екен ғой? Нағып мен ұмыта қалғам!

Сол сияқты осы күнгі WhatsApp әңгіме дүкендерінде де нестеватсыңдар, келжатсыңдарма, келжатырмыз, баржатырмыз, не боп қапты, кетчі, күштііііі өтті, өлтіріп киініп апты, т.б. сөзқолданыстар бар.

Демек, тілдің функционалды стиліне, яғни жұмсалым аясына қарай, тілдік бірліктер ресми және бейресми тұрпаттарында қолданылады. Бұл мәселе төңірегінде айтпағымыз, осындай ауызекі сөйлеу қолданысында жүрген тұрпаттың барлығын сол қалпында сөздікке ензігіп қорды ұйғайтамыз деуге болмайды. Десек те, бұлардың ең жиі ұшырасатындары сөздіктерден іздегенде табылу керек деп ойлаймыз. Профессор С.Бизақовтың мысалға келтірген алып/ап, едім/ем, едің/ең, едік/ек, келіп/геп, қалып/қап, уақыт/уақ, қылып/қып жұптарының екінші сыңарлары сөйлеу тілімен қоса поэзия тілінде де молынан ұшырасатын болғандықтан, өздерінің толық нұсқаларының варианттары ретінде сөздіктерден орын алуға тиіс. Сондай-ақ бұл варианттардың арнайы сөздіктерге тіркелу керек екендігі де уақыт талабынан сұранып тұрғанын көреміз. Демек, сөздердің күштііііі, қоооооойш дегендей эмоцияналды нұсқадағы графикасы сөздіктерге түспесе де, өйдеу – өйдемеу, бүйдеу – бүйдемеу, бұ, боп, қап, уақ, апты, қапты, бопты, кепті, т.б. тұрпаттары сөздіктерден табылу керек.

Тайбурыл сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді.

Алпамыс сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді.

Төлеген сонда сөйледі, Сөйлегенде бүйдеді, т.б.с.с.

Осындай қолданыста кезіккен жағдайда қазақ тілін сөздіктің көмегімен оқитын жандарға бүй сөзі ешқандай сөздіктен табылмауы керек пе? Ондай болса шығармаларда неге жиі ұшырасады? Сондықтан, оқырманға қолайлы жағдай тудыру үшін іздегенде табыла қоятын, мынау тәрізді мағлұмат сөздіктерде тұру керек:

бүй (-деу, деп айту) –былай деп айту, былай деу күрделі етістігінің ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын нұсқасы. Мысалы, Қой, өйдеме! Бүй деп айт! Қараңыз: өйдеу, өйдемеу, бүйдемеу.

Ауыз әдебиетіндегі мысалдармен де әрлеуге болады.

Әліпби мен жазу жүйесінің сөздікқорға әсері бар ма? Тілдің жазу жүйесі қандай да бір лексема жасауға барлық болмыс-бітімі арқылы қатысады. Кей жағдайларда тіл өзінің жазу жүйесін құрап отырған әліпбидің «шекарасынан» аттап шығып, бөгде таңбаларды қолданысқа алып келеді. Бұл дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Дұрыс болмаса неден туады? Сөздік қорды кеңейту, жаңа сөз алып келу ниетінен туады.

1940 жылдан бастап қазақ әліпбиі құрамына орыс әріптерінің түгелдей енуімен қазақ мәтіні арасына орыс сөздерінің емін-еркін кіріп алып, судағы балықтай ойнап жүруіне жол берілді. Яғни, кирилл жазу жүйесі арқылы қазақ тілі өзінің сөздік қорын орыс емлесімен жазылған сөздермен толтырды: вагон, велосипед, ведомость, вариант, цемент, циркуль, съезд, компьютер, фотоаппарат, пленка, цирк, параграф, абзац... Орыс тілінің дыбыстық таңбалары қазақ тілінің әліпбиі құрамында болмағанда мұндай құбылыс орын алмаған болар еді, яғни бұл «тіл бұзарлардың» баса көктеп еніп алуына әліпби мен жазу жүйесінің (ондағы орфографиялық принциптердің) өзі тікелей себепші болды. 

Егер қандай да бір тіл шеттілдік сөздерді қабылдауда я фонетикалық, я фонематикалық қайсысына болмасын, сүйеніп жазып кете бере алмаса, сол тілдің графикалық болмысы залал көреді. Басқаша айтқанда, тілдің әліпбиінің, жазу жүйесінің өзге тұрмақ, өз сөздерін еркін жаза алмайтын «кемтарлығынан» тіл де, оны тұтынушылар да зардап шегеді. Өз сөздіктерінен орын алған диакритикалық үстемелерібар сөздерді ағылшын тілін тұтынушылар жазуда да, оқуда да ауыртпалықпен қабылдап отыр. Қажет десеңіз, ғаламтордан әліпби ретімен тізілген диакритикалық үстемелермен жазылатын ағылшын сөздері деген тізімдерді де таба аласыз [6]:

P

papier-mâché, passé, pâté, phở, pièce de résistance, pied-à-terre, plissé, piña colada, piñata, piñon, piraña "(usually piranha)," piqué, più, plié, précis, pölsa, preëmpt [-ion, -ive] "(rare)", première, première danseuse, prêt-à-porter, protégé, protégée, purée

O

 

objet trouvé, olé, ombré, omertà, oölogy "(rare)", opéra bouffe, opera comique, opïum "(rare)", öre, øre, outré

S

sauté, séance, señor, señora, señorita, Sinn Féin, smörgåsbord, smörgåstårta, soigné, soirée, soufflé, soupçon, surströmming

V

ventre à terre, vicuña, vin rosé, vis à vis, voilà, vardøgr

Мұндай әліпбиінде жоқ бөгде таңбалар кімге болмасын қолайсыздық тудыратыны рас. Ағылшын тілі өзінің қиын жазуын жеңіл етіп оқуды фонетикалық транскрипция көмегімен шешкен дейміз. Бірақ мынадай түсініксіз таңбалармен жазылған басқа латын қарпіндегі жазулардан сол қалпында алына берген лексемалар жиынтығын қалай оқуға болады, оларды транскрипцияда да беретін фонетикалық таңбалар жетіспейді. Бұл ағылшынның жазу жүйесін одан әрі өздері атайтындай (`Alphabet Soup`) «Әліпби ботқасына» айналдырып алып бара жатыр.

Тілдер өзара қаріптес тілдерден сөз алуға биім келетіні түсінікті. Бірақ кирилл қарпіндегі тілдер латын қарпіндегі тілден сөз алса, мәтін ішінде сол қалпында плантация (қондыру – Н.Р.) тәсілімен көшіріп жазу арқылы да жаза алады, мысалы, «BBC World News телеарнасының хабарлауынша, ...», «Менің балам Happy bonus жеңіп алды» деп қолданып жатамыз. Орыс тілінде де (OK, show, talk-show, Happy birthday, т.б.) осылай кезігіп жатады. Бірақ бұлай алынған сөздерді кирилл қаріпті сөздіктер енгізе алмайды. Ал латын қаріпті жазулар сол қалпында көшіріп жазу тәсілі арқылы кирилл жазуынан сөз алмайды, себебі латын жүйесінде кирилл танылмайды. Бұл үдеріс кирилдің тынысын одан әрі тарылтып барады.

Қазір 90 жылдан астам латын жазуында отырған үлкен тәжірибесі бар түрік халқы да латын графикасындағы жетекші тілдердің атау-терминдерін сол қалпында алу үдерісіне кеңінен жол беріп, сөздікқорын өз жазу жүйесінің шеңберінде таза ұстай алмай отыр. Латын қарпі қазақ жазуына да өз проблемаларымен келетіні сөзсіз. Нарық локомотиві болып отырған доминант тіл терминдері, техниканың тілі стихиялы түрде өздігінен баса көктеп келіп тұрады. Олар шекарадан ультра күлгін сәулелері іспетті өтіп алып, ешнәрсені күтпестен етене араласып кете береді. Біз қаласақ та, қаламасақ та, тілдік қолданысқа түседі. Оларды ресми сөздікқорға қалай тіркеу, әрине, ғалымдардың құзіретінде. Басқалардың тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, «алған» сөздеріміз жазуымызды жатсынып, немесе керісінше жазуымыз алғысы келген сөздерін ала алмай «кемтар» күй кешуден аман болсақ дейміз. Басты міндет – жазу жүйесін икемді құрастыру және оның тұнығын сақтау. Сөздікке жүгініп жазу, транскрипцияға жүгініп оқу деген нәрсе жазудың ең тозған жүйелерінде ғана орын алады. Осыдан сақтануымыз керек. Қазақтың сөз қоржынында өзінің жазуының табиғи болмысынан бөлек жазылатын бір сөз болмауға тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. https://englishlive.ef.com/blog/language-lab
  2. Дәулетұлы Б. «Айқын» https://mtdi.kz/e/til_sayasaty/id/353/q/2
  3. Уәли Н. Графика. Орфография. Орфоэпия. Монография. – Алматы, 2018ж. – 250 б.
  4. https://enacademic.com/dic.nsf/enwiki/3894487.

4. Күдеринова Қ. Бірге жазылатын сөздер неге көбейді? https://mtdi.kz/main/tilshi_portfeli/id/1034

5.     Бизақов С. Орфографияның орны бөлек. – «Ана тілі» газеті, 2018 ж. 18 қазан

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері,филология

ғылымдарының кандидаты