21 қаң, 2019 сағат 09:54

Жайық өзенінде 90 тоннаға жуық балық аммиактан уланып қырылды

2018 жылдың желтоқсанынан бері Жайық өзенінен 87,7 тонна өлі балық жиылып алынған. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің лабороториялық зерттеу нәтижесі негізінде белгілі болғандай, балықтардың қырылуына аммиактың уытты әсері себеп болған. Балықтарды патологоанатомиялық сою кезінде осы қорытынды жасалып отыр. Атырау облысының экология департаменті 2018 жылдың 3 желтоқсанында Жайық өзеніндегі судың сынамасы тексерілген еді. Соның қорытындысы бойынша хлориддің қоюлануының мүмкін шегінің асып кеткені белгілі болған. Балықтың неліктен қырылғаны тергеу амалдары аяқталғаннан кейін анықталады», - деп хабарлайды Сәкен Ділдахмет.

Мәліметке сай, 2019 жылдың 20 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша Орал өзенінен өткен айдан бері 87,7 тонна өлі балық жиылып алынған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат таратқан болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді. 

Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған. Өкінішке қарай, желтоқсанда тағы да алабұға, торман, қылышбалық секілді қара балықтардың қырылғаны туралы ақпарат таратқан болатынбыз.

Осы жағдайға байланысты Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балықтың жаппай қырылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалатынын жария еткен еді.