13 қыр, 2019 сағат 13:42

Жастардың белсенділігін арттыру – басты мақсат (фото)


Шымкентте еліміздің белсенді жастары «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы аясында бас қосты. Екі күнге жалғасқан шараға 200-ден астам белсенді жас қатысты.

Нетворкингке Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан ҮЕҰ мен ЖРО өкілдері келді. Жоба аясында жастар елімізге танымал тұлғалармен кездесіп, пікір алмасты. 

Шара барысында «Жастар қызметкерлері қауымдастығының» төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев «Жастар ҮЕҰ-ның тұрақты дамуы мен тиімділігін арттыру» атты мастер-класс өткізді.

«Әр өңірден келген жастар өз білім-білігімен бөлісу мақсатында бір жерге тоғысып, ой алмасып жатыр. Көп жастар өз ісін бастауда бағыт-бағдарын айқындамай, керекті ақпаратқа қол жеткізе алмай жатады. Осы тұста өзінің нақты жобасы, идеясы бар жастарға бұл шара үлкен мүмкіндік ашады. Ұйымдастырылып жатқан іс-шараның құндылығы, маңызы осында деп ойлаймын», - дейді Нұрлыбай Наурызбаев.

Нұрлыбай Наурызбаевтың айтуынша, елімізде бос уақытын пайдалы істерге жұмсап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жастардың қатары күн санап өсіп келеді.

Сондай-ақ спикер жастар жұмысындағы негізі 9 міндетті атап, олардың мәні мен маңызын түсіндірді.

2018 жылдың 1 жарты жылдығындағы жағдай бойынша үкіметтік емес ұйымдар саны 933-ке жеткен. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысы ҮЕҰ ең көп орналасқан аймақ ретінде алғашқы орынды иеленеді.

Жастар мастер-классқа белсене қатысып, өздерін толғандырған сауалдарға да жауап алды.

Шара аясында өз жобалары жөнінде баяндап, спикер кеңесіне жүгінген қатысушылар қатары аз болмады.

Сонымен қатар нетворкингке Қытайдағы Қазақстан студенттері қауымдастығының төрайымы Назгүл Мақұлбек арнайы қатысты. Ол белсенді жастарды Қытайда да бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

«Қытайда білім алып жатқан соң Қазақстандағы жастардың белсенділігі, қандай жобаларды жүзеге асырып жатқаны мен үшін қызық. Сондықтан осы шараға елдегі жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында келдім. Өте маңызды ақпараттар айтылды. Алдағы уақытта елге оралып, түрлі бірлестіктермен жұмыс жасайтын кезде жинаған тәжірибеміз бізге үлкен көмек болары сөзсіз», - дейді Қытайдағы Қазақстан студенттері қауымдастығының төрайымы Назгүл Мақұлбек.

Айта кетейік, «Bolashaq» Қауымдастығы «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.

Аталмыш жоба алдағы уақытта Павлодар өңірінде жалғасын табады. Жоба нәтижесі бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.