18 қар, 2019 сағат 11:28

Жастарымыз дін мәселесінде жаңылмасын

Бүгінгі Қазақстан – әлемдік қауымдастықта қоғамдық келісімі орныққан көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет ретінде танылған мемлекет.

Еліміз тәуелсіз даму жылдары аралығында шығу тегі әртүрлі және түрлі діни сенімдегі адамдардың бір шаңырақ астында бейбіт қатар өмір сүруінің мүмкін екендігін дәлелдей алды. Бұған еліміздің әлемдік және дәстүрлі діндердің ғаламдық сұхбатын қалыптастырудың алаңына айналғаны дәлел бола алады.

Әлемдік діндер өзара ынтымақтастықта дамитыны белгілі. Қазақстан конституциялық тұрғыдан зайырлы мемлекет ретінде қалыптасып отырғанымен, еліміз мұсылман өркениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің тарихымыздың сан ғасырлар бойы қазақ халқының рухани мәдениетінің негізін құрап келген ислам дінімен тығыз байланыста көрінетіні осыдан.

Күні бүгін қоғамның келбетіндегі, баршаның наза­рын­дағы түйінді мәселе - діни ахуал, соның ішінде жас ұрпақтың дінді ұстануы алаңдатады. Меніңше, бұл мемлекеттік саясатты пәрменді жүргізумен қатар дәстүрлі діндердің қоғамдағы рөлімен байланыста көрінетін мәселе.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде дәстүрлі діннің рөлі аса жоғары. Жастар туған елінің мәдениеті мен тарихын, ана тілі мен ата-баба дәстүрін құрметтейтін лайықты азаматтары  болып жетілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарға  ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерінің, аға буынның атсалысуы қажеттігі сөзсіз.

Патриоттық сезім мен отаншылдық сана бесіктен басталып, ары қарай балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарында жалғасын табады десек, жастарды адал еңбек пен берік сенім рухында тәрбиелеудің маңызы үлкен. Мұсылмандықтағы «Отанды сүю – иманнан» дейтін тәлімнің мәні осында болса керек.

Өкінішке орай, соңғы кездері қоғам арасында діннің атын жамылып, діндегі шетін көзқарастарды насихаттау мен ұстануды дәріптеп, діни төзімсіздікті тарату тәрізді теріс әрекеттер байқалуда. Қаракөз қандастарымыздың бірқатарының жат діндердің жетегінде жүргені ащы да болса шындық. Кеңес өкіметі тұсындағы жылдар бойы руханиятқа сусаған халқымыз тәуелсіз ел болған кезде дінге жаппай орала бастады. Өкінішке орай, сан жылдар бойғы қалыптасқан діни сауатсыздық жекелеген азаматтарымызды қателікке де ұрындырды. Бұған кеше соғыс оты лаулаған Сирия еліне барып, «таза дін» жолымен жүретін мемлекет құрамыз деген жалған идеяға елітіп қолына қару алған, бүгінде «Жусан» операциясымен елге оралып жатқан ел азаматтарының тағдыры дәлел.    

Бұл жердегі басты проблема – діннің бұрмаланып жеткізілуі. Ислам діннің негізгі іргетасы мен дәлелі Құран мен Құран қағидаларынан келіп шығатын пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) сүннет амалдары. Осы негізді ғасырлар бойы ислам әлемінің белгілі ғалымдары тарқатып түсіндіріп, тармақтарын қалыптастырды. Осы орайда айтар болсам, Ханафи негізін алған мазхаб пен Матуриди қалыптастырған ақидаға қарсы келетін пікірлер мен ұстанымдар  қазақ қоғамындағы біздің дәстүрлі дінімізден тыс. Шеттен келген теріс діни ағымдардың идеялары қаншалықты қисынды көрінгенімен ол біздің еліміздегі ислам дінінің дәстүрлі түсінігіне қарсы мәнге ие деп бағаланады.

Дін – дұрыс түсінген адам үшін ба­қытқа жетелейтін нығмет десек, қате тү­сін­ген адам үшін үлкен қасірет. Дінді қате түсіну бүтіндей елдер мен қоғамдарды берекетсіздікке ұшы­ра­татын құрал екенін тарихтан да білеміз, жекелеген елдердің бүгінгі ахуалынан да көріп отырмыз. Мұны жақсы түсінген қара пиғылдылар осы құралды қолдану арқылы діннің атымен өздеріне саяси ұпай жинауды мақсат тұтып, діни сауаты төмен жастардың санасын улауға тырысады.  

Жалпы, кертартпа теріс ағым­дарға бақылауды босаңсытып алуымыз тәуелсіздіктің бастапқы жиырма жылының ішінде дін саласында жіберген үлкен қателігіміз болғанын бүгін ашық айтуымыз тиіс. Соның салдарынан діни сауаты таяз біршама жастарымыз теріс ағымдардың алдауына түсіп, жат діндердің сойылдарын соғып кетті.

Жастардың заманауи талаптары мен талғамын жақсы білетін теріс ағымдағылар олардың арасында интернеттің кең мүмкіндіктері арқылы  өз уағыздарын кеңінен та­рат­ты. Соңғы 7-8 жыл ішінде  елімізде орын алған діни сипаттағы қылмыстар соны айғақтайды.

Қазіргі күнде дін саласындағы уәкілетті орган дінтану сараптамасын жүргізе отырып, экстремистік бағыттағы діни әдебиеттердің, бейне-аудио және басқа да теріс материалдардың таралуына тосқауыл қоюда. Бұл өте маңызды және әлі де болса жетілдіре, күшейте түсетін жұмыс бағыты десем артық болмас... Осы ретте, теріс діни ағымдардың идеяларын насихаттайтын әдебиеттер мен материалдардан діннің терең танымдарына негізделген дәйекті ойларды табу мүмкін еместігін айта кеткен жөн.

Өмір көрсетіп отырғандай, бүгінде рухани тұлға болу тұрақты түрде машықтануды талап етеді.  Қазіргі заманда сауаты бар адам ешқашан көш соңында қалып қоймайды. Сондықтан жастар Алла тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсаулары қажет.

Діни тұрғыдан алғанда жастардың өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал. Осы орайда, біздің ата-бабаларымыздың дін мәселелерінде ақ-қараны айыра біліп, дінді сыртқы атрибутика ережелері мен шартты жоралар жиынтығы ретінде емес, этникалық мәдениет пен халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап діни ілім ретінде қабылдағанын және ұстанғанын айта кеткен жөн.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс», - деп ерекше айтып өткен болатын.

Біз – Елбасымыз айтқандай, тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға барын салған, асылын ардақтай білетін, бірлігіміз жарасқан халықпыз. Халқымыздың зияткерлік, шығармашылық әлеуеті өте бай. Сондықтан, біз, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, халқымыздың рухани тұтастығы мен қоғамымыздың тұрақтылығына қол сұғуға ешкімге жол бермеуіміз қажет.

Мейрам Иманбайұлы,

тәуелсіз сарапшы