20 қаз, 2018 сағат 13:44

Жастар арасындағы жұмыссыздық мемлекетке қауіпті

Жұмыссыздық. Кедейлік пен қылмыстың қоздырғышы да сол. Әсіресе, жастар арасында. Негізі қазақ жастары білім алуға құштар. Бәрі дерлік жоғарғы оқу орнына түсіп, дипломды маман атанғысы келеді. Кейбіреулер «қазақ жастарының бәрі сот, прокурор, банкир немесе бизнесмен болғысы келеді» деп кекетеді. Несі бар, болсын. Армандауға, мақсат қоюға, соған ұмтылуға әркімнің қақы бар. Мәселе олардың осы құштарлығын, ұмтылысын дұрыс бағыттай алмайтын білім саласында. Мәселе, елге қай жерге, қандай маман керегін алдын ала жоспарлап, оларды жұмыспен қамти алмай отырған Үкіметте.

Қазақстан айналдырған 18 миллион халқы бар ел. Оның жартысынан азы ғана жұмыс істеуге қабілетті шығар. АҚШ-тың бір қаласының тұрғынынан да аз адамды жұмыспен қамти алмағаны ма? Егер миллион болсақ қайтер еді?

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше қарағандылықтармен кездесуінде осы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне ерекше тоқталды.

-Үкімет пен әкімдіктер Президенттің орта білім беруде диагностика жүйесін енгізу және неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарға балалардың кәсіби бағдарын айқындау туралы тапсырмасын орындауға тиіс. Кәсіби бағдар беру сабақтары бойынша міндетті оқу бағдарламасына енуі қажет, әсіресе мектептің жоғарғы сыныптарында кәсіп таңдау кезінде шешім қабылдауда балалардың болашақтағы өз мүмкіндіктерін зерделеуіне мүмкіндік беретін сабақтарды ендіру қажет. Бұл оқушылардың қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын, колледждерді, жоғарғы оқу орындарын бітірген соң жұмыс табудың мүмкіндіктері қандай болатынын анықтауына мүмкіндік береді. Бұл ерекше назар аударуды қажет етіп отырған жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне оң ықпал етер еді, - деді Сенат Төрағасы.

Әрине, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі жаһандық проблема. Әлемде мүлдем жұмыссыз 260 млн адамның 70 пайызынан астамы – 27 жасқа толмаған жастар екен. Олардың қатарына күніне 2 доллар ғана табатын 300 млн. адамды қосуға болады.

Осы деректерді айтқан Қ.Тоқаев «Жастардың жұмыссыз қалу мәселесін шешу Қазақстан үшін де стратегиялық маңызы бар міндет. Сенат Қазақстандағы жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесін тиісті заңдар қабылдау арқылы шешу жұмысына үлес қосуға әзір. Бұл жауапкершілігі өте үлкен міндет, себебі халқымыздың әл-ауқаты мен тұтастай мемлекетіміздің тыныс-тіршілігі осы мәселенің шешілуіне тікелей байланысты» ,-деді.

... Іссапардан соң үйге қайттым. Такси жүргізушісі жас жігіт екен. Екі дипломы бар. Бірақ жұмыссыз. «Танысым да жоқ, табысым да жоқ» дейді. Жүзінен мұң байқалады. Яғни, жоғарғы оқу орнына қабылдынатын студенттерді алдын ала қажеттігін зерттей отырып жоспарлау, жұмыс берушімен ЖОО арасында байланыс орнату, оқу бітірген түлектерді жұмысқа арнайы жолдамамен орналастырудан бөлек, жұмысқа қабылдаудағы тамыр-таныстық менталитеін де жою керек. Әр азамат – бір үйдің асыраушысы. Асыраушылар жұмыссыз қалмаса екен...

Әділбек Қаба