17 жел, 2018 сағат 22:17

Жансая Мусина - «Алтын домбыра» иегері!

Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына және Тәуелсіздік күні мерекесіне орай VII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті.

Биыл 7-ші рет өткен «Алтын домбыра» айтысына жыл бойы өткен додалардың жеңімпаздары қатысты. Яғни, жыл бойы өткен жыр сайыстарында жеңімпаз атанған 20 ақын қорытынды айтыста бақ сынады. Атап айтсақ, Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Мақсат Ақанов, Болатбек Оразбаев, Дидар Қамиев, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Нұрмат Мансұров, Шалқарбай Ізбасаров, Қазірет Бердіхан, Сырым Әділбек, Серік Қуанған секілді жыр жүйріктері «Алтын домбыра» иегерін өзара анықтады.

Бірінші күнгі айтыста 10 жұп сөз сайысына түсіп, үздік шыққандары финалға жолдама алды. Ақтық сында алты жұп сахнаға көтеріліп, айтыс жеңімпаздары анықталды.

Сонымен, екі күнге созылған жыр додасының Бас жүлдесін батысқазақстандық Жансая Мусина жеңіп алып, «Алтын домбыра» иегері атанды.

Бірінші орынға қарағандылық Дидар Қамиев ие болса, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров (Түркістан) пен Мейірбек Сұлтанхан (Шиелі) еншіледі. Ал, Ринат Заитов (Аягөз), Рүстем Қайыртайұлы (Семей), Мақсат Ақанов (Қарағанды) үшінші орынды өзара бөлісті.

Сондай-ақ, ақын Төлеген Жаманов «ТасКредит» компаниясы басшысының арнайы степендиясына ие болса, ақын Болатбек Оразбаевқа Асанәлі Әшімовтың арнайы жүлдесі бұйырды.  Және де Қазірет Бердіхан, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязовтар да арнайы жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, бірқатар айтыс ақыны "Мәдениет саласының үздігі" атанды. Ақындарды төсбелгімен ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы марапаттады. Атап айтсақ, Ахметжан Өзбеков, Жансая Мусина, Айбек Қалиев, Бақыт Құтпанов, Бауыржан Халиолла, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Рүстем Қайыртайұлы, Мейірбек Сұлтанхан арнайы марапатқа ие болды.