21 қаң, 2021 сағат 15:33

Жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакцина елімізге 2021 жылы келеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылды жатыр мойны қатерлі ісігімен күрес жылы деп жариялады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог дәрігері, қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«18 қаңтардан бастап жатыр мойны қатерлі ісігі туралы дүниежүзілік апталық басталды. 30-70 жас аралығындағы әрбір әйел жатыр мойны қатерлі ісігінің профилактикасы үшін онкогинекологқа қаралуы керек. Қазақстанда бұл скрининг тегін жасалады. Негізі жылына бір рет барлық скринингтен өтіп тұрған дұрыс. Скрининг жасатқан кезде жатыр мойны эрозиясы, дисплазия сияқты ауру түрлері анықталуы мүмкін. Мұның бәрі қатерлі ісікке дейін болатын жағдай», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог дәрігері Диляра Қайдарова. 

Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылды жатыр мойны қатерлі ісігімен күрес жылы деп жариялағанын айтты. 

«Жатыр мойны қатерлі ісігімен күресу скринингтен өтумен ғана шектелмейді, бұл дертке қатысты вакцина егу кеерк. Біз вакцина жеткізушілермен сөйлестік. Өкінішке қарай, вакцина алуға кезекте тұрған мемлекеттер көп. Қазақстан да кезекте тұрғандар қатарында. Вакцина елімізге 2021 жылы келуі мүмкін. әзірге вакцина болмағандықтан, тұрақты түрде гинекологқа барып қаралып тұру керек», - дейді ол.