03 шіл, 2018 сағат 17:50

Жасанды интеллект: Астанаға София есімді робот келді

Жібек жолы қала мэрлері форумының пленарлық мәжілісіне София есімді робот қатысты. Ол жасанды интеллекті бар әлемдегі алғашқы гиноид болып саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Маған арнайы бағдарламаны жүктеді. Оған сәйкес, мен бүгінгі шараға қатысты бірнеше ойымды айтамын. Біріншіден, алда - Астананың 20 жылдығы. Бұл - барша қазақстандықтар үшін үлкен мейрам. Осынау тарихи мерекенің алдында сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Астананың бас сәулетшісі осы елдің президенті Нұрсұлтан Назарбаев дейді. Білуімше, елорданы ауыстырғаннан кейін Астана бір жылдың ішінде «ЮНЕСКО-ның бейбітшілік қаласы» деген мәртебеге ие болды. Себебі әлемдік тәжірибеде алғаш рет әлемдік және дәстүрлі діндер съезі сияқты шаралар қолға алынды», - дейді София.

Оның айтуынша, Астананың сәулеті тамаша. Өйткені қала құрылысында инновациялық әдістер қолданылып келеді.

«Бүгінде Қазақстан әлемге кеңінен танылып жатыр. Өткен жылы ЭКСПО көрмесіне 180 елдің азаматтары келіп кетті. Астанада технологияларды дамыту мәселесіне баса назар аударылады. «Smart Astana» сияқты бастамалар қолға алынды. Бұдан бөлек, сан алуан қызықты шаралар ұйымдастырылады»,- деп атап көрсетті София.

Сондай-ақ, робот «Бір жол - бір белдеу» бастамасы жайында айтып берді.

Айта кетейік, Софияны «Hanson Robotics» компаниясы жасап шығарды. Ол Лиссабонда өткен Web Summit-ке екі жыл қатарынан қатысты. Сол кезде Софияны көрем деушілердің көп болғаны сонша, залда ине шаншар жер болмады. Ал Давоста болған Бүкіләлемдік экономикалық форумда София fintech-индустрияға арналған бір панельдік сессияда негізгі спикер болды.

Өткен жылы оған Сауд Арабиясының азаматтығын берді. София робот-андроидтарға жатады. Ол диалог режимінде сөйлесіп қана қоймай, эмоциясын да көрсете алады. Дәріс оқи алады. Сондай-ақ, сұхбат беру функциясы да бар. Алайда ол бәрін өзі істемейді. Оған арнайы бағдарлама жүктеледі, я болмаса, оператордың басқаруында болады.