05 мау, 2018 сағат 18:23

Жастарға жаңа серпін сыйлаған бастама

Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастама - уақытылы қолған алынған оптимистік өзгерістердің басы һәм елімізді дамудың жаңа сатысына шығаратын тың жоба, ауқымды қадам. Ең бастысы, бұл бағдарлама - бүтін елдің, яғни қоғамның қай сатысындағы болмасын халықтың игілігі үшін жасалған жоспарлар жиыны. 

Президентіміз жаңа әлеу­меттік бастамалар әртүрлі ұлт пен ұлыстың басын қосқан қоға­мымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға, әрбір қазақ­стандықтың әл-ауқатын жақсарта түсуге бағыт­талғанын және еліміздің барша азаматтарына игі әсер ететінін тайға таңба басқандай атап өткен-тін. Сөзсіз, бұл бағдарламаның нәтижесі - бірлігіміз бен татулығымыздың күшіне де байланысты. Ал, ол - ісінде бірлік, сөзінде теңдік бар біртұтас қоғамның ұстыны қазақ халқы болмақ. Сондықтан Мемлекет басшысы осы істерде ұлы жауапкершілік жүгі жатқанын сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсетуді сұрады.

Әр бастаманың маңызы мен әкелер игілігі бірдей. Сол себепті барлығының да оң тұстарын тарқатып жатуға болар еді. Дегенмен, жас буын өкілі ретінде үшінші бастамаға ерек қуанғанымды жасыра алмаймын. Президент бұл бірегей бағдарлама арқылы ешкімді бөле-жармайтынын, қоғамның қай өкілінің жағдайына көңіл бөлуге даяр екенін анық байқатты. Өйткені ол бес әлеуметтік бастаманың үшіншісінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы нақты тапсырмалар берді. Ол тапсырмалар бүгінгі күні жүзеге асып жатқанына да өзіміз куәміз. 

Жалпы білім гранттарын арттыру, оның ішінде төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада көп сұранысқа ие болатын техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі 11 мың қосымша грант бөлу, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша елдегі барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру, 4 жыл ішінде кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу - мұның бәрі жастарға зор мүмкіндік, олардың жарқын болашағы үшін салынатын тиімді де көлемді инвестиция.

"Президенттің бес әлеуметтік бастамасын" іске асыруды бақылау бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор Бақытжан Жұмағұлов "Айқын" газетіне берген сұхбатында бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекетте барлық қа­жетті заңнамалық және қаржылық база бар екенін айтады. Сонымен қатар ол, "партия алдына қойылған негізгі міндет – қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мен мемлекеттік органдардың президенттік бастамаларды тиімді және мезгілінде орындауына ықпалын тигізу" екенін тілге тиек еткен.

Өз уақытында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін басқарған сенатордың айтуынша, үшінші әлеуметтік бастама - ең маңызды бағыттардың бірі. Үш жылда техникалық және ауыл шаруа­шылығы мамандары бойынша гранттардың бағасын көтеру адам капиталы сапасын жақ­сартуға арналған 100 млрд теңгеден астам қосымша салым болып табылады. Сонымен бірге, 20 мың қосымша грант жатақха­на саны мен білім сапасының да еселеніп өсуіне әсер етіп, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек. 

"Осы мәселені талқылау барысында жария етілген Мемлекет басшысының тапсырмалары – мамандарды дайындауға арналған гранттарды әділетті бөлу қағидасы, бүгінгі таңда ол Қазақстанды цифрландыру үшін керек IT мамандарын дайындау үшін ауадай қажет. Жатақхана құрылыстарын салу мәселесінде де қажетті жерлерге ресурстарды әділетті бөлу атап өтілді. Сонымен бірге, мониторинг барысында біздің кеңестің жұмысшы тобы әр жоғары оқу орны мен колледждер бойынша жатақ­хана­лардан орын қажеттігіне зәру, сондай-ақ жер телім­дерін белгілеу бойынша ұдайы мониторингті, инженерлік коммунациялардың жеткізілуін, инвесторларды тарту мен қолдау қажеттілігін қамтамасыз ететін жатақхана құрылысының Жол картасын әзірлеу жөніндегі әкімдіктердің жұ­мы­сын жандандыруға байланысты ұсыныстар енгізді" - дейді Бақытжан Тұрсынұлы өз сөзінде.

Біз де, өз кезегімізде, бұл бастамалардан үлкен үміт күтеміз. Елбасымыз қай кезде де әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастырудың маңызы мен пайдасын айтып жүреді және сол жолда бізге барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Оның жастарға деген осындай жанашырлығы мен шынайы көмегі жеміссіз және нәтижесіз болмайды деп сенемін. Ұлы Дала Елінің болашағы - біздің қолымызда. Ал, мұндай қадамдармен сәт санап өсіп-өркендеген Қазақстанның алдағы онжылдықта дамыған 30 елдің қатарынан көрінері анық.

Бекболат Қаржан, Орал қаласы