29 қар, 2019 сағат 07:33

Жастар ұйымдарының үздік тәжірибелері негізінде арнайы жинақ жарық көрді

(«Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы, Орал қаласы)

«Bolashaq» Қауымдастығының бастамасымен жастар орталықтарының ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көрді.

Биыл «Bolashaq» Қауымдастығы еліміздің 17 аймағында «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасын ұйымдастырды. Жоба қорытындысы бойынша ең таңдаулы жобалар топтастырылған жинақ көпшілік оқырманға жол тартты.

Аталмыш жинақта әлеуметтік, қайырымдылық, танымдық, патриоттық бағыттағы жобалар жайында маңызды мәліметтер қамтылған. Үкіметтік емес ұйымдар мен Жастар ресурстық орталықтарының таңдаулы жобалары қазақ және орыс тілдерінде жинақталған.

«Бүгінде жастардың қоғамдық белсенділігі, жобалары жөнінде толыққанды ақпарат көп емес. Бұл жинақ мұндай қажеттіліктердің орнын толтырып, маңызын арттыра түседі. Жинақта ҮЕҰ мен ЖРО-ның жұмыстары, жас кәсіпкерлердің, ерікті жастардың қызықты жобалары және үздік тәжірибелері жинақталған. Жастар жинақтан өзіне қажетті дүниелер алып, керегіне жарата алса, біздің міндеттің орындалғаны. Осы ретте Жастар жылы аясында ұйымдастырылған жобаға белсенді атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдіремін», - дейді  «Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған нетворкингке Нұр-Сұлтан, Орал, Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларынан 1100-ден астам жас белсенді қатысты. Жиынға келген жастар бизнес бастаудағы негізгі қағидалар, ҮЕҰ тиімділігін арттыру және жастар саясатындағы ауқымды мәселелер секілді өзекті тақырыптарды талқылады. Сондай-ақ алдағы уақытта екі жақты байланысты арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға ниет білдірді.

Айта кетейік, жинақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде  «Bolashaq» Қауымдастығының ұйымдастыруымен жарық көріп отыр.