24 мау, 2019 сағат 06:07

Жасанды интеллект адамның тыныс алуына қарай сырқаттарын анықтай алады

Жасанды интеллект есту, көру қабілеттеріне ие. Бұған мысал ретінде адамның басқаруынсыз жүретін көліктер мен Алекса секілді электронды көмекшілерді атап өтуге болады. Мұндай артықшылықтарға енді иіс сезуге қасиеті де қосылмақ. Ғалымдар адамның тыныс алуынан түрлі ауруларды анықтай алатын жасанды интеллект жүйесін жетілдіруде.

Жануарлар мен өсімдіктер ауадағы көптеген заттардың иесін сезе алады. Алайда адам баласында иіс сезу қабілеті соншалықты дамымаған. Сол себепті, біз ауа арқылы тарайтын түрлі иістерден қаншама мәлімет білуге болатынын түсіне бермейміз. Жасанды интеллект бұл жағдайды өзгертуі мүмкін.

Әлемдік зертханалар ондаған жылдар бойы ауа құрамында үлесі өте аз заттарды анықтайтын газ хроматографиялық масс-спектрометрлерді қолданып келеді. Бұл құрылғы ауа құрамын сараптап, ұшпа органикалық қосылыстар деп аталатын мыңдаған түрлі молекуланы ажырата алады. Төменде келтірілген сурет адам тынысы сараптамасының шағын бір бөлігінің кескіні.

Әрбір шыңы – молекуланың бір фрагменті. Олардың құрылымы белгілі бір заттың болуын көрсетеді. Тіпті ең кіші шыңның маңызы зор болуы мүмкін. Тыныс алу кезінде болатын жүздеген ұшпа органикалық қосылыстарға қарай қатерлі ісіктің көптеген түрін ерте кезеңінде анықтауға болады. Сол себептен түрлі елдердің зертханалары газ хроматографиялық масс-спектрометрлерді медицинада қолдану тәжірибесін жүзеге асырып келеді. Ол адам ішіне енуді қажет етпейтін, ауыртпай әрі дер кезінде түрлі сырқаттарды анықтай алатын құралға айналуы мүмкін.  

Өкінішке орай, бұл іс ұзаққа созылуы мүмкін. Сарапшылар үлкен көлемді деректерді тексеріп, оны талдауы керек. Мамандар ұшпа органикалық қосылыстардың орасан зор саны мен деректердің күрделілігіне байланысты тыныстың бір үлгісін ғана сараптау үшін көп уақытын жұмсауы қажет. Сондай-ақ, қателесу адам баласына тән қасиет болғандықтан, химиялық қосылыстардың біреуін аңғармай әлде оларды шатастырып алуы да ықтимал.

Бұл істе жасанды интеллектің жәрдемі қандай?

Лафборо Университеті ғалымдарының бір тобы жасанды интеллектің ең озық технологияларын адам тыныс алуындағы химиялық қосылыстарды зерттеп, талдауға бейімдеу үстінде. Ми жұмысының үлгісімен істейтін математикалық модельдер «терең оқыту жүйелері» деп аталады. Ғалымдар түрлі иістерден қалатын іздерді оқи алатын осындай арнайы жүйелерді жасап шығарды.

Эдинбург қаласындағы онкология орталығының дәрігерлері, медбикелері, рентгенологтары мен медициналық физиктерінен құрылған бір топ қатерлі ісіктен емделіп жүргендердің тыныс үлгілерін жинаған. Осыдан кейін бұл үлгілерді химиктер және компьютер саласы мамандарының бөлек екі тобы сараптаған.

Химиктер бірқатар қосылыстарды анықтағаннан кейін, терең оқыту жүйелеріне арналған деректер шапшаң компьютерлерге енгізілді.  Есептеулерін жеделдету үшін графикалық процессорлар деп аталатын арнайы құрылғылар қолданылған. Олар бір мезгілде деректердің әртүрлі бөліктерін өңдей алады. Терең оқыту жүйелері тыныс үлгілерінің әрқайсысын талдап, белгілі бір заңдылықтарды анықтағанға дейін оларды зерттеп келді.

Алғашқы зерттеуде альдегидтер деп аталатын химиялық заттарды анықтауға баса көңіл бөлінді. Өзіне тән иісі бар альдегидтер қатты күйзелген және ауруға шалдыққан адамдарда жиі кездеседі.

Арнайы жабдықталған компьютерлер адам тыныс алуын бірнеше минут ішінде сараптай алады. Ал бұрын мамандар бұған бірнеше сағат жұмсайтын. Жасанды интеллект бұл жұмысты арзандатты, ал ең бастысы сараптама дәлдігі жақсарты. Ең қызығы, зерттеген тыныс алу үлгілері санының артуына байланысты осы ақылды жүйенің мүмкіндігі артып, уақыт өте сайын жетіліп келеді. Бұл әдістеме қандай да бір белгілі затпен шектелмейді. Терең оқыту жүйелерін өзге де ұшпа қосылыстарды анықтауға үйретіп, медицина, криминалистика, экология және басқа да түрлі салаларда кеңінен қолдануға болады.

Егер жасанды интеллект жүйесі ауруға тән белгілерді анықтай алса, бұл оның диагноз қоюға да мүмкіндігі бар екенін білдіреді. Бірақ бұл көп дау туғызуы мүмкін. Сол себептен, жасанды интеллекті ауа құрамында белгілі бір заттарды анықтайтын құрал ретінде қолданып, қорытынды жасау мен шешім қабылдауды адамдарға қалдырған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: theconversation.com