12 ақп, 2020 сағат 12:08

Жас волонтер: Қолдан келсе жұртшылыққа көмек көрсетуге тырысқан абзал

«Қазақстанның медициналық волонтерлері» бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш Волонтерлер жылы көпке көмек қолын созып, мектеп оқушыларына алғашқы медициналық көмек бойынша сабақ өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

23 жастағы елордадағы Медициналық университетінің 7-ші курс студенті 5 жылдан бері волонтер. «Пайда ойлама, ар ойла» деген Абайдың нақылын келтірген Абылайхан қоғамның дамуына үлес қосуды мақсат тұтатынын айтады.

«Әр адамның өмірде мақсаты болуы керек. Қолыңыздан келсе айналаға көмек көрсетуге тырысқан абзал. Егер қоғамдағы қызметтің бәрі ақылы болып кетсе, адами құндылықтар екінші орынға ысырыла ма деп қорқам. Білетінімізді өзімізден кейінгі буынға үйретіп жүрсек, адал еңбек етсек, біз өз арымызды таза ұстай аламыз деген ойдамын», - деді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен Абылайхан Әбдірәш елордада «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатынан кейін.

Жас студент өзін ерікті емес, волонтер деп атауды жөн көреді екен.

«Өкінішке қарай, біздің қоғамда ерікті дегенді «еріккен» сөзімен байланыстыра ұғатын да, айтып жүргендер де бар. Волонтерлер жылында бүгін фронт-кеңсемізді ашып отырмыз. Одан бөлек қазіргі таңда әртүрлі волонтерлік ұйымдарға кіші гранттар бөлініп жатыр. Бүкіл Қазақстан бойынша 300 мың теңге көлемінде 68 грант бөлінеді. Сол гранттарды әртүрлі волонтерлер өз саласына пайдалана алады. Мысалы медицина волонтерлеріне не қажет? Бізге әртүрлі алғашқы көмектің қобдишасынан бастап танометрге дейін қажет. Біз сондай керекті заттарды сатып алып, халыққа көмектесіп, үлкен пайдамызды тигізе аламыз», - дейді ол.

Абылайхан Әбдірәш жолға қойылған студенттік кредит жобасын пайдаға жаратпақ.

«Яғни мен белгілі бір вакансия ашып, бір мектепке барып алғашқы медициналық көмекті сабақ ретінде өткізе аламын. Ол бағдарлама 20 немесе 50 сағаттық болуы мүмкін. Маған волонтерлер келіп, бірге жұмыс істеуге ниет білдірсе, мен оны қабылдап алып, ол менімен бірге әртүрлі мектепте волонтерлік қызметін жүргізе алады. Серіктесімнің тиісінше шәкіртақысына қосып ақша төлеуге болады. Бір волонтер жылына 70 сағаттық студенттік кредитін өтей алады. Меніңше, елімізде волонтерлер көп. Тіпті олар өздерінің волонтер екенін білмеуі де мүмкін. Себебі біз қазақ деген бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұратын, асарлатып үлкен іс тындыратын халықпыз», - дейді ол.

Айта кетсек, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.