#
#
Сейсенбі 21/11/2017

"Жаужүрек" Лондонда сахналанды

  • 06.11.2017
  • 0
  • 536

Қазақ өнерінің қара шаңырағының бірі – М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық дарама театры өзінің 92 жылдық сәлиқалы тарихында не бір белестерді бағындырған киелі өнер ұжымы. Академиялық театр адамзат мәдениеті мен әдебиетінің жауһары саналатын сахна өнерінің қазақ топырағына тамыр тартып, өркен жаюына негіз қалап, қазақтың мәдениеті мен өнерін заманауи деңгейге көтеруге, Қазақстан Республиасының рухани дамуына белсенді қызымет етіп келеді. Театр репертуары әр кезеңде әлем классиктері мен қазақ драматургиясының даңқты туындыларымен айшықталып отырды. Соның бір айғағы ретінде Мәдениет және спорт министрлігініңк тікелей қолдауымен  академиялық теардың үстіміздегі жылдың  1-7 қазан аралығында Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен  III Қазақстан өнерінің фестиваліне қатысуын айтуымызға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән беріп: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», - деген еді. Осы бастамаға сай Мәдениет және спорт министрлігі жоғарыда алға қойылған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты арнайы халықаралық жоба қабылдаған болатын. 19-қазанда Парижде, ЮНЕСКО-ның штабында өткен шарада осы бағдарлама жан-жақты таныстырылды. Академиялық драма театрдың осы жолғы Лондон сапарын да Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған Елбасы бастамасын іске асыру бағытындағы нақты қадамы деуге болады.

Академиялық драма театр  Шекиспердің отаны Англия астанасына «Жаужүрек» драмасымен барды. Мұның да өзіндік себебі бар. Елімізде таяуда ғана өткен ауқымды, маңызды жобаның бірі – «Экспо -2017» аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған  Халықаралық мамандандырылған көрменің мәдени бағдарламасы. Бағдарлама аясында әртүрлі бағытта өткен театр және кино фестивальдері, концерттер қазақстандық және шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырған болатын. Көрменің Ұлыбритания павильонында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлыбритания мен Қазақ елінің мәдениет пен әдебиет саласындағы байланысының артқанын айтып, ізгі тілегін білдірген еді.  Екі ел арасындағы достастық кездесу, араға көп уақыт салмай Ұлыбританияда өз жалғасын табуға себепші болды.

Қазақтың балуаны, әнші-композитор, сері, халық арасында Балуан Шолақ атанған Нұрмағанбет Баймырзаұлының өмірінен сыр шертетін қойылымды театр ұжымы 1 қазан күні Стокуелл театрының сахнасында көрерменге ұсынды. Бұл жалпы акамдемиялық театр үшін де, Қазақстан үшін де үлкен жаңалық, бастама деуге болады. Өйткені қазақ театры өз тарихында ұлттық өнерімен әлемдік үлкен мәдениет ошақтарының бірі, театрдың бесігі саналатын Лондон да өнер көрсетті. Келген көп көрерменнен ағылшындардың қазақ өнерін жылы қабылдағанын сезіп тұрдық. Соңында өткен шығармашылық кездесуде әдебиеттанушы Сара Коплей қазақ тарихы мен мәдениетіне бойлап, ұлттың рухани бейнесін көрсететін қойылымды өзінің жоғары бағалайтынын жеткізді. Британ-қазақ қоғамының төрағасы Руперт Гудман да актерлердің шеберлігіне тәнті екенін сөз етті. «Қойылымда елдің тариxы да, мәдениеті де бар. Мұнда тек қазақтың жағдайы ғана емес, xалықаралық мәселе де қозғалды. Жалпы қазақ театрының Лондонға келіп өнер көрсетуі жақсы дәстүр», -деді ол. Британдық грузин, режиссер Давид Папава спектакльдің бойындағы өнер мен ұлттық рухтың үндестігіне тоқтала келіп «Кез келген алып империямен шектесіп жатқан ел тілі мен мәдениетінің жұтылып кету қаупін әрқашан да есте ұстағаны жөн. Осы жағынан алғанда қойылымның тақырыбы бүгін де өзекті деп айтар едім», - деген жүрек жарды лебізін білдіріп, осындай қойлымды әлемдік мәдениеттің аясында насиқаттауға ат салысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қызметіне алғысын білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов мырза «Негізі елші - мен емес, нағыз елші - өнер адамдары, музыкант, актер, спортшылар. Өйткені, мәдениетіміз арқылы, спорттық жетістіктеріміз арқылы бізді ел таниды, өнер арқылы елдің руxани жандүниесін жеткізетін, жүрегін жеткізетін де осы спорт, театр тұлғалары», - деді. Қазақ өнерін, әдебиетін, тариxын осындай театр фестивалі арқылы әлемге таныту - біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың алдына қойған маңызды міндет - руxани жаңғырудың бір көрінісі, - деп атап өтті елші.

Жалпы бұл сапардың мәні мен мағынасы біз үшін айтып тауысқысыз деуге болады. Осындай беделді елдерде, театр майталмандары арасында біздің отандық туындымыз, өзіміздің әртістеріміз орындауында сахнаға шығуы және жақсы қабылдануы біз үшін үлкен қуаныш.

Елбасы бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ел өмірін жан-жақты көрсететін бірегей бастамаларды қолға алып, атқарып келеді. Министрліктің осы жолы айтулы мәдениеттік шараға бас болып, қазақ театр өнерінің әлем сахнасында салтанат құруына атсалысуын өз басым ұлт руханиятын асқақтатып, әлемдік кеңістікте еркін көсілуіне жасаған үлкен еңбегі - деп бағалаймын. Қашанда елдің рухын көтеретін осындай игі шаралар көп болғай.   

Ерлан Біләл

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік

академиялық драма театрының директоры  

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар