22 қар, 2018 сағат 06:24

Ұлы дала тарихына жаңа көзқарас

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Аталған мақалаға қатысты жастар қауымының да пікірлер легін топтастырған едік. Мархабат!

Жаңғырудың жаңа кезеңі

Елбасы мақаласын мұқият оқып шықтым. "Рухани жаңғыру II" ретінде қоғамға ұсынылған жалпыхалықтық жаңғыру идеясының мазмұны өте терең.

Өткен мақала тіл мен ғылым үйрену, латын әліпбиіне оралу, қазіргі күнгі мәдени жетістігімізді паш ету, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихындағы киелі нысандар мен есімдерді қастерлеуге бағыт алса, жаңа мақала көне ғасырларға ұзанған тарихымызды түгендеуге, қазылмаған мұраларды жарыққа шығарып, зерттелмеген архивтерді ашуға мүмкіндік береді.

Мақаладан айқын көрсетілгендей, қазақ даласындағы зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Көшпенді өркениетінің мыңжылдықтар мұрасын тірілтіп, рухын жандандыру бізге тек пайдасын беретіні ақиқат.

Түркияның құрушысы және ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік 1938 жылы қайтыс боларынан екі ай бұрын, 5 қыркүйекте Ыстамбұлда жатқан ауруханасына нотариус шақыртып, өсиет жаздырыпты. Өзіне тиесілі мүліктің үштен бірін бала-шаға, туған-туысына, үштен бірін «Түрік Тіл Мекемесіне» (Лингвистикалық Қоғам), қалған бір бөлігін «Түрік Тарих Қоғамына» қалдырыпты. Бұл екі мекемені де тіліміз бен тарихымызды түгендейік деп өзі бас болып құрған. Бұдан тіл мен тарихтың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін ойлаған Ататүрік даналығын көруге болады. Қазір түрік халқы осының жетістігін көріп отыр. Басқасын былай қойғанда тарихын 3000 жыл деп анық жаза алып жүр.

Елбасы мақаласы аясында халықтың қабырғасын бүтіндейтін бағдарламалар дүниеге келіп, іргеміз бекемделіп, қоғамымыз нығая түседі деп сенемін.

Нұрғали Нұртай,

"Tarlan" саяси сараптама порталының Бас редакторы

Рухани жаңғыру тарихымызды тегендеуден басталады

Өзім «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде жұмыс жасап жүргендіктен, мұқият көңіл қойып оқып шықтым.

Бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы тек тарихи мәселелер төңірегінде шиырлап қалды деген сыни ескертпелер айтылған. Яғни, рухани жаңғыру архаикаға айналмауы тиіс дегендер қатары аз болмады. Бұл бір есептен дұрыс шығар. Өйткені, жаңғырудың жаңа форматы жаһандық үдерістерді қатар алып жүруі тиіс.

Алайда, менің ойымша, тарихымызды түгендемей, жаңғыруға бағыт алу мүмкін емес. Сана жаңғыруы тарихтан басталуы қажет. Ал біз болсақ, тарихымызды толық танымай, әлі де нақты жүйелей алмай келеміз.

Тарихыңды білмей, болашағыңа бағдар алу қиын. Ал бүгінгі мақала тарихымызды түгендеп, саралауға жақсы мүмкіндік. Бастама жақсы, енді орындалуы дұрыс болсын деп сенейік.

Аян Тәжібай,

"Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің администраторы

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты бірер ой

Расында, «қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Алайда біз ұлы тарихымызды ұлықтай алмай, түпкі тамырымызға қазық байламай, жаһандану дәуірінің жалына жармастық. Бұл қатерлі сында халықтың қорғаны тарихи жады, асқақ рухы, берік болмысы екені анық. Тарихымызды толық түгендемей, нақты бағасын бермей ұлттық жаңғыруға қадам басу әсте мүмкін емес.

Қадыр ақынның «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» дегені бар-ды. Біз қазір сан ғасырлық тарихымызды толық жүйелеу кезеңіндеміз. Осы бір жауапты миссияны ертеңгі уақыт еншісіне қалдырмай, шынайы зерделеуіміз қажет. Әйтпесе, тарихи санасы қалыптаспаған, ұлттық иммунитеті әлсіз ұлттың жаһандану жалынына жұтылып кетері айтпаса да түсінікті.

Әбіш айтпақшы, озған тұстарымыздан өнеге тауып, опық жеген тұстарымыздан қорытынды шығарып, жан-жақты тағылым алмайынша, ұлттық санаға қол жеткізе алмаймыз.

Елбасы мақаласынан кейін қазақ тарихы жаңа сипат алып, көкжиегіміз кеңіп, оң бетбұрыстарға бастайды деген үміттеміз. Ең бастысы бастама көтерілді, енді оның іс жүзіндегі нәтижесі маңыздырақ болуы тиіс.

Мақаланың негізгі өзегі Ұлы дала өркениетінің әлем тарихындағы орнын айқындауға бағдар сілтеді. Алдағы жасалатын үлкен жұмыстар тарихи санамызды қайта түлетіп, шын мәніндегі «рухани жаңғыруға» бастарына сенеміз.

Шерхан Талап, 

Ult.kz порталының Бас редакторы