27 ақп, 2017 сағат 09:58

Жапония Қазақстан білім және медицина мекемелеріне қайтарымсыз 82 млн. теңге бөлді

Қазақстанның 6 білім және медицина мекемесі Жапония үкіметінің «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында 261942 мың доллар қайтарымсыз көмек алады. Мұндай гранттық көмек келісімшартына бүгін елордада Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро  Кавабата мен аталған мекеме басшылары қол қойды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«2016 қаржы жылының қорытындысы бойынша Жапония Үкіметінің «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік жобаларға арналған қайтарымсыз көмек бағдарламасымен 6 жобаның гранттық келісімшартына қол қою рәсіміне қош келдіңіздер! Қол қою үшін Астанаға шалғайдан келген қаржылай көмек алушыларды көргеніме қуаныштымын. «Шөп тамыры» жобасы - Жапония Үкіметі жүзеге асыратын бағдарлама. Басты мақсаты -   Үкіметтік емес ұйымдар сынды қаржылық  емес ұйымдарға, медициналық және білім беру мекемелеріне қолдау көрсету арқылы халықтың аз қамтылған санаттарының өмірін жақсарту. 1997-2016 жылдары аралығында 19 жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама аясында елдің түрлі өңірлерінде жалпы сомасы 5 млн. 769 мың доллардың 79 жобасы қаржыландырылды», - деді шара барысында Итиро Кавабата.

Сонымен қатар, Елші бүгін қол қойылған 6 жобаға да кеңінен тоқталып өтті.

«Қызылорда облыстық түберкулезге қарсы санаторийін медициналық жабдықтау жобасы аясында 14  медициналық құрал-жабдық сатып алынады. Жамбыл облысының Талас аудандық орталық ауруханасын да техникалармен мен құрал-жабдықтармен жабдықтау жүргізіледі.  Ал Талдықорған қаласындағы мүгедектерді  спорттық оңалту орталығына 17 жаттығу құрылғыларын алу көзделуде. Ал соңғы үш жоба мектептерді жөндеуге арналған. Нәтижесінде білім ордаларының ескі терезелері ауыстырылып, Семей қаласындағы №18 мектебі, Семей қаласы маңындағы жалпы білім беретін мектебі және СҚО Жітіқара ауданының №1 орта мектебі оқушыларына сапалы білім алуға жағдай жасалады», - деді ол.

Айта кетейік, Жапония Үкіметі бөліп отырған гранттық көмектің 10905 доллары Қызылорда облыстық түберкулезге қарсы санаторийіне, 41093 доллары Жамбыл облысының Талас аудандық орталық ауруханасына, 82818 доллары Талдықорған қаласындағы мүгедектерді  спорттық оңалту орталығына, 65053 доллары Семей қаласындағы №18, 37120 доллары Семей қаласы маңындағы жалпы білім беретін мектепке және 27793  доллары СҚО Жітіқара ауданының №1 орта мектебіне берілді.