25 шіл, 2019 сағат 10:20

Жапон ісмерлері Токио Олимпиадасына арнап ерекше кимоно тікті

Фукуока префектурасындағы кимоно тігу мен сату компаниясының президенті Йошимаса Такакура 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының қарсаңында керемет жоба ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

50 жастағы Такакура Жапония астанасында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы елдерді таныстыратын дизайны ерекше кимоно тігу идеясын ұсынды.

«Мен қатысушы елдердің делегация басшылары Токиодағы Олимпиаданың ашылу салтанатында кимоно киіп, ұлттар шеруінде жүріп өткенін көргім келеді», - дейді Такакура.

Жоба 2014 жылы іске қосылған. Жапон шеберлерінің қолынан шыққан киімдер соңғы жылдары Токиодағы және АҚШ-тағы сән көрсетілімдеріне қатысты. Жобаны 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қарсы аяқтап, қатысушы елдерге 206 кимоно тігу үшін Такакура ғаламтордан әртүрлі платформаларды және ниет білдірушілерден қайырымдылық қаржысын жинау үшін барлық дереккөздерді пайдаланады.

Суреттер мен өрнектерді таңдаумен айналысатын топ кимононың матасы арқылы мемлекетті таныстыру үшін әр елдің мәдениетін, климатын және табиғи сұлулығын жан-жақты зерттейді.

Мысалы, Қазақстанды таныстыратын матаның дизайнын 2016 жылы Кумико Мачида жасаған. Орталық Азияның кең байтақ даласында шауып бара жатқан аттың бейнесі - Қазақстанның қайсарлығының символы іспеттес. Сол жақтағы жоғарыда орналасқан дөңгелек күн табиғатымыздың байлығын көрсетеді. Сондай-ақ, кимонода Қазақстанның кең байтақ даласы, өткен Astana Expo-2017 көрмесінің символы – жел диірмен көрсетілген.

Такакураның айтуынша, жапон мәдениеті өзге елдердің мәдениетін құрметтейді. Ол 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары Токиода өтетіні белгілі болған соң кимоно арқылы ойындарға өз үлесін қосу үшін аталмыш жобаны іске асыру жөнінде шешім қабылдаған.