08 сәу, 2020 сағат 12:03

Жаңаөзенде коронавирус жұққан бір адам анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуірде Маңғыстау облысында - бір, Атырау облысында төрт адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. 

Ресми мәлімет бойынша, Маңғыстау облысында 1974 жылғы Жаңаөзен тұрғынынан вирус табылған. Пневмония белгілері байқалған науқас 7 сәуірде дәрігерге көрінген. Инфекциялық ауруханаға жатқызылып, анализ алынған. Вирус жұққаны анықталған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігер-мамандар (инфекционист, реаниматолог, терапевт) материалдық-техникалық және жеке қорғаныш құралдарымен толыққанды қамтылған.

Қазір инфекция анықталған ошаққа және оның аумағына дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Байланыста болғандар санын анықтау бойынша эпидемиологиялық тексерістер мен іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Науқастың қайда жұмыс істегені, кімдермен байланыста болғаны зерделенуде.

Атырау облысында Теңіз кенішінде вахталық поселокта істейтін 1970 жылғы әйелден вирус табылған. Ол "Теңізшевройлға" қарасты мердігер компаниялардың бірінде жұмыс істеген. Ватернас жұмысшылар поселкасында тұрған. Қазір инфекциялық изоляторға жатқызылған.

Ресми органдар "коронавирус "Теңізшевройл" компаниясының жұмысына әсер етпейді деп мәлімдеді. Ақпарат бойынша, компания "қызметкерлерін вирустан қорғау қорғану шараларын ұйымдастырған". 

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 709 науқас бар. 7 адам коронавирустан қайтыс болған. 51 адам жазылған. Маңғыстау облысында - 6, Атырау облысында 36 адамға вирус жұққан.