13 там, 2019 сағат 15:45

Жәйремдегі жанжалға байланысты тергеу басталды

Қарағанды облысындағы Жәйрем тау-кен комбинатында болған жанжалдан кейін полиция тергеу бастады. Жергілікті биліктің дерегінше, 12 тамызда болған жанжалдан шетелдік бірнеше жұмысшы «аздап жараланған». Полиция бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабымен іс қозғалғанын хабарлады.

Қарағанды полиция департаментінің мәлімдемесінде қазір Жәйремде «жағдай реттелгені, полицейлер бақылауға алғаны» жазылған. Ал департаменттің баспасөз қызметі тергеу құпиялығына сілтеп, «органдар Жәйремде не болғанын анықтайды» деп мәлімдеді.

12 тамызда жанжал шыққан Жәйремге Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері барған. Әкімдік жанжал себебін және жаралағандардың қай ел азаматы екенін ашып айтпады. Қарағанды облысы әкімдігі Жәйремге облыс әкімі Ерлан Қошановтың барғанын, «жағдай реттелгенін» ғана хабарлады.

Ескі Жәйрем және Жаңа Жәйрем елдімекендерінің тұрғындарының айтуынша, дүйсенбі кешкісін және 13 тамыз таңертең шенеуніктер жиналыс өткізіп, жұртты сабырға шақырған. Аты-жөнін айтқысы келмеген тұрғындар жанжалдың жалаңаш қыздың суретінен шыққанын айтса, енді бірінің сөзінше, жергілікті жұмысшылар комбинатта шетелдік жұмысшылардың істегеніне қарсы шыққан.

Жәйрем тұрғындары аймақта жағдай тынышталғанын растады. Бірақ тұрғындар жергілікті жастардың жұмыс табу мәселесі, елдімекендегі әлеуметтік жағдай әлі шешілмегенін айтады.

Бұған дейін 1200 адам тұратын Ескі Жәйрем кентінің тұрғындары өздерін кеніш маңынан басқа жаққа көшіруді я денсаулықтарына залал келтіргені үшін өтемақы төлеуді талап еткен еді.

«Қазцинк» компаниясына тиесілі Жәйремдегі комбинат ресми жауап та бермеді.

Бұл — Қазақстанда шетелдік жұмысшылар мен жергілікті жұмысшылар арасында туған биылғы екінші жанжал. 29 маусымда Атырау облысындағы Теңіз кенті жұмысшылары арасында жанжал шығып, кем дегенде 40 адам зардап шеккен. Ливан мен Иордания басылымдары қақтығыстан соң жүздеген азаматының Қазақстаннан қайтқанын жазған.