26 мам, 2018 сағат 15:30

"Жас жүрек жайып саусағын..."

Қара өлең – қазақтың қанына сіңген қасиет. Заманның түрлі ағымына ілесіп бара жатсақ та, өлеңімізді, өнерімізді ұмытпақ емеспіз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да қай қиырда жүрсек те, қай өнерді игерсек те тарихтан тамыр тартпауға болмайтынын, ұлттық санасыз, рухсыз ел болашағы болмайтынын айрықша атады. Елбасының бұл сөзін «Талғар политехникалық колледжі» әуел бастан-ақ қолдап, жүзеге асырып жатқандай. Заманауи мамандықтарды игерген колледж студенттерінің бір топ өлеңдерін оқып, айран-асыр қалдық. Қазақтың қара өлеңінде әрдайым рух бой көтерген. Ендеше, бүгінгі студент ертең де қара өлеңді жанына серік етер болса, ұлттық рухтың асқақтай түскені, айбынның артқаны.

 

Құлагер

(І.Жансүгіров рухына)


Қуырған кең даламның құба белін,

Өзіңсің өлеңдегі Құлагерім.

Дарыны дара туған Ілияс ата,

Мен сенің өнердегі мұрагерің.

 

«Алатаудай тұлғалы бүкіл еңсең,

Тұратын кіл бәйгені күтіп өңшең.

Қазақтың маңдайына өлең бітсе,

Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен».

 

Деп ақын Тұрсынзада жыр арнаған,

Жырымен ақтарыла сыр арнаған.

Өнеріңе, мәңгі өлмес өлеңіңе,

Сен секілді жасынан құмар балаң.

 

Бұл ісімді көпшілік мақұлдар да,

Қолдау керек қашан да ақындарға.

Рухыңа тағзым қып жыр арнадым,

Көтерсін абыройлы атыңды Алла.

 

Елін сүйген Елбасы

 

Елін сүйген, елі сүйген Елбасы,

Халқыменен бірге жүрген жолдасы.

Өзің барда уайымым да жоқ менің,

Елің үшін зау биікке самғашы.

 

Самайға ақ түскенше ел басқарып,

Келесіз сіз елмен бірге шаттанып.

Салауатты өмір салтын қолданып,

Келесіз ғой, жүрем соған мақтанып.

 

ЭКСПО да келді міне, қылып нұр,

Әлем біткен соған көзін тігіп тұр.

Абыроймен өткізем деп думанды,

Сол жақта жүр, білімді қыз, білікті ұл.

Шарапат ЕСМҰРАТ,

Компьютер құрылғыларын жөндеу технигі

мамандығының 3-курс студенті

 

Наурыз айы

 

Таңы атты наурыздың күлімдеген,

Бұлағы ақты таулардың гүрілдеген.

Оянамын таңертең күлімсіреп,

Бұлбұлдардың тамсанып үніменен.

 

Наурызда жер дүние құлпырады,

Көк қыраны тым биік ұмтылады.

Ақынның да шабыты көктем келсе,

Тасып-ақ, қаламұшқа жыр тұнады.

Дидар ОМАРҒАЗЫ,

Компьютер құрылғыларын жөндеу технигі

мамандығының 3-курс студенті

 

 

Қазақтың туы асқақтап...

 

Еркіндігім – ән-жырым,

Сенімен бір арманым.

Арқаладың бар жүгін,

Қазағымдай самғадың.

 

Қыран құсым жүр самғап,

Көк туымды көтеріп.

Жерімде көп мың саңлақ,

Жүр бойында от өріп.

 

Құламасын биіктен,

Көк байрағым асқақтап.

Қазақстан – сүйікті ел,

Тұрсын дәйім бастап бақ.

 

Өмір деген...

 

Өмір деген өте қымбат,

Өлшем емес сұлу-сымбат.

Адам өмірі ұзақ емес,

Өткен өмір қайта келмес.

 

Тіршілікте тырыспасаң,

Түзу жүріп, тік ұшпасаң,

Жете алмайсың мұратыңа,

Жетерсің тек дұрыстасаң.

 

Біреулерге бар заманда,

Біреулерге тар заманда,

Арманыңа шын жеткейсің,

Кеудеде от, бар жанарда.

Беглан ОМАРОВ,

ЭВМ операторы мамандығының

2-курс студенті

 

Мерекелік тілек

 

Кетті қысқы ызғар,

Еріп жатыр мұз да.

Мерекеңіз бүгін,

Құтты болсын, қыздар!

 

Бар менде бір жүрек,

Адамға адам – тірек.

Сіздерге айтар мынау,

Мерекелік тілек:

 

Аспан болсын ашық,

Дұшпан жүрсін қашық.

Алшы түссін асық,

Жолың болсын ашық.

 

***

Үлгі болған үлкенге де, жасқа да,

Сыйлар сізді туған-туыс, басқа да.

Ұстаз деген ұлы есімді ұлықтап,

Жырға қостым, жазып парақ, тасқа да.

 

Ізгіліктің нұрын шашар маңайға,

Адамсыз ғой үлгі болар талайға.

Жақсылықты өзіңізден көп көрген,

Ұмытпайды шәкіртіңіз қалай да.

Анар ҚОЖАЕВА,

Аспаздық мамандығының

2-курс студенті

 

 

Сыңғырлаған күлкісі боп әр үйдің...

 

Ғасырларды сөйлеткен,

Бабалардың тілі екен.

Ұрпағына аманат қып тапсырған,

Қасиетті тілім менің тірі екен.

 

Сыңғырлаған күлкісі боп әр үйдің,

Қуаныштың түр-түсі боп әр үйдің.

Сөйлеп тұрсың, ана тілім – баба тіл,

Тамырыңнан тектілікті танимын.

 

Тілім менің, жаным барда кеудемде,

Ғұмырымда басқа бақты тең көрмен.

Ана тілім, қасиетіңнен айналдым,

Мәңгі сенің қазығыңа байландым.

Бағдагүл ЯКУДА,

Аспаздық мамандығының

3-курс студенті

 

Студенттік өмірім

 

Міне, бүгін аяқ бастым студенттік өмірге,

Қуаныш мен шаттық шалқып көңілде.

Компьютердің құрылғысын жабдықтап,

Бір мамандық алып шығам түбінде.

 

Достарым да өте жақсы, керемет,

Досың жақсы болса басқа не керек?!

Үйренісіп кеттім қазір бұл маңға,

Асқақ арман тұр алдыға жетелеп.

 

Достарымның от-жалын бар көзінде,

Бәрі бірдей қуанышты сезімде.

Әрбірінің таланты бар тас жарар,

Жақсы жандар тұрады ылғи сөзінде.

 

Колледжде жақсы ару мен жігіт бар,

Орыс та бар, ұйғыр да бар, түрік бар.

Таныс емес болсақ-тағы бәріміз,

Қазағымда сәлем беру ғұрып бар.

Нұрбек ЕРҒАНАТ,

Техник-бағдарламашы тобының

1-курс студенті

 

Махамбет-Исатай

 

Қара қазан, сары бала қамы үшін,

Қазақ атты байтақ елдің тағы үшін.

Жанын қиды Махамбет пен Исатай,

Азаттық мәңгі сөнбес шамы үшін.

 

Ел жадында мәңгі қалар Махамбет,

Исатайды мақтан тұтам атам деп.

Жырлары оның өлтірмейді, өлмейді ол,

Әр күнменен арайланып атар тек.

 

Ұлт-азаттық көтерілісін бастаған,

Исатай мен Махамбетім – хас бабам.

Қазағымның жер қылмаған намысын,

Ерліктерің – шырқап айтап асқақ ән.

 

Қазақ мұңын бірге көріп, бөлістің,

Дәмін көрмей кетсең-дағы жеңістің.

Ел басына қатерлі күн туғанда,

Хан Жәңгірмен ерегесте тебістің.

 

Қасіреті қарығанмен қанша ішін,

Жыр тұлпарға басып соңғы қамшысын.

Келешекке сәлемім де өлеңге,

Сарқып құйды жүректің қан тамшысын.

 

Тасыған теңіз болып толатын,

Ашынғанда көзі оттай жанатын.

Ел қорғаған, батыр болған сол ақын,

Махамбет пен Исатайым болатын.

 

Гүлім АҚАНОВА,

Аспаздық мамандығының

1-курс студенті