29 сәу, 2019 сағат 10:09

Жас ғалымдардың республикалық ғылыми конференциясы өтті

25-26 сәуір күндері Алматы технологиялық университетінде  «JasStar» жобасының аясында Жастар жылына арналған «ҒЫЛЫМ. БІЛІМ» жас ғалымдарының республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференцияға студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар мен жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары мен түрлі саланың мамандары қатысты.

Шараның пленарлық мәжілісінде кіріспе сөз сөйлеген АТУ ғылым және инновация жөніндегі проректоры, профессор Бердан Рскелдиев Алматы технологиялық университеті студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен көңіл бөлетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол : "Университеттің жас ғалымдары халықаралық және республикалық байқауларға белсенді қатысады. Олардың ішінде: "Үздік инновациялық жоба", республикалық "NURINTECH" және жыл сайынғы "START-UP ATU" инновациялық жобалар байқауы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының "Ғылым мен техника саласындағы үздік зерттеулері мен жетістіктері үшін"байқауы, "Студенттік стипендиялар байқауы" қоры мен "Эндаумет АТУ" корпоративтік қорының грантына жыл сайынғы старт-ап жобалар байқаулары бар", - деп атап өтті ол.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Ғылыми кеңестің мүшесі Ғани Абадан "Стартап үшін бос орынды қалай табу керек?", "Kuka Russia" (Ресей) коммерциялық директоры Петр Смоленцев - "Роботтарды өнеркәсіптің түрлі салаларында қолдану. 4.0 Индустрия форматында болашақ өндіріс қалай көрініс табады?", АТУ магистранты Нұржан Жұмахан - "Ғылым және жастар" тақырыптары бойынша баяндама жасады.

Жас ғалымдар бұл шарада тамақ және жеңіл өнеркәсіптің заманауи технологиялары, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі химиялық, биологиялық және биотехнологиялық аспектілер, бақылаудың заманауи әдістері, тамақ өнімдері өндірісін ақпараттық және техникалық қамтамасыз ету, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салалары үшін кадрлар даярлаудағы білім беру инновациялары, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, туризм индустриясы, туризм кәсіпорындарының менеджмент әдістерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Байқау қорытындысы бойынша жас ғалымдардың ерекше жобалары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал "Startap ATU 2019" байқауының жеңімпаздары өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін ақшалай сертификаттармен марапатталды.