22 мам, 2017 сағат 06:56

Жастар шетелге көшкісі келеді

ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛЫП, «ӘЛЕУМЕТТІК ЛИФТ» ТАППАҒАН ЖАСТАР ҮКІМЕТ «БОЛАШАҚПЕН» НЕ ҮШІН ОҚУҒА ЖІБЕРГЕНДЕРІН ТҮСІНБЕЙДІ.

Шымкентте туған Іңкәр (аты-жөнін газет бетінде толық көрсеткісі келмеді – ред.) қазір Испанияда тұрады. Мектептен соң Астанадағы жоғары оқу орнына түскен ол сол жылы АҚШ мемлекеттік департаментінің SUSI Women Leadership бағдарламасы бойынша Америкада іс-тәжірибеден өткен. Одан кейін университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Литвадағы Вильнюс университетінде дәріс алған. Астанаға қайтып келген соң, бір жыл академиялық үзіліс алып, Erasmus Mundus бағдарламасымен Испанияға кеткен. Ол шетелде жүрген қазақстандық жастардың арманы Еуропада қалу екенін айтады. Оның сөзінше, қазақстандық жастар елдегі ескіліктен шаршаған. Еркін өмір сүріп, еңбегіне сай қаржы тапқысы келеді. Сол үшін шетелге аңсарлары ауады.

– Жастарды «тың, креативті бастама алып келіңдер» деп «Болашақ» бағдарламасымен шетелге жіберіп жатыр. Бірақ елге оралған жастар икемсіз ескі «машинаның» болмайтын бір тетігіне айналуда. Үйренгенін қолданатын, меңгергенін іске асыратын мүмкіндік жоқ. Қазақстаннан көшіп кеткім келеді. Кейбіреулер «Болашақты» бітіргендер көп, солар не істеп жүр, не жаңалық ашты?» дейді. Шетелде бір-екі жыл тұрған адамның көзқарасы түбегейлі өзгеріп, Қазақстандағы жағдайларға басқаша көзқараспен қарайды. Тіпті елім неге осындай деп күйзеліске түседі. Мәнсіз, қағазбасты, қарбаласы көп жұмыстарды істеуге ынтасы жоғалады. Кейде «Болашаққа» жастарды не үшін жібергенін түсінбеймін, – дейді Іңкәр.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған 12 мыңнан астам студенттің бірі Дәрмен (аты-жөнін газет бетінде толық көрсеткісі келмеді –ред.) Ұлыбританияда екі жыл оқыған. Ол бағдарламадағы бірнеше санаттың ішіндегі «Жоғары оқу орындары түлегі» (ЖОО) категориясымен оқып келгендердің «жұмыста жіпсіз байлаулы екендерін» айтады.
– «Болашақтың» оң тұстары баршылық. Бірақ менің категориям бойынша оқу бітіріп келгендерге жағдай жасалмаған. Яғни ЖОО түлегі ретінде шетелге барғандар бес жыл сол университетте жұмыс істеуі міндет. Бір кемшін тұсы – «Болашақтан» келген маманға қандай жұмыс беретінін ЖОО-ның өзі шешеді. Ал олар жалақысы ең төмен – ғылыми-педагогикалық жұмысты ұсынады, – дейді Дәрмен.

Оның айтуынша, университет шетелде оқып келген маманды жұмыстан шығарып жіберсе, «Болашақтың» түлегі кінәлі болып шығады. Сондықтан жас мамандар басшылықтың талаптарына еріксіз келісіп, қажетсіз жұмыстарды істеуге мәжбүр.

Қазір Дәрменнің сағаты аз болғандықтан, айлығы 70 мыңға жетпейді. Басқа жұмысты қатар істеуге рұқсат болғанымен, оған «кеңседегі қағазбасты қызмет» уақыт жеткізбейді. Оның айтуынша, осы санатпен бітіріп келген басқа да студенттер жиналып, бір ғана университетте емес, Қазақстан аумағында жұмыс істеуді міндеттеу туралы петицияға қол жинаған. Бірақ олардың бұл талаптарын университет арасында ғана ауысуға болатындай етіп өзгертіп, жартылай қанағаттандырған.

Бізбен сөйлескендердің көбі Қазақстанда даму мен өрлеу мүмкіндіктері жол ашатын әлеуметтік лифтінің жоқтығынан жастардың шетелге кеткісі келетінін айтады. Бұл пікірді әлеуметтік зерттеулер де растап отырғандай. Мәселен, 2014 жылы «Жастар» зерттеу орталығы 14-29 жас аралығындағы 4,7 миллион жастың арасында сауалнама жүргізген. Оның қорытындысы бойынша, жауап бергендердің 30 пайызы Қазақстаннан «кеткісі келетінін» айтқан. Сауалнамаға қатысқан жастар оларды елден кетуге итермелейтін мәселелер ретінде табыстың аздығын (17,7 пайызы), жұмысқа тұру қиындығы (15,8 пайызы) және баспана мәселесін (12,6 пайызы) айтқан. Халықаралық миграция бойынша сарапшы Елена Садовская 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығы мен оған дейінгі статистикаға сүйеніп, елден кететін әрбір төртінші азаматтың 30 жасқа толмағанын айтқан.

Ал АҚШ-та білім алған, ЕҚЫҰ-да «Халықаралық қауіпсіздік және саясат» мамандығының магистрі атанған, кейіннен Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы неміс қорында жұмыс істеген сарапшы Әлкей Марғұлан шетелге кеткісі келетін жастардың көбеюін заңды құбылысқа балайды. Оның ойынша, кез келген жастың ғылым-білім, спорт не мәдениет болсын өз мүмкіндігі мен өресін, қабілет-қарымын ашатын ортаға ұмтылуы табиғи заңдылық.

– Қазақстанда әлеуметтік лифт бар. Бірақ кемшіліктері де жеткілікті. Бұған мемлекеттік және жекеменшік институттардың жаңа-жаңа қалыптасып жатқаны себеп. Ал тамыр-танысты сүйреу мен көтермелеу басты кемшіліктің бірі, – дейді ол.

Статистика комитетінің соңғы дерегі бойынша, 2016 жылы Қазақстаннан шетелге көшкен азаматтардың саны 34 965-ке жеткен. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,4 пайызға көп. Мамандардың есептеуінше, елден кеткен әрбір төртінші азамат 30 жасқа толмаған.

Аян ҚАЛМҰРАТ,

"Жас Алаш" газеті