09 қаз, 2017 сағат 06:27

Жарма ауданында Мұхтар Әуезовтің ескерткіші ашылды

Жарма ауданының Әуезов кентінде қазақтың ұлы классик жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері М.О.Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына арналған «М.О.Әуезов және рухани жаңғыру» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында жазушыға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Аталған шараға жазушының ұлы, мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов қатысты. Мұрат Әуезов өз сөзінде аудан әкімі Н.Сыдықовқа, кент тұрғындарына және мүсінші Нұрбол Қаливке алғыс айтып, - "Бұл ескерткіш республика көлеміндегі барлық М.О.Əуезов ескерткіштерінің ішіндегі ең әдемісі, әкемнің бейнесіне ең жақыны" - деп ерекше тебіреніспен айтып өтті. 

М.О.Әуезовтің ескерткіші кенттің орталығында орналасқан. Жазушының бейнесінен айнытпай құйылған ескеркішке барлығы 7 млн. теңге қаражат жұмсалды. 


Аудан басшысы Н.Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, өз сөзінде Ресейде жұмыс жүргізіп отырған «Югантрансстрой» фирмасының басшысы, меценат, шараның демеушісі Қалиев Оразхан Амантайұлына алғыс айтып, салтанатты түрде Жарма ауданынын Құрметті азаматы атағын табыс етті. Жарма ауданының тумасы Оразхан Қалиев бұған дейін өз қаражатына кент ішіне жаңа мешіт тұрғызып, Ұлы Отан Соғысының 70 жылдығына орай монумен орнатқан болатын.
Шараның салтанатты бөлімінен соң келген қонақтар мен тұрғындар ескерткіш төріне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. 

Бағдарламаға сәйкес Жарма аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары жиылған қауымға мерекелік концерттерін ұсынды. 


Сонымен қатар «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің өндіріс нысандарына экскурсия ұйымдастырылып, аталған кәсіпорынның бас директоры Юорий Борисович Овчинников келген қонақтарды «Қызыл» жобасының және фабрика құрылысының жүзеге асырылу жұмыстарымен таныстырды. Бұдан соң қонақтар карьерде болып қайтты.